03 Шілде, 2019 Барлық аймақтар
Тарихи кітаптың тұсауы кесілді
«Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисінде Ислам Мырзабекұлының «Әбілқайыр мен Бопай ханым» кітабының таныстырылымы өтті деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Жиынға ардагерлер кеңесінің мүшесі, ел ағасы Саламат Нұрұлы, Бейнеу ауданы, Сарға аулының ардагер ақсақалы Рысбай Дүйсенов, Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапхана директоры Зәуре Айтуарова, осы мәдени орталықтың әдіскері Нұргүл Еңсегенова, қала, аудан кітапханалары басшылары, ауыл кітапханашылары қатысып, отырысты «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисінің жетекшісі Гүлайым Азан ашты.
— «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Атырау облысы Жылыой ауданындағы Пір Бекет Атамыздың Ақмешітінің имамы, ұстаз, қаламгер, ата туралы бірнеше жинақтың авторы Ислам қажы Мырзабекұлының құрастыруымен екінші рет басылып шыққан «Әбілқайыр хан мен Бопай ханым» кітабының таныстырылымына қош келдіңіздер! – деп жиынды ашқан Гүлайым Азан бұл шараға негізінен зиялы қауым – ел ағаларын, ғалымдарды, кітапханашыларды, өңірлік сараптау кеңесінің мүшелерін, тарихи кітаптарға құмар оқырмандарды шақырғанын айтты.
Сонымен бірге, өңірлік сараптау кеңесінің 2018 жылғы 24 шілде күнгі № 13 отырысында «Әбілқайыр хан мен Бопай ханым» атты кітап шығару және Бопай ханымның мемлекеттік және қоғамдық істері туралы ғылыми конференция ұйымдастыру жобасы талқыланып, бастамалардың сәтті іске асқанын атап өтіп, оқырмандардың сұрауы бойынша аталмыш жинақ таралымын арттырып, екінші рет басып шығаруға қажеттілік туғанын жеткізді.
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажетін» жазған болатын. Сондай-ақ «Еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік сериялық фильмдер шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет»,-деген еді.
Осы бағытта жергілікті Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театр сахнасында «Хан кегі» драмасы қойылып, Бопай ханымның көркем бейнесі сомдалды. Сонымен қатар XVIII ғасырдың көрнекті суретшісі Джон Кэстль салған суреті негізінде портреті жасалды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша өңірлік жобалық офисі мен өңірлік сараптау кеңесі көптеген маңызды мәселелерді қолға алып, кеңеске салып, сараптап, нәтижесінде бүгінгі «Әбілқайыр хан мен Бопай ханым» кітабының тұсаукесерін де, ғылыми конференция ұйымдастырды. Бүгінгі шараны соның жалғасы деуге болады.
Пір Бекет Атамыздың атажұртындағы Ақмешіт тарихи орынның имамы Ислам қажы Мырзабекұлы ағамыздың тынымсыз ізденісі мен ұйымдастырушылық еңбегінің арқасында жарық көрген бұл жинақ қазірдің өзінде оқырмандардың ықыласына бөленіп, қызығушылығын тудырып отырғанын айтпай кетуге болмайды.
Жиын барысында келесі сөзді кітап авторы, бекеттанушы, бопайтанушы, Ақмешіттегі Бекет ата мешітінің имамы, Ислам қажы Мырзабекұлы алып, өзінің мамандығы физика-математика пәнінің мұғалімі бола тұра, Әбілқайыр мен Бопай ханым тарихын зерттеуге келуіне себеп болған, өмірінде ерекше орын алған бір оқиға туралы әңгімелеп берді.
«2015 жылы «Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл» шарасы аясында Ақтөбеден 632 шм, Торғай қаласынан 80 шм қашық жердегі «Хан моласы» басында өткен республикалық деңгейдегі асқа қатыстым. Сол астан қайтып келе жатып, өзгеше бір ойға қалдым. Әбілқайырдың жатқан жері белгілі, ол туралы бірнеше монографиялар, кітаптар жазылған. Бірақ оның тұлғасы ұзақ жылдар өз дәрежесінде тарихи бағасын ала алмай, шындықтың бұрмалауға ұшырағаны белгілі. Әйтеуір ақырында семейлік тарихшы ғалым Амантай Исиннің зерттеу еңбегінің арқасында ұлы тұлға негізсіз жағылған күйеден тазарып, толық ақталып шықты.
Ал Бопай ханым туралы деректер өте аз. Орыс тарихи жазба деректерінде көп жазылғанына қарамастан қазақ арасында танымал болмады. Біз соның орнын толтыру мақсатында, ұлттың ұлы аналарының бірі, аса көрнекті тарихи тұлға, әйгілі қоғам қайраткері, Бопай (Бәтима) апамыздың басына зиярат етіп, өткен кеткен тарихымызды түгендеу мақсатында Ресейдің Орынбор облысы, Елек ауданы, Дмитриевка селосынан 30 шм жердегі әскери-айлаққа арнайы сапар шектік»,-деді Ислам Мырзабекұлы.
«Біздің тарихымызда ерлермен бірге ұлы әйелдер де болған. Солардың тарихи тұлғасын ұрпаққа танытуымыз керек»,-деген Ислам қажы бұрын Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен Әлия мен Мәншүк есімдері ғана айтылып, жаумен олардан кем айқаспаған ұшқыш Хиуаз Доспанованың аты көп айтылмағанын, сол секілді енді, өзі мұрындық болып өткізілген бірнеше шара нәтижесінде ғана Бопай ханым аты кеңінен атала бастағанына тоқталды.
«Атыраудан Астанаға дейін жаяулап жүріп, жергілікті телеарналардан сөйлеп, өзімше Бопайды танытуға үлес қостым. Соның жемісі болар, Түрікменстан-Болашақ теміржолы бойынан бекет аты, Өзен қаласынан, Түпқараған ауданынан көше аты берілді. Бұның бәрі — біздің жеңісіміз.
Осы күні Томирис пен Заринадан бастап, Бопайға дейін және оның сіңлілері туралы деректер жинап жүрмін. Осы тақырып «Түрік әлемі» басылымында бастау алыпты соған қатты қуандым.
Жасым жетпіс бесте, ғасырлар бойы тарихи құжаттарда сақталып келген Бопайдың атының республика көлемінде көпшілікке танымал болып, тарихи тұлға ретінде мойындалуына қосқан мысқалдай үлесім болса өзімді бақытты сезінетінімді жасырмаймын»,-деп ағынан жарылды автор.
Тарихтан білуімізше, Бопай ханым ел басқару ісінде Әбілқайыр ханның сенімді серігі, әрі ақылшысы болып, ішкі және сыртқы мәселелерді шешуге атсалысып, дипломатиялық қатынастарды реттеп отырғандығы белгілі. Әбілқайыр ханның Бопай ханымнан туған бес ұлы – Нұралы, Ералы, Айшуақ, Қожахмет, Әділ сұлтандардың үшеуі – Нұралы, Ералы, және Айшуақтың әке жолымен көпшілік қолдауымен хан болып сайлануының өзі көп нәрседен хабар береді.
Немерелері Пірәлі, Шерғазылардың ата жолын абыроймен жалғастыруына ұлы анасының игі ықпалы болғаны сөзсіз. Сондықтан Бопайдың азаматтық, қайраткерлік тұлғасы, асыл ана ретінде тәрбиелік өнегесі – ұлтқа мақтаныш, ұрпаққа үлгі. Оның өнегелі өмірі мен мемлекеттік және қоғамдық қызметін насихаттау келешекте де жалғасын таба беруге тиіс. Мүмкіншілік болып жатса, оның сүйегін елге әкеліп қойсақ жақсы болар еді деген пікірін білдірді.
Ұзақ уақыттан бері Бекет атаның өмір деректерін жинап, халыққа ұсыну жолында жемісті еңбек етіп жүрген Ислам қажы Мырзабекұлы алдағы – 2020 жылы Пір Бекет Ата Мырзағұлұлының туғанына 270 жыл толатынын, Ұлы тұлғаға арналған шаралардың дайындығын қазірден бастап көп болып жұмыла ұйымдастыруға шақырды.
Сонымен бірге Атаның ұрпағы туғанына – 170 жыл толатын Аманбай әулиенің атын ұлықтау, ас беру сауапты іс болмақ. 2009 жылы Аманбай ата туралы кітап шығардым, соны өңдеп қайта шығару ойымда бар,-деп өзінің алдағы жоспарларымен бөлісті.
Ел ағалары атынан Саламат Нұрұлы сөз алып, елдік шараның басы-қасында жүрген кітап авторына шығармашылық табыс, денсаулық тіледі. «Бұндай ел үшін жасалып жатқан сауапты істі қолға алып, бірқатар шаралар өткізуге мұрындық болып жүрген Ислам Мырзабекұлына алғысымыз шексіз, бірақ, Бопайдың сүйегін елге әкеліп қайта жерлеу – ел болып ойласатын шаруа. Себебі аманат айтылып қойылса, сөз бөлек. Жерленгеніне 325 жыл болған, пәлен жыл сынақ өткен әскери айлақта жатқан мүрдені қозғаудың қажеті бола қояр ма екен? Оның «демім үзілген жерге қойыңдар» деген өзінің өтініші болғанын білеміз.
Ал тұрпатын жасау — елде бар дәстүр. Топырақ әкеліп Бақашыға қойғаның – өте сауапты шаруа болды. Бұл турасында ел үшін үлкен іс бітірген адамсың. Бопай секілді ұлы тұлғаның жатқан жері, оның өмір-деректері қазақтың үлкен тарихынан хабар береді. Ол текті тұқымның қызы, атақты батырлардың ұрпағы. Тарихи тұлға. Кітабыңда не нәрсені болса да асырып жазбайсың, шындықтан ауытқымайсың. Соның ұнайды. Қаламың мұқалмасын, талабың таси берсін! Аман жүр!-деген тілегін жеткізді.
Сарға ауылының тұрғыны, ардагер Рысбай Дүйсенов Ислам қажының ел қорғаған батырларға, тарихи тұлғаларға әрқашан қамқор болып жүретін үлкен жүректі азамат екенін, «Ел қорғаған Есек мерген» атты кітап шығаруға қол ұшын бергенін айтып, авторға шығармашылық табыс, денсаулық тіледі.
Жиын соңында Саламат Нұрұлы қатысушыларға Бекет атаның бүгінгі күні белгілі 5 мешіті бар екенін, негізінде 7 мешіті болғанын айтып, Атаның мешіттері жетіқарақшы жұлдызы пішінінде орналасқанын жеткізді.
Одан бөлек бірнеше жерде Намаз жайы болғанын, Тобықтыдағы мешіттің сол дәретсіз адам аяғы баспаған, таза орын – намаз жай үстіне салынғанын, ол жерде атаның 5 рет намаз оқығаныны туралы көпшілік біле бермейтін тың мәліметтер берді.
-Міне осының бәрін көп болып анықтар болсақ, Бекет атамыздың 270 жылдық асына үлкен сый болар еді,-деп аяқтады сөзін ардагер ақсақал.
Шара соңында Ислам Мырзабекұлы аудан, қала басшыларына «Әбілқайыр мен Бопай ханым» кітабының 3 данасын өз қолымен сыйға ұсынды.
Әбілқайыр мен Бопайдың тарихы – біздің тарихымыз. Сондықтан бұл тарихқа бейжай қарауға болмайды. Сөз соңында айтарымыз, Ислам қажы ағаның көптен көкейінде жүрген бір арман – Бопай ханымға ескерткіш орнату. Бұл игі мақсат бір Исекемнің емес, бүкіл елдің тілегіне айналып, Бопай апамыздың еңселі ескерткіші Ақтау қаласының көрнекті жерінен бой көтереріне бек сенеміз.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір