01 Тамыз, 2019 Өмір
"Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында құжат қабылдау басталып кетті. Бүгінгі күннің өзінде республика бойынша 1129 өтініш түсіп соның 190-ы жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп үлгерген деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап.
"Бақытты отбасы" бағдарламасына көпбалалы аналар, мүгедек бала асырап отырғандар және толық емес отбасылар қатыса алады. Қойылатын талап мынадай:
"Белгілі бір талаптар бар. Бағдарламаға қатысушы ҚР азаматы болуы тиіс. Толық емес отбасы болса ажырасқандарына 2 жыл толуы керек. Өтінім берген уақытта өз атында үйі болмауы қажет. Нұр-Сұлтан қаласында тіркелгеніне 2 жылдан кем болмауы тиіс. Ең негізгі талап мынадай: бізде бір айлық орташа жалақы 42 500 теңге. Мысалы, бір отбасында 5 адам болса табыс көлемі 212 500 теңгеден аспауы маңызды. Осы талаптарға сай келетін әкімдікке тіркелген және жолдамасы бар адамдар ғана аталған бағдарламаға қатыса алады", - деді "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ Орталық филиалы директорының орынбасары Жанар Ізімбетова.
"Бақытты отбасы" бағдарламасы жайында тағы бір құлаққағыс ақпарат. Жоғарыда аталған талаптардың барлығына сақадай сай келіп, бірақ алғашқы жарнаға ақшасы жетпей тұрғандар болса, онда жергілікті әкімдіктер көмекке келеді.
"Бекітілген бағдарламаның негізінде жергілікті атқарушы орган алғашқы жарнаның бір бөлігін өтейді. Яғни, алғашқы жарнаға ақшасы жетпей тұрғандарға әкімдік 1 миллион теңге көлемінде сертификат береді. Қоғамдық кеңес бұл жобаны мақұлдады. Мәслихаттың кезекті сессиясында ол бекітіледі. Банктің барлық талаптарына сай келген азаматтар әкімдікке келіп сол сертификатты алатын болады", - қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Саипов.
Әлеуметтік мәселені алғаш болып әкімдіктің алдына барып тұрып көтерген астаналық аналар еді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір