24 Мамыр, 2019 NEWS
Тарихтан тағылым: Ұлттық идея және дін мәселелері
Шараның басты мақсаты: жастарды қазақы болмысымыздан ажырамай, ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып дамуға бағыттау.
"Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігі "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КЕАҚ-ның (@CISC ) мемлекеттік гранты аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылу үстіндегі "Дәстүрлі руxани құндылықтарды қолдау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру" жобасы бойынша "Тарихтан тағылым: ұлттық идея және дін мәселелері" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастырды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Аталған шара «Тарихтан тағылым: ұлттық идея және дін мәселелері» тақырыбының аясында кең ауқымды қамтыды.
Студент жастар мен конференцияға арнайы келген қонақтардың алдында алғашқы сөз кезегі ақын, этнограф Әбубәкір Қайранға берілді. Әбубәкір аға қазақ баласының басты мақсаты- ұлттық сананы жаңғырту екендігін айта келе, «Түбімізді зерттеп, тарихымызды тануға енді ғана білек сыбана кірісіп жатқанымыз өкінішті-ақ. Десе де, ештен кеш жақсы», – деген ойын білдірді.
Философия ғылымдарының докторы Бақытжан Сатершинов, филология ғылымдарының кандидаты Рашид Мухитдинов, этнограф, мәдениеттанушы Бердалы Оспан, дінтану ғылымының магистрі Елнар Берікбаев сынды азаматтар түрлі тақырыпта баяндамалар оқып, тыңдармандарға дін мен дәстүр, ұлттық мүдде ұғымының мән-маңызын айқын ашып көрсетті. Шараға қатысушы жастарды жалынды жырымен сусындатып, астарлы пікір білдірген ақын Аманғазы Кәріпжан мырза діни, һәм рухани сауатты болуға шақырып, «Неғұрлым түсініксіз дүние соғұрлым өзіне табындырады»,-деп қорытындылады.
Аты аталған азаматтарымыздан бөлек, танымдық кештің көркін қыздыра түскен дәстүрлі әншілер қобыз, домбыра аспаптарында халық әндерін орындап, тыңдармандарын тәнті етті.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның соңы қатысушылар арасындағы пікір алмасуға ұласып, «Ұлы даланың жеті қыры» кітап көрмесін тамашалаумен өз жалғасын тапты.
"Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігінің президенті Арман Әубәкір конференция соңында аталмыш шаралардың жыл соңына дейін жалғасатынын атап өтті.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір