• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:35:35
+12°

06 Маусым, 2019 Саясат

Қара киім, қара бетперде. "Полицейлер бұзақы боп кеткен бе?"

Алматыда танымал журналист, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызына қастандық жасалды.

Бүгін, яғни, 5 маусым күні Алматыда танымал журналист, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызына қастандық жасалды. Нақтырақ айтсақ, ай мен күннің аманында Алматыдағы құзырлы органдардың бірі саналатын - Наурызбай аудандық ІІБ ғимараты маңында белгісіз бір топ әйел ІІБ-нан шыққан журналисті аяусыз соққының астына алған. Әбілдаханқызының айтуынша, денесінен ұрып, шашынан жұлған. Ол ауыр соққының салдарынан Алматыдағы  №7 ауруханаға жеткізілді.

Бір күнде төрт шақырту

Әңгімені әріден тарқатсақ. Күні кеше, яғни, 4 маусымда Сәуле Әбілдаханқызы Facebook парақшасында үйіне бір күнде төрт рет полиция қызметкерлері келгенін және үстінен өзіне таныс емес адамдардан бірнеше арыз түскенін жазған.  Полиция қызметкерлері келген сәтті тікелей эфирге түсіріп, желі қолданушыларымен бөліскен ол өзінің үстінен бірнеше арыздың түсуін қоғамдағы белсенділігімен һәм саяси көзқарасымен байланыстырды.

Бұл іске полицейлердің қандай қатысы бар?

Ал 5 маусымда белсендіні Наурызбай аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері ертеңгі сағат 10-дар шамасында үйінен әкетіп, аталған ауданның ішкі істер бөліміне жеткізген. Ол жерде Ұлжалғас Сатқынбаева есімді азаматшаның арызы бойынша Сәуле Әбілдаханқызын үш сағат бойы тергеп, үйіне босатады. Бірақ, бірақ...

Әбілдаханқызын қолдауға барған көп балалы аналардың бірі: "Міне, осы жерден полейцейлердің "құйтырқы" әрекеттері басталды. Құзырлы органда қызмет қылып жүрген "погонды кісілерді" кінәлаудан аулақпын. Дейтұрғанмен, істеген істеріне қарағанда, арттары таза емес-ау, бұлардың! Біріншіден, Сәулені полицейлер алғашқы кірген есіктен емес, бөлімшенің басқа есігінен сыртқа шығарған. Неге? Себебі кіргізген есіктің алдында біз (көп балалы аналар, БАҚ өкілдері және тағы да басқа қолдауға келген адамдар) күтіп тұрдық. Екіншіден, бізге Наурызбай полейцейлері "Алмалы аудандық ІІБ-на барыңыздар, Сәуле Әбілдаханқызын сол жаққа алып кетті" деген жалған ақпарат берді", - дейді.

Полицейлердің "күдікті әрекеті" бұл ғана емес. Мәселен, Әбілдаханқызының айтуына қарағанда, полицелер бөлімше есігінен шығарған соң өзі мүлдем танымайтын бірнеше әйел  "біз сені қолдауға келдік" деп жақындай бергенде,  жабылып соққыға жыққан. Ал Әбілдаханқызына  бөлімшеге шақырту алып келген полицейлердің қасында болған "қара киім, қара бетперделі ер азамат" бұл жағдайды бастан-аяқ видеоға түсіріп тұрған.

Полицейлердің қасында жүрген қара бетперделі адам

Сонда құзырлы орган өкілдернің қасында жүрген бұл бейтаныс кісі кім? Полицей ме? Егер солай болса, алматылық полийцейлер қашаннан бері төбелесті бақылап тұратын болған? Қазақстанның бас полицейі Ерлан Тұрғынбаев мырза да, оның өкілдері де бұл сұрақтарға әлі жауап бере қоймады. Десе де, журналисті соққының астына алып, жазықсыздан жазықсыз жапа шектірген бұл іске ҚР ІІМ жуық арада жауап береді деген ойдамыз. 

Сәуле Әбілдаханқызы түскен №7 аурухананың бас дәрігері Қуаныш Жанболат Азаттық Радиосының тілшісіне Әбілдаханқызының денесінде тырналған жерлер барын айтыпты.

"Қолдары, денесі тырналған. Оның бәрін жазып береміз. Басын рентгенге, іш-құрылысын УЗИ-ге түсірдік. Сынған жері жоқ, ішкі ағзалары аман. Хирург, травматолог, нейрохирург дәрігерлер қарады. Қолына қағаздарын беріп, қандай дәрі ішу керегін айтып, үйіне қайтардық", - деді дәрігер.

Журналист Сәуле Әбілдаханқызы соңғы кездері қоғамда белсенділігімен танылды. Мәселен ол 2018 жылы Қытай Қазақ шекарасынан заңсыз өткен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың ісіне адвокат Абзал Құспанмен бірге белсене араласқан. Ал ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап көп балалы аналардың сөзін сөйлеп, олардың әлеуметтік мәселесі шешілу үшін бірнеше мәрте әкімдікке талаптарын қойған. 

Айта кетейік, бұл жыл басынан бері Қазақстанда қоғам белсенділеріне жасалған бірінші қастандық емес. Жуырда ғана Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында қоғам белсендісі Ғалы Бақтыбаевты әйелінің көзінше атып өлтірген. Қылмыскерлер әлі ұсталған жоқ.

 

 

Мият Кәшібай

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір