• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 21:04:57
Алматы
+12°

27 Маусым, 2019 Айтты-ей, бауырың!

"Неге халық "соғыс" болған апатты аймаққа бір аптадан соң көшуге көну керек?"

Себебі, билікке бəрібір. Оған халықтың тағдыры ешқашан маңызды болмаған. Неге арыстықтар сол билікке, отыз жылда өзгермеген билікке сенуі керек? Неге бастарын тағы да қатерге тігуі керек? Неге билік тағы да халықтың момындығын, айтқанға көне беретін көнбістігін "пайдалана" беру керек?

...Оларды снаряд пен оқтан, жарылыстан қашқан адам түсінеді. Оларды баласын бейбіт күнде жоғалтып, аңыраған ана мен əке түсінеді. Оларды бейбіт күнде балаларынан ажырап қап, бір өліп, бір тіріліп, "шынымен айырылдым ба?" деп үмітін үзгенде басқа қаладан тапқан адам түсінеді. Оларды бейбіт күнде "қолдан жасалған соғыста" əкесінен, баласынан, бауырынан айырылған адам түсінеді. Қысқасы, арыстықты, олардың жандүниесіндегі үрей мен қорқынышты, азап пен қайғыны, үміт пен үмітсіздікті өздерінен басқа ешкім түсінбейді.

"Арысқа қайтып оралу" деген сөздің өзінен көбісі үрейленеді. Қорқады. Себебі, психологиялық тұрғыда санадағы қорқыныштан, үрейден əлі арылмады. Қашан арылары да белгісіз. Бəлкім, жандары нəзік, тым сезімталдары өмірлерінің соңына дейін сол үреймен арпалысып өтеді. Тіпті басқа қалаға көшіп кетсе де... "Апта соңында арыстықтар үйіне қайтады" деген ақпарат "бейбіт замандағы соғыстың" ортасынан қашып шыққан арыстықтар түгілі, менің өзіме шок болды. Мойындайық, бұл ақпарат салқын үйде, "бүгін ет асамыз ба, əлде манты жасаймыз ба?" деп кешкі тамаққа таңдау жасап жатқан сіздерге де ұнамады. Бірақ көбіміз айтпаймыз. Үндемейміз. Өйткені, ол біздің өміріміз емес қой. Солай ма? "Тас түскен жеріне ауыр". 

Сосын ол үрейді сезінбегендер "Арыстықтар үйлеріне барудан бас тартып жатыр. Кредиттерін төлеп береді, үйлерін жөндеп береді. Бұл не деген наглость?" деп көп адам ділмарсып жатыр. Бұл ешқандай наглость емес!!! Арыста тұрсам, снаряд жарылғанда тəпішкемді лақтырып қашсам, санамдағы үрейден арылмасам мен де "Арысқа бармаймын. Шымкенттен үй бер" деп талап етер едім. Шыным сол. Жəне арыстықтардың талап етуге толық құқы бар. Себебі, олар он жыл бұрын болған жарылысты да көрді. Адамдар өлсе де, билік сол күйінше қалдырды. Себебі, билікке бəрібір. Оған халықтың тағдыры ешқашан маңызды болмаған. Неге арыстықтар сол билікке, отыз жылда өзгермеген билікке сенуі керек? Неге бастарын тағы да қатерге тігуі керек? Неге билік тағы да халықтың момындығын, айтқанға көне беретін көнбістігін "пайдалана" беру керек? Неге халық "соғыс" болған апатты аймаққа бір аптадан соң көшуге көну керек? Астананың үйлерінің қаншалықты сапасыз салынғанын есі дүрыс адамның бəрі біледі. Біздегі кез келген жобаға "қоқыс" араласып кететінін бəрі біледі. Арысты тазалауда асығыс, шала-пұла екенін түйсігіммен сезем. Апта соңында арыстықтардың Арысқа оралуына қарсымын!!! 


Əйтеуір билікке "артық жұмыстан" құтылып, арыстықтарды өз үйіне орналастырып, өз тыныштығын күйттеу. Қаншама жыл жұмыс істемей, маужырап, ұйықтап жүрдіңдер ғой. Сəл жұмыс істеп, қимылдап едіңдер, жандарың шығып кетті ме? Арыстықтардың көпшілігі өздері қашып, жарылыстан өздерін өздері құтқарғанын халық ешқашан үмытпайды. 
..."Пусть говорятта" белоруссиялық Алексей Талай деген бизнесмен жігіттің он алты жасында атасының деревнясына барып, поля жақта соғыс кезінде жарылмай қалған снарядтан (бəлкім, басқа оқ-дəрі) екі қолынан, екі аяғынан айырылғанын көріп, құрбым екеуміз жылап едік. Соғысқа қатысқан атасының екі аяғы, екі қолы бүтін. Сол атасы Алексейдің алдында өзін кінəлі санап, жылағанда жүрегің ауырады. Біздің билік халықтың, арыстықтардың алдында өзін кінəлі сезіне ме? Күмəнім бар. 


Арыста əскерилерге көрінбей, жасырын қалып қойған снаряд жоғына кепілдік бересіңдер ме? Ертең бір қазақтың (не бірнеше) екі аяғынан, екі қолынан айырылмауға не өлмеуіне кепілдік бересіңдер ме? Əлде баяғы алдарқату ма? Арыста сендер хабарлағандай үш емес, бірнеше адамның өлгенін есі дұрыс адамның бəрі біліп отыр? 


Арысқа оралғысы келмейтін арыстықтарды қинауға қарсымын! Үрейде өмір сүрген, қорқыныш пен үрейден жүйкесі шаршаған əйелден жүйкесі сау бала тумайды. Бізге дені сау, сапалы ұрпақ керек! Психологиялық соққы алған арыстықтардың өмірінің соңына дейін үреймен өмір сүргенін қаламаймын. Олардан дені сау, рухты бала тумайды. 


...Облыс орталығы Түркістаннан арыстықтарға мемлекеттік бюджет есебінен көп қабатты үйлер көтерілу керек. Той тойлаудан, пайдасы жоқ конференциялардан билік тыйылып, ақшаны арыстықтарға аудару керек. Ертең миллиондаған, миллиардтаған ақша аударып, Арысты жаңартқанмен қалып қойған снаряд жарылмайтынына кепіл бар ма? Сонда сол ақша далаға кетпей ме? Кеше ғана "соғыс болған" Арысқа "бір аптадан соң арыстықтар өз үйіне оралады" деп асығыс шешім шығарған, мəңгілік елбасының айтқанын ғана тыңдайтын сендерге сенім жоқ. 


Мыңдаған Арыс тұрғызуға болатын ақшаны ішіп-жегендеріңді айтпағанда, пайдасыз іс-шараларға құрттыңдар ғой. 


Қазақстанның бүкіл архитекторы, құрылысшылар жұмылып, (қазақтың текті халық екеніне, олардың сауап үшін төмен жалақыға келісетініне сенем) көп қабатты үйлер салып, арыстықтарға берілу керек. Арыс Түркістанның қасында, тез жерсініп кетеді. Əрі Түркістан сəулетті үйлермен көріктене түседі. Жер үйге үйренгендер есін жиғасын қала сыртынан өз күштерімен еті тірілері жер алып, үй салып алады. 
Қырық бес мың адамға үй алып, үй салып беруді қиынсынып жатқан шығарсыңдар. Халық осы күнге дейін қаншама арыстыққа үй сатып алып беруге, салып беруге болатын ақшаны жегендеріңді құстырған жоқ қой. Ислам Каримовтың қызының 1200 млд. долларды мемлекет бюджетіне қайтарғанын (рас болса) естеріңе салайын. Сендердің де құсатын күнің келер...


Халықпен шынымен диалог құрғыларың келсе, өздеріңді көрсетіңдер. Халықпен диалог онсызда тоқ Марғұлан Сейсембаевты, Арман Шораевты Ақордаға шақыру емес қой. Халықпен диалог - арыстықтардың үніне, талабына құлақ түру. 


Арыстықты қолдау қолыңнан келмесе, оның талабын билікке қою қолыңнан келмесе, үндеме!!! Онсызда ашынып, қорқып, үрейленіп отырған халықты басынба!!! Ол көрген қорқынышты көрмедің бе, ол сезінген үрейді сезінбедің бе, қолдау көрсете алмайсың ба, дұрысы үндеме!!! (Ертең бір "данышпандар" пиар дер. Көке, апа, пиар керек болса, мақтанып, мəскеулік əдебиетшілердің шығармашылығым туралы айтқанын, жазғанын жұрт секілді осында жариялар едім). 


Шыны керек, арыстықты сол үрей мен қорқынышты сезінген арыстық қана сезінеді. Сіз бен біз бəрібір оларды түсінбейміз.

Аягүл Мантайдың Facebook парақшасынан алынды

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір