• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 00:01:25
Алматы
+12°

13 Маусым, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Қайрат Жолдыбайұлы: Тоқаевтан шұғыл түбегейлі реформаны талап етейік

Ары қарай Тоқаевтан батыл да, шұғыл түбегейлі реформаны талап етейік. Соны жазайық, соны айтайық. Соны жеткізейік. Сөзі өтетін атақты тұлғалар, әйгілі өнер адамдары сарайды мадақтағанды қойып, осы бағытта жұмыла жұмыс істеуі керек.

Кейбір тілмарлар халыққа басу айтып, сабырлыққа шақырған болып жатыр. Сөздің де, мінездің де әділі болады. Әділдік тек сотқа ғана қатысты дүние емес. Өміріміздің әр сәті, ойымыздың әр түйіні, іс-әрекетіміздің бәрі әділдікті талап етеді. Құранда күнде қайталайтын тура жол дегеніміз осы міне! Халықты сабырлыққа шақырады екенсіздер, онда әділ болып, биліктің осы уақытқа дейін жасап келген былығын да, барлық саланы жайлаған жемқорлықты да қоса айтыңдар. Талан-таражға түскен байлығымызды айтыңдар. Тоз-тоз болып кеткен ауылдағы, қаладағы қазақтың мүшкіл жағдайын айтыңдар. Сайлауда мұғалімдерді маймылға айналдарған әділетсіз жүйені айтыңдар! Жазықсыздан қамалғандардың босатылуын талап етіңдер! Шенеуніктер мен ығай-сығайлардың қазақ тіліне пысқырмай, жаппай орысша шүлдірлегенін айтыңдар. Күннен күнге орыстанып бара жатқанымызды, қытайдың ықпалына түсіп бара жатқанымызды айтыңдар. Сонда сендердің сөздерің өтімді болады. Сонда әділ сөздерің үшін ел сабырға келіп, билік өз сабағын алар. Әйтпесе әр сөздеріңді тапсырыспен яки ұпай жинау үшін жазып, айтатындарыңды халық көріп тұр. Өздеріңді ғана жексұрын етпей, діннің де қадірін кетірмеңдер. Дін ең әуелі шынайылық пен әділдікті бұйыратынын ұмытпаңдар! Ал бұлай сөздің әділін айта алмасаңдар, данышпансымай, қызыл тілге салып, тілмарланбай тыныш отырыңдар! 

P.S.S. Қосановтың өзіне сенген халықты алдап кеткенін көрдік. Мен Қосановқа дауыс бермесем де халықпен бірге алданып қалғандай күйге түстім. Халық оған кінәлі емес. Халық шынымен өзгерісті қалады. Қосановтың орнына басқа біреу болғанда, соған дауыс берер еді. Болар нәрсе болды. Енді көтеріліс жасап, өзі ұтылдым, жеңілдім деп тұрған адамды күштеп апарып таққа отырғызбайтынымыз да түсінікті. Халық қан төгісті емес, тыныштықты қалайды. Кешегі жағдайдан кейін билік халықтың реніші мен талабын ұқты деп ойлаймын. Ары қарай Тоқаевтан батыл да, шұғыл түбегейлі реформаны талап етейік. Соны жазайық, соны айтайық. Соны жеткізейік. Сөзі өтетін атақты тұлғалар, әйгілі өнер адамдары сарайды мадақтағанды қойып, осы бағытта жұмыла жұмыс істеуі керек. Тәуелсіздігімізді баянды ететін, ұлтымыздың мерейін үстем ететін, халқымыздың әл-ауқытын жақсартатын реформа керек. Полиция, КНБ мемлекеті емес, құқықтық мемлекет жасауын талап етейік. Тоқаев қазір қалай болғанда да тарихи аманатты арқалап алған тұлға. Егер ол алдамшы пиар-шоуларды қойып, шұғыл түрде түбегейлі реформа жасамаса, халықты ешкім тоқтата алмайды.

Қайрат Жолдыбайұлының фейсбук парақшасынан алынды

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір