• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 11:18:23
Алматы
+12°

30 Сәуір, 2013 NEWS

Студенттер айтысының Бас жүлдесі Ерланға бұйырды

Халықаралық «Мағжан Жұмабай» атындағы әдеби бірлестіктің дәстүрлі университетаралық айтысы өз мәресіне жетті. Түркі халықтарының ынтымақтастығын және...

Халықаралық «Мағжан Жұмабай» атындағы әдеби бірлестіктің дәстүрлі университетаралық айтысы өз мәресіне жетті. Түркі халықтарының ынтымақтастығын және еліміздегі, әлемдегі білім жүйесін сөз ететін айтыстың әр жылғы жеңімпаздарының қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қарағанды мемлекеттік университеті, Сүлеймен Демирел университеттері көрінген еді. Биылғы әуен жылдағыдан өзгерек болды. Мұны енді рет-ретімен баян етейік.

Халықаралық Сүлеймен Демирел университетінің Қаскелеңдегі жаңа корпусында басталған дүбірлі додаға республикамыздың әр аймағынан, атап айтқанда  Тараз, Семей, Шымкент, Астана, Алматы, Орал, Ақтау қалаларымен қатар Қытай халық Республикасы Күйтің қаласынан да студент ақындар келді. Бұл айтысқа Дәулетбек Байтұрсынұлы, Ақеділ Тойшан бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Жас ақындар сахнада көрермен таңдауы бойынша жасырын конверттер арқылы жұпталып, іріктеліп ең мықты ақындар жүлделі орындармен марапатталды. Бұл айтысты Сүлеймен Демирел университеті "Мағжан" әдебиет және өнер бірлестігі мен ҚР Президент қоры бірлесіп ұйымдастырып,  айтыстың жүлде қорына 700 мың теңге бөлінді. Айтыстың бас жүлдесі ҚХР-дан келген жас ақын Ерлан Аманжолұлына бұйырды. Бірінші жүлдені де Қытайдан келген студент қандасымыз, көрермен көзайымына айналған Анаргүл Бәделхан иеленді (Galaxy Tab2).

Ал, екінші орындарды Еуразия университетінен келген Сырым Әуесхан мен Сүлеймен Демирел университетінің кенжесі Алтынбек Ибрагимов өзара бөліске салды. Екінші орын жүлдегерлеріне  соңғы үлгідегі Ноутбуктер сыйға тартылды.

Айтыстың үшінші жүлделері Күйтің қолданбалы-техникалық институтының қос түлегі Арзыгүл Қайымбекқызы мен Нүрзия Асхабұлқызына бұйырды.  Айтыс қортындысында сөз алған Президент қорының басшысы Еркін Дәулетұлы: " Қазіргі таңда танылмай жүрген жас дарындар жеткілікті. Сүлеймен Демирел университетінің бұл игі бастамасы ұлттық өнерді дәріптеуді, талантты ақындарға қолдау көрсетуді көздейді. Сондықтан да, Бұндай бастамаға біз әрдайым оң көзқарастамыз,"- деп  ұйымдастырушылар мен жас ақындарға өз ризашылығын білдірді.

Осылайша С.Демирел унивеситетінде ұйымдастырылған  халықаралық айтысқа мыңнан тұлпар болып іріктеліп келген 16 ақынның алтауы айтыс бәйгесін қанжығаларына байлап қайтты. Құралақан қайтқан ақын болмады. Айтысқа қатысқан барлық ақындарға арнай алғыс хаттар мен сертификаттар тапсырылды.

Айтыстың ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ұлан Еркінбай: «Сүлеймен Демирел университетінде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан сөз өнерінің дүбірлі додасы ұдайы  өз жалғасын табары сөзсіз. Келер жылғы сайысқа әлемдегі барлық қандастарымызды және түркі халықтарының ішінде қазақтың төл өнеріне туыстас осы жанрды тірілтіп жүрген өнерпаздарды қатыстырамыз. Жалпы біздің мақсат – бабалар құндылығын арқалаған айтысымызды халықаралық деңгейде насихаттау» деді.

Әйгерім Әбішева

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір