• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Қараша, 04:46:08
Алматы
+12°

03 Маусым, 2019 Дәстүр

Мұхамеджан Тазабек: Біз ақсақалы жоқ жетім қоғамбыз

Биылғы жыл елімізде "Жастар жылы" болып жарияланғаннан кейін, белсенді жастардың қатары көбейіп келеді. Қуанарлық жағдай болғанмен, кемшін тұстары да жоқ емес.

Жастар - жаңалыққа құштар ғой. Сондықтан да болар, әлеуметтік желі, интернеттегі жаңалықтардың бәрін жүрегін ашып қабылдап жатыр. Пранк, вайнер, әзілкештер, поп-мәдениет отбасы құндылығына шақырып жатқан жоқ. Жастық қуатыңды ойна да күлге сарқа пайдалан деп насихаттауда. Ойла да біл деп жатқан жоқ. Бір мысал айтайын. “Гауһартас” деген әйгілі ән бар. Сонда «Ажарың ашық екен атқан таңдай. Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай. Анаңнан сені туған айналайын. Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай» дейді. Былай қарасаң, қыз балаға қатысты айтылып тұрған, махабаттың тамшысындай, мөлдіреп тұрған ән. Бірақ бір деталь - кешегі өткен текті, намысты бабаларымыз қызға сезімін жеткізген кезде оны әке-шешесінен бөліп қарастырмаған. Қараңыз, “анаңнан сені туған айналайын” дейді. Қыздың тегін мақтап, тәрбие берген ата-анасын құрметтеп, қыздың отбасылық құндылығын бірге қарастыруда. Сол кездегі елге еге болатын, тізгінді ұстайтын, бала-шағасына, әйеліне тәрбие беретін, болашақ әке болатын жігіттің сенімі мен көзқарасы осылай еді.

Тіпті күні кеше – екі мыңыншы жылдары хит болған “Көршінің қызы” естеріңізде ме? Бекжан Әшірбаев досымның әйгілі әнінде “Көршінің қызы керемет еді, Әкесі де оның жақсы адам” демей ме? Яғни, Бекжанның дәстүрінен ажырамаған, Мақтаарал, Мырзашөл секілді құйқалы ортада өскен, қазақылығы кешегі бабалармен жалғасып жатқан жігіт екенін туындысынан-ақ аңғарсақ болады. Әйтпесе, айтыскер ақын Бекжан Әшірбаев басқа ұйқас таппай қалған жоқ қой. Әрі әннің кең тарап, көңілімізден орын алуының өзінде де бір гәп бар - генімізде онсыз да бар, бірақ үш жүз жыл отарлық идеологиядан кейін қалғып кеткен адамның қадірін білу, кісіні бағалау құндылықтарын қозғап, жүрегіміздегі рухани жадты түртіп тұр. Ал қазір жігіттер әлеуметтік желіде, клубта, түрлі басқосу кештерінде қыздың осындай қасиеттеріне мән бере ме? Ол қандай тектен шықты, тәрбесі қандай, әлеуметтік мәселесі, көзқарасы дегеннің бәрі ұмыт қалып қояды. Сөйтіп үйленеді. Ал ондай жігіт отбасылық құндылыққа толы жауапкершілікті мойнына жүктеуге дайын емес. Қыз бала ана болуға дайын емес. Содан қазақ даласында жас отбасылардың ажырасуы үштен бірге жетті. Бұл – өте өзекті мәселе.


Отбасылық құндылықты жүйелі насихаттау Жастар жылында ең үлкен қажетті дүние. Қомақты қаржы табу, елдің қамын ойлаудан бұрын, отбасының тізгінін ұстай білуге дайынмын ба дейтін бір қам-қарекет аса қажет қазір. Стив Джобстың сөзі оған керемет дәлел ғой. «Менің бүкіл өмірімнің мәні – дүние табу, елді таң қалдыру болды» дейді. «Иә, елді таң қалдырдым, иә мен миллиардер болдым. Бірақ менің отбасылық құндылығым қайда? Қайда менің туысым мен туғандарына жұмсалмаған алтын уақыттарым» дейді емес пе?!


Біз неден кенде болып жатқан қоғамбыз? Біз тұлғаға кенде болып жатырмыз. Ақсақалы жоқ жетім қоғамбыз. Біз қызға қырық үйден тыйым салатын, келінге ыммен-ақ түсіндіретін ақ жаулықты әжеге мұқтажбыз. Қыз кезінде керемет келіншек болуды ойламаса, келіншек болған кезде әже болып, қартаюды ойламаса, қазына қария аспаннан жаумайды ғой. Жақсы келіншек болатын адам қыз кезінен соған ыңғайланады. Әкесіне еркелеп өскен қыз өскенде қылықты келін болады. Күйеуінің отбасына береке кіргізеді. Ұл жауапкершілікті сезінсе, қыз болашақ ана екенін сезініп өссе, одан қайраткер де шығады, кәсіпкер де шығады. Ұлтқа сөз келтірмейтін тұлғалар шығады. Жастарға ұлттық құндылық бәрін береді.

Мұхамеджан Тазабек

«Facebook» әлеуметтік желісінен алынды

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір