09 Шілде, 2019 Тарих
"Шипагерлік баяны": Өтейбойдақ "Жеті атаға дейін қыз алыспау" дәстүрін медицина тұрғысынан қалай дәлелдеді?
«Жеті атаға дейін қыз алыспау керек» деген сананың болмауы шымыр шындықтың бетін шынымен де «Шипагерлік баян» аша түсетін сияқты.
Қазақ халқында әлемдегі ешбір ұлт пен ұлыстарда мүлдем жоқ, тіптен өзгенің ой санасына да кіріп шықпайтын «Жеті атаға дейін қыз алыспау», – деген керемет бір салт-дәстүрі бар. Бүгінгі таңда Азияны көктей өтіп Еуропаға дейін құлаш сермеп, кең таралып, жалпақ жатқан күллі түркінің түп негізі екендігіміз де, ата жұртта қара шаңырақты иелеп, қадірлеп, қастерлеп отырғандығымыз да анық. Бір ғажабы "Жеті атаға дейін қыз алыспау" салты түркінің өзге ұлыстарында не үшін жоқтығы, неге оларға да таралмай қалғандығы ой тудырады. Бұл салт қазақта қай заманнан, қалайдан-қалай, нендей себеппен, қандай қажеттіліке байланысты қалыптасты екен, деген заңды сұрақ туындайды.
Кей зерттеушілер бұл салтты ұлтымызда атамзаманнан бері бар болатын десе, енді бір зерттеушілер «Шипагерлік баянда» айтылғандай XV ғасырда әз Жәнібек ханның тұсында басталғанын айтып, бір-бірін мойындағысы келмей, ортақ байламға келе алмай жүрген жайы бар. Бұндағы басты себептің бірі, өткен тарихымыз әр қайсымыздың өз естуіміз бойынша (кітапсыз) біліп-білмей ауызша айта салғанымыз болса, екіншісі, қолда бар кітапты құныттап оқып, зерделеп, зеттемеуден болса керек. Әрқандай істің сөзсіз бір басталу нүктесі болатындығы белгілі. Ендеше, осы бір ғылымилығы аса жоғары, ғажайып тазалықты, мөлдір тұнықтықты, асыл тектікті сақтауға әрі ұрпақтың сапасын көтеріп отыруға арналған қасиетті дәстүріміз қашан және қалай қалыптасты?
Талқы:
Егер бұл салт бұрыннан бері бар еді десек, XV ғасырда Әбілқайыр хандығының құрамында қазақпен бірге болған бүгінгі өзбекте, ежелден қазақпен егіз қозыдай бір өсіп, іргесі бөлінбей келе жатқан қарақалпақта, сондай-ақ Қарахан мемлекеті заманында қазақты құрап отырған біраз тайпалармен бір одақта болған ұйғыр халқында, Орхон-Енисей жерінде қазақты құраған тайпалармен бірлікте болған, тіпті Тәуекел хан мен Абылай хан заманындарында Қазақ хандығымен етене жақын болған, іргелес жатқан қабырғалы қырғыз ұлтында да болуы керек еді. Міне осылардың бәрінде «Жеті атаға дейін қыз алыспау керек» деген сананың болмауы шымыр шындықтың бетін шынымен де «Шипагерлік баян» аша түсетін сияқты.
"Шипагерлік баянда" Жәнібек ханмен сұқбаттасып отырған Өтейбойдақ былай дейді: "Қандық уылмалық пенделік жалғасым бітістілігі, – дедім.
Хан: - Ол сырқат қандай сезіліс білдірмек? – деді. Мен: - Қандық уылма мерездік, құлғаналық миғұлалық Аллалық шала жаралым болмақ. Айығым – одан сақтанбақ қана. Сақтандыру тек Аллажар, тақсыр, сіздің қолыңыздан ғана келмегі Аллажар жазмыш дедім. Хан: - Одан қандай сақтанбақ шарттамақ болар? – деді. Мен: - Ол оңай, тақсыр, сіз тек көз мұрын шартты орындамағыңыз ғана уәжіп мұхтасары, – дедім. Хан: Мен….", – деп, сөзін сабақтап, арықарай, суық жүрісті харам әрекеттен сақтанудың өте маңыздылығын, өз көзімен нақтылы көрген мына бір аянышты оқиғамен түсіндіреді.
Бұл қыстырма баянды мағынасы бойынша аударсақ «суық жүріспен жүріп тудырған өз ұлына, ақ некелі жұбайынан туылған қызын ұзатудан мынадай айқындық көрілді. Одан көп бала көтерді, өлді, бала тұрмады, түсік болып түсе берді. Бұлай болуы қандастық жақындардың араласунан қан ірігіштік әсерінен шала жаралым пайда болғандығынан еді. Ақырында қызы да, ұлы да қандық іруден (уылма) өліп ұрпақсыз қалды… Алдияр тақсыр! олар өкінгенімен орны толар ма?» дей келіп, «көз ретте,…қол көз атадан аспаған рулар арасынан қыз алысқандардан қандық уылма көп құзғындамағы көз көргі. Соның үшін қол көз мұрын атадан асқандар өзара қыз алысып, құдаласпағы шарт. Отыз, қырық ата араласа, ұрпақ ақылды болмақ. Сырт елден қыз алысса, ұрпағы өнерпаз, зейінді, аңғарлы болмақ» (Шипагерлік баян 42-бет).
Бұл мәтіннің аудармасы: «екіншісі, …жеті атадан аспаған рулар арасында қыз алысқандарда қандық ірудің көп болатындығын көрдік. Сондықтан сегіз атадан асқандар өзара қыз алысып, құдандалы болуы керек. Отыз, қырық ата араласа, ұрпағы ақылды болады. Сырт елден қыз алысса, ұрпағы өнерпаз, зейінді, зерделі болады» – дегенде, хан Жәнібек осы заңдылыққа сеніңкіремеді ме, әлде шындығына көзін анық жеткізіп алғысы келдіме екен, кенеттен солқол төртінші уәзірі Жарманадан мынадай сұрақ сұрайды.
«Сенің әйелің неше ата аралаған?
Жармана: - Алдияр Хан ием! Туған жиенім еді. Қараүзген шипагер Өтекеңнің мына сөзі менің шығуыма сығу болғандай дәл тиіп, жығып отыр. Өте жақын қандасымнан әйел алғаныма өкініп отырғанымды, тақсыр сіздің қалай біліп қойғаныңызға таңғалып отырмын, деп, қол қусырып тағзым етті». Сонда, сұңғұла Жәнібек хан:
«Сенен бала тумаған еді. Мен Өтейбойдақтың шипагерлікте қара үзген-үзбегендігін анықтап алуым үшін, сен есіме түсіп кеткен соң, қарасам, өңің бұзылып, уәйім басқан әлпетіңді байқадым. Содан сұраған едім, деді. Жармана өкіріп құлап түсті» (төл мәтінін оқырман ізденісі үшін қалдырып кеттім. Шипагерлік баян. 42-бет).
Міне, осындай нақтылы оқиғаларға көзі анық жеткен Жәнібек хан дереу хатшысын шақырып, мынадай жарлығын түсірген:
АҚ ОРДА ХАНЫ ЖӘНІБЕК ӘЗДІҢ ЖАРЛЫҒЫ
«Күллі Алаш ұранлы Қазақ қараша бұқараларымның өздерінің және ұрпағының мінсіз бітістік болмағы шарты үшін:
Ауыз. Жат төселмелік жат ниет, бәт қылық бүгіннен бастап тыйым болмағы шарт жарағы. Әгәрәкім көзге шалынса, қарамаңғаз артынша мінгізіліп өртелмелік қалма әлпетіне жақпаулық, жаға жұрт көрмелік істеме шарт.
Көз. Жеті атадан ілгері қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауы шарт жарағы. Әгәр олай болса, болғанына көз жетсе, жұбайларды тең бас қылыштамақ шарт.
Көз мұрын. Беттен сүйетін жат қылық бүгіннен бастап тыйым. Және Аллалық шала жаралымнан басқа науқастар әрқандай пенде баласына болса да тостағанның шетін тістетпеуі шарт. Әгәр айқын ұғыныстық болса, елу қамшы дүрелемек жарағы. Оған сұрам жоқтығы айқындылық. Әшкере қарсыласқан адамның өзі кім болса да жер үймек» (Шипагерлік баян. 43-бет).
Бұл жарлық қазіргі тілімізше:
Күллі Алаш ұранды Қазақ қараша халқымның өздерінің және ұрпақтарының мінсіз бітісті (сау денелі) болуы үшін:
Бірінші. Суық жүрісті жаман ниет, лас қылыққа бүгіннен бастап тыйым салынсын. Егерде көзге шалынып қалса, бетіне қара күйе жағып, қара сиырға теріс мінгізіп, ел көрместей етілсін.
Екінші. Жеті атаға дейін қыз алысатындар бүгіннен бастап болмасын. Егер солай болған жағдайда, анығына көз жетсе, жұбайлардың бастары алынсын.
Үшінші. Беттен сүйсетін нашар әдетке бүгіннен бастап тыйым салынсын. Сондай-ақ кеміс туылған жандардан басқа науқасты адамдар әрқандай пенде баласына ас ыдысының шетін де тістетбесін. Егерде осындай жағдайлар анықталып қалса, елу қамшы дүре соғылсын. Оған ешқандай сұрақ жоқ. Әшкере қарсыласқан адам болса, мейлі ол кім болса да, өлім жазасы берілсін».
Демек, XV ғасырда Қазақ деп байырғы атты (әйгілі тарихшы Н.Мыңжанидың зеттеудерінлде, VIII ғасырдағы қытай жазбаларында қазақты қаса деп жазғаны айтылады) қайта жаңғыртқан қазіргі қазақ тайпаларының одағында Жәнібек ханның қатаң жарлығының арқасында бұл бұйрық халық есіне құранның аятындай шегеленіп, ата заңына айналып кеткен деуге толық негіз бар. Бұнда ескере кететін бір жайт, Өтейбойдақ сегіз атадан соң қыз алысуға болатындығын айтқан. Бірақ, Жәнібек хан қазақта жеті санын киелі сан деп қарайтынына байланысты ма екен, әлде қарашасының ұсынысын айнытбай айтуды ар көріп, солай айтты ма, қалай, жарлығын түсіргенде «Жеті атаға дейін», деп, бұйрық берген.
Шаяхмет Қали
Ақын, математик, "Шипагерлік баяны" кітабын зерттеуші
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір