22 Шілде, 2019 NEWS
Арыс қаласының үстінде ұшып жүрген құрылғы қолға түсті
Әскери базалар, қоймалар орналасқан жерлерде әуеден сурет түсіруге тыйым салынған.
Әскерилер Арыс қаласының үстінде ұшып жүрген құрылғыны қолға түсірді. Мұндай дүниелерді әскери аймақтарда ұшыруға тыйым салынған деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қорғаныс министрлігінің сайтына сілтеме жасап.
"2019 жылдың 21-шілдесі күні сағат 10:25 шамасында Түркістан облысы, Арыс қаласының үстінде ұшып жүрген құрылғыны әскерилер антидрон технологиясы арқылы қолға түсірген. Әскери аймақтарда дрондар арқылы фотолар түсіруге тыйым салынған. Қолға түскен дрон біршама уақыттан кейін иесіне қайтарылды", - деп мәлімдеді ведомства.
Рұқсат етілмеген құрылғының Арыс қаласы үстінде ұшып жүргенін алдымен әскери полиция байқап, шара қолданған. Істі әрі қарай жалғастыру Азаматтық авиация комитетіне тапсырылды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, дрондарды рұқсат етілмеген жерлерде пайдаланған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 10-20 АЕК көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін.
"Осы ретте Қорғаныс министрлігі әскери аймақтарда дрондарды ұшыруға және суретке түсіруге тыйым салынғанын ескертеді. Әскерилердің дронды ұстап алуға немесе жойып жіберуге құқығы бар", - делінген хабарламада.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір