• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 05:38:09
+12°

27 Маусым, 2019 Саясат

Арандап қалмаңдар, арыстықтар!

Үй сұрама, қауіпсіздік сұра! Ел ішінде далада қалмасың анық, қазағым!

Арыс қаласының мыңдаған тұрғынын әбігерге салып, бірнеше адамның өмірін жалмап, қаншама адамның денсаулығына залал келтірген апатты жағдайдан иісі қазақтың түгелі хабардар. Аяғы жеткендер Арысқа аттанып, қалғаны іштей тілеулес болып отыр.

1

Шүкір, ел екенбіз!

Қазақтың қазақтығын сақтап келе жатқан – шүкір мен тәубе. Қазақтың алға жылжып, өз бетінше күреп ақша таппауының, кәсіппен айналыспауының да басты себебінің бірі – осы.

Арыстағы апаттың салдарымен күресуге Қорғаныс министрлігі тарапынан, Ішкі істер министрлігінен мыңдаған әскери қызметкер мен жүздеген арнайы техника бөлінді. Бұл – апаттан зардап шеккендерге мемлекет тарапынан жасалған көмек.

Ал арыстықтар жарылыс шыққан сәтте-ақ қаланы тастап, басы ауған жаққа қашты. Бірі Шымкентке, екіншісі Түркістанға дегендей. Көлігі жоқтар қыр басына шығып, от құшағына оранған кіші Отандарын сырттан бақылап, іштей дұға тілеуден ары аса алмады.

Шымкент қаласының барша тұрғыны басына күн туып, кіріптар болып келген халықтың алдынан қолдарына түскен дүниесін ала ұмтылды. Желіде тараған қолына су, нан ұстап жол шетінде тұрғандар, расында, жүректі елжіретеді-ақ. Бейбіт күнде бір-бірімен көзқарасы сай болмай, саяси ұстанымы сәйкес келмей жүретін елдің жұмылған жұдырықтай біріге кеткені іштегі рухты бір көтеріп тастады.

Әр аймақтан жүк көлігімен, пойызбен ағылған қаншама көмек мыңдаған адамның игілігіне жұмсалып жатыр. Елдің бағыты жақсылық жасаудан жарысуға ойысып келеді екен. Осы беталысты бұратындардың жүзі күйгей.

Далада қалған қазақ кемде-кем

2

Жергілікті әкімшілік басқарудың арқасында, халықтың арқасында Арыстан бас сауғалаған қандастар мешіттерге, мектептерге, тіпті, үйлерге бөлініп түсіп жатты. Әр жерде лагерь, арнайы штаб құрылып, жауапты адамдар бекітілді.

Әр аймақтан жомарт жандар қалталарының көлеміне қарай қаражат аударып, шама-шарқынша кісілік көрсетіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, бірнеше кәсіпорын, мемлекеттік мекеме қызметкерлері бірі жарты табысын, бірі бір күндік жалақысын аударып жатыр. Елдіктің белгісі емес пе?

Уәде етілді, орындалар

3

Арыста апат орын алған күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орынына арнайы келіп, халықтың ахуалымен танысты, жауапты қызметкерлерге тапсырма берді.

«Ақша бөлінеді», - деп баса айтқан президент сөзінің далада қалмасы анық қой. Ал қырық бес мыңнан астам адамның далада қаңғып кетпейтіні екібастан анық қой.

Қазір халықтың арасында арандатушылар белсенді жұмыс жасауда. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей, ұрымтал жерден жамбасқа басуды көздеген сасық пейілді азаматтар да аз емес.

«Үйлерді жөндеуге ақша бөлеміз. Үкімет есептейді, біз қаражат бөлеміз. Уайымдамаңдар, бәрі дұрыс болады», - деген президент сөзіне сенімсіздік танытқандар жергілікті аймақтың әкімдерін түтіп жеуде.

4

Ел арасында «Бізге жөнделген үй керек емес, бізге жаңа үй керек», - деп дүние даулаған қандастар да табылды. Бұл – астындағы атын қонағына сойып беріп, ертесіне жүген ұстап қала беретін арда қазақтың қанында бар ерек қасиетке сын.

Үй жөнделер, уақыт өтер, сосын қайтпекпіз? Ана шырылдаған балалардың тағдыры не болмақ? Арыста төрт рет қайталанған апаттың бесінші рет орын алмауына недей кепілдік бар?

Міне, осындай сұрақтар адам жиылған жерлерде мінберден айтылмай қалып жатыр. Халыққа қолдап ақша таратқандардың видеосы, көп адам өлді деген жалған ақпарды таратуға құмартқандар баршылық.

Ел болу үшін бірлік керек! Осындай аласапыран оқиғалар уағында әрбіріміз тек адамдық биіктен ойланып, қу дүниенің, қу құлқынның қамы үшін байбалам салмай, ел тағдырын, болашақ балалар тағдырын жауаптылар қолына бір сәт тапсырып неге көрмеске?!

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір