• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 08:08:08
+12°

17 Шілде, 2019 Оқиғалар

"Арман арқалап кеткен қаракөздердің табыты оралды": Шетелдегі қазақ қыздарының жұмбақ өлімі

Үш түрлі тағдыр. Бір ғана ұқсастық бар: өмірге құштар өрімдей жас қыздардың өлімі жұмбақ.

Қазақ қызы қайтыс болды. Жұмбақ жағдайда... Осындай мәтінмен берілетін жаңалықтар соңғы жылдары көбейіп кетті. Сондай-ақ белгісіз жағдайда қайтыс болғандардың барлығы дерлік шетелде білім алып жатқан қазақ қыздары. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі өзге елде жұмбақ жағдайда қайтыс болған қазақ қыздарының тізімін жасап, оқырман назарына ұсынуды жөн көрді. 

Томирис Байсафа

Томирис Байсафа

2018 жылдың сәуір айында Томирис Байсафа Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының 4-қабатындағы дәрісхананың терезесінен құлап кеткен.

1997 жылғы Томирис таңғы 4.00-те қайтыс болды. Тергеушілер сәуірде  аталмыш іске қатысты қылмыстық іс қозғаған. Тергеушілердің мәліметінше, қыз бірден ауруханаға жеткізілген. Қайғылы оқиға 13 сәуірде болды.

Томирис халықаралық экономикалық қатынастар кафедрасының 4- курсында оқыған. Ол үзіліс кезінде терезеден құлап кеткен. Бейресми ақпаратқа сәйкес, Томиристі Муртузали Меджидов атты жігіт итеріп жіберген. 

Туыстары мен достары да қызды біреудің итеріп жібергеніне сенімді. Әзірге күдікті ретінде Томиристің дағыстандық досы Магомед Котиев танылды. Ресейлік БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, Томирис пен дағыстандық азаматтың ұрсысып тұрған сәтін көрген куәгерлер бар. Дерек қыз бен жігіттің арасында достықтан да жақын қарым-қатынастың болғанын келтірді. Алайда Магомед Котиев болған оқиғаға қатысы жоқ екенін айтты. Жігіттің айтуынша, Томирис екеуі араласпайды, тіпті таныған да емес.

Томирис Байсафаның әкесі жігіттің беделді отбасынан шыққанына сенімді. Бұл туралы әкесіне Мәскеу тергеу бөлімінің қызметкерлері айтып қалған.

Елдана Қаһарман

Елдана Қаһарман

Биылғы жылдың наурызында Түркияда оқу мен жұмысын қатар алып жүрген белсенді қазақ қызы жұмбақ жағдайда қайтыс болды. 

Фырат университетінің екінші курс студенті Елдана Қаһарманмен байланыса алмаған достары Йылдызбаулары ауданындағы үйіне барған.

Есікті темір ұстасына ашқызған достары Елдананы ас бөлмесінде қимылсыз жатқан күйде тапқан. Алдын ала болжам бойынша студент өзіне-өзі қол салған болуы мүмкін. 

Бірақ оның әріптестері Елдананың суицид жасағанына сенбейді. 

Елдана Қаһарманның жансыз денесін Фырат университеті ауруханасының мәйітханасына жеткізілген.

Елазык полицейлері оқиғаға қатысты тергеу амалдарын бастаған.

Блогер қазақ қызы Түркияның Kanal 23 арнасында тілші болып қосымша жұмыс істеп жүрген екен.  

"Біз өз телеарнамыздың қожайынын жоғалтқандай болып отырмыз. Елдана үнемі күліп жүретін, айналасын да күлдіретін энергияға бай әрі түсінігі мол қыз еді. Ата-анасы мен туған туыстарына қайғыра көңіл айтамыз", деп жазған телеарна журналистері. 

Сандира Серікхан

Сандира Серікхан

Қытайда білім алып жатқан 24 жастағы бойжеткен 17 қабаттан құлап, жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Сұмдық оқиға биылғы жылдың 26 сәуірінде болған. Жергілікті полицейлер істі суицид деп жылы жауып қойған. 

Ал ата-анасы қызының өз-өзіне қол салғанына сенбей отыр. Себебі қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Сандирамен видео арқылы сөйлескен. Сандира демалыста елге қайтамын деп, өзінің алған сыйлықтарын көрсетіпті. 

Қайғылы оқиға болған күні Сандираны Баян есімді құрбысы клубқа баруға көндірген. Кейін Данияр, Мадияр есімді жігіттермен таныстырыпты. Біраздан соң Данияр "үйімде бір затым қалып қойды" деген желеумен "Сандираны үйіне бірге барып келейік" деп өтініш жасаған. Біраздан соң Сандира пәтерден жылап шығады. Ал Шымкенттің тумасы Данияр болса, не үшін жылағанын да түсіндіріп бере алмаған.  Одан қалды, қыздың бір аяқ киімі терезенің тұсында қалып қойған.  Жақтаудан саусақ іздері табылмаған. Сол себепті де оны біреудің лақтырып жібергеніне сенімді.

Үш түрлі тағдыр. Бір ғана ұқсастық бар: өмірге құштар өрімдей жас қыздардың өлімі жұмбақ. "Үш қыз да өз-өзіне қол жұмсады" деп болжам жасалды. Дегенмен туыстары мен жанында жүргендер бұған сенбейді. Туған-туыстары әділдік іздер шарқ ұрса, нағыз қылмыскерлер бостандықта тайраңдап жүр. Бірақ өзіміздегі заңды түзей алмай, өзге елдің заңына қалай уәж айтамыз?! Жай ғана іштей қылмыскер жазаланар, әділдік орнайды деп қана тілейміз. Үміт етеміз...

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір