• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 09:41:13
Алматы
+12°

03 Маусым, 2019 Барлық аймақтар

Жетістік құпиялары: "жалғыз көзді" кітап парақтары қалай сөйлейді?

"Арман – сенің болaшағыңның трейлері. Егер сен әрекет адамы болсаң ғана оны толық тамашалай аласың".

 

Дмитрий Портнягин жазған "Трансформатор. Өз кәсібіңді құру және қаражат табу жолдары" еңбегі туралы сөз қозғамақпыз. Кәсіпкерлік бағытындағы кітаптарға шолу материал жасау дәстүрімізді әрі қарай жалғамақпыз. Ендеше, әрі қарай оқыңыз.

Дмитрий Портнягин өте кедей отбасында өсіп, өмірдің түрлі кедергілерін  бастан кешірген. Ол кішкене күнінен өзіне жетістікке жетуді алдыңғы қатардағы негізгі мақсаты ретінде қалыптастырған.

Автордың "Трансформатор. Өз кәсібіңді құру және қаражат табу жолдары" атты кітабында үлкен кәсіпті ешқандай аға-көкесіз, көлемді капиталсыз құру жолдары және оны уақыт тезінде белгілі бір дәрежеде дамытып отыру әдістері кеңінен талқыланып отырады.

Бұл еңбекте кәсіп жолындағы үлкен жетістік шыңын бағындырудың негізгі 35 ережесі айтылады. Сондай-ақ, автор тек қана әдіс-тәсіл, ережелерді ғана емес, өзінің жеке бастан кешірген сезімдерін, психологиялық қиындықты қалай жеңгенін әңгімелеп береді.

Кітаптағы айтылған кеңестерге құлақ ассаңыз, сіздің де жеке құндылықтарды, кәсіпті дамытуға деген құлшынысыңыз артары сөзсіз.

Енді кітапта жазылған негізгі тәмсілдердің түйінін тарқатуға тырысып көрелік.

"Өмірде кез-келген бағыт бойынша даму үшін жаңа адамдармен қарым-қатынас орнатып, олардан өзіңе қажетті білім мен тәжірибені ала білу керек".

Қазақта "Бір адамды тану – бір кітап оқығанмен тең" деген аталы сөз бар. Дмитрий Портнягин де осы тәпсірді меңзеп отыр.

Адамдар бір-бірін әрқашан толықтырып отырады. Кейде бұл үдерісті өзіміз де байқамаймыз. Бірақ осы әрекетті мақсатты түрде, саралап жасап отырсаңыз, келер пайда молаяры анық.

Кез-келген кәсіпті бастау үшін сол салада тәжірибесі бар ортада немесе сондай тәжірибелі адаммен бірге біршама уақыт сынақтан өту керек. Өйткені, адамның теориялық білімі тәжірибеде сыналу үшін білікті өмірлік ұстаз қажет болары сөзсіз. Осы секілді әдепті, мәдениетті, тілді адамдармен араласу арқылы жедел меңгеруге болады.

"Егер сенің алдыңда табысы сенен гөрі жоғары адам тұрса, оны үндемей ғана тыңдаған жөн".

Адамдарды жетістік бойынша саралайтын болсақ, бұл ретте жас мөлшері ешқандай маңызды орын ойнамайды. Бұл жерде адамның өмірлік жолы мен жиған тәжірибесі ғана басымдық алмақ.

Дмитрий Портнягин жоғарыдағы пікірінде тәжірибесі бар адамды өзіңнен жоғары санап отыру арқылы сол биікке қарай талпыныудың пайдалы екенін жеткізеді.

Кейде кәсіпкерлер бәсекелестерін немесе өздерінен биіктеу үзеңгілестерін іштей мойындап қойғанымен, оны бәсекелес санай береді және оған, оның кеңестеріне ешқашан құлақ аспайды. Содан кейін ол және оның кәсібінің алға қарай жылжи қоюы екіталай.

"Сен қай жаста болсаң да, адамдар саған әрқашан өз әсерін тигізіп отырады. Олар жоғары тартуы мүкін немесе керісінше".

Адамдардың бірін-бірі толықтырып отыратыны туралы жоғарыда айтып өттік. Бұл пікір де сол қоғамдағы адамдардың ортасына қатысты.

Адам араласатын, пікір алмасатын, мерекелерді, қиындықтарды бірге өткізетін ортасына қарай бейімделеді. Кейін әркім сол ортаға өзінің бар құндылығын, адами активтерін салады. Бұл – еріксіз жүзеге асатын үдеріс.

Демек, орта қалыптасқанда, оған әрқашан мән беріп отыру керек. Айналадағы үзеңгілестеріңнің дәрежесі сені анықтайтынын ұмытпау керек. "Алма ағаштан алысқа құламайды" деген сөз бекерге айтылмаған болса керек, сірә.

Адами активтері қымбатырақ бағаланатын орта қалыптасса, сенің де кәсіп әлемінде, жалпы өмірде бағындырар белесің, алар орның биіктеу болмақ.

"Саған қызықсыз және түсініксіз болса да, кез-келген жұмыстан бас тартпауға тырыс".

Адам мүмкіншілігі шексіз. Кез-келген адам кез-келген қызметті атқарып кетуге қауқарлы. Тек өзінің ішкі "менін" осы жігеріне сендіре білсе болғаны.

Қазіргі уақытта адамдардың көпшілігі қателесуден, артық қадам жасап қоюдан қорқады. Осы қорқыныш сезімі, үрей басым болса, ол өзінің барлық мүмкіндігіне автоматты түрде бөгет қойып тастайды.

Сондықтан, еш дүниеден қорықпай тәуекелге салып отырған жөн. Ол бағыттан көл-көсір пайда таппай, қателессең де, бұл қателік саған өмірлік тәжірибе болып қатталатынын ескерген абзал.

"Негізінде, жетістікке жеткен адамдар белгісіз зонада қорқынышын тәуекелге жеңдіруге қауқары жете білгендердің қатарынан".

Кімнің де болса өзінің ішкі қорқынышы болады. Сол үрей адамды әрқашан мүмкіндіктерді пайдаланудан тежеп отырады.

Міне, жетістікке жеткен адамдар – өз қорқынышынан аттап өтіп, мүмкіндігін дер шағында және өз пайдасына қолдана білген адамдар.

Демек, әрқашан мүмкіндіктерді уақытында пайдалана білген жөн. Ал мүмкіндік күн сайын кездесіп отырады. Сол уақытты түйсікпен сезініп, мақсатты түрде шешім қабылдап, сол мақсатты әрекетке айналдырсаң, міндетті түрде нәтиже береді.

"Ішкі тынышсыздық – қазіргі уақыттағы менде бар нәрселерге деген көңілі толмаушылық. Ол маған тыныштық бермейді".

Адам қашан өзіне көңілі толады, сол уақытта дамуын тоқтатады. Бұл уақыт шеңберінде дәлелденген тәпсірлердің бірі. Сондықтан, жаңа белестерді бағындырған сайын өзіңе жаңартылған мақсат қойып отыру керек.

Бұл үдерісті қанағатсыздық деп атауға да келмейді. Өйткені, адам өмірде мүмкін дүниелердің барлығына қол жеткізуге ұмтылады. Ал бұл ойы жүзеге асу үшін бір орында тоқтап қалмау қажет.

Автор адамның және жеке өзінің осы қасиетін жеткізіп отыр.

"Сенің мақсаттарыңның орындалуына кедергі болатын дүниелердің барлығын таста".

Адамның жеке қасиеттері ес кіре бастағанда қалыптасу үдерісінен өтеді. Сол уақытта дамуға кереғар келетін жағымсыз әрекеттер бойға жабысып, бірге өсуі мүмкін. бірақ бұдан уақытында арылу шарт.

Мысалы, көп адамдар өзінің жалқаулығымен күресуге тырыспай жатады. Ал жалқаулық – даму жолында бөгет болатын негізгі кедергілердің бірі.

Сондықтан, қажетсіз қасиеттерден бойды адақтап тастаған абзал деп білеміз.

"Кәсіпкерлер мақсат қойғанда материалдық құндылықтарға көп мән беруі тиіс. Ал материалдық құндылықтар ақша тұрады. Ақша табу – кәсіпкердің негізгі мүдделерінің бірі".

"Өзіңнің біліміңді әрқашан екшеп отыр және дамытуға тырыс. Мейлі онлайн, оффлайн, мейлі кітаптан немесе бизнес-мектептерден бірдеңе үйреніп қаларсың".

"Арман – сенің болшағыңның трейлері. Егер сен әрекет адамы болсаң ғана оны толық тамашалай аласың".

Автор: Жұлдыз Мұқанова

Author

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір