02 Тамыз, 2019 Әлеумет
Соңғы деректерде мектептердегі ер педагогтардың үлесі 20 пайызға жетпейтіні айтылып жүр. Қоғамда ер мұғалімдердің аздығы ер баланың тәрбиесіне тікелей әсер ететіні туралы да сөз көп. Қамшы тілшісі мәселе туралы мамандар не дейтінін сұрап көрді.
Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры, психология ғылымының кандидаты, PhD докторы.
Мектеп мұғалімінің жалақысы отбасын асырауға жетуі керек
Соңғы уақытта мектепте ер мұғалімдердің әйел мұғалімдерге қарағандағы мөлшерінің аздығы өзекті мәселе ретінде жиі көтеріліп жүр. Дегенмен, өз басым оқушы білімінің сапасы мен жалпы бала тәрбиесіне бұл мәселенің қаншалықты теріс, не оң ықпал беретіндігі жөнінде арнайы ғылыми зерттеулерді көргенім жоқ. Бірақ көпшілік мектептегі ер мұғалімдердің артуын білім саласындағы көптеген проблемаларды шешуге ықпал беретін тетіктердің бірі ретінде санайды. Бұл – ойланатын дүние. Ер мұғалімдерді мектепке тартудың көпке белгілі бір-ақ жолы бар. Ол біздің елде де, әлемдік практикада да белгілі жол. Мектеп мұғалімінің отбасын қамтамасыз етуге міндетті ер азаматқа сай айлық мөлшерінің жеткілікті болуы. Бүгінгі нарықтық заманда басқа механизмдердің бұл мәселені шешуде ықпалы әлсіз дер едім.
Марат ТОҚАШБАЕВ, журналист-жазушы, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, профессор.
Қазақ қоғамына азамат образы қажет
Тәрбие мәселесінде ер адамдың орны әрқашан ерек қой. Еркек түздің адамы болғанымен, оның тұлғасының өзі үлкен маңызға ие. Сол сияқты мектептерде ер ұстаздардың көптеп болуы өзінен-өзі көптеген мәселелердің оңды шешілуіне әсер етеді. Әуелі тәртіп орнайды. Кейбір балалар еркелетсең, еркінсіп, бос қоя берсең, босаңсып кетеді. Ал ер азамат бар жерде бала жинақы, түзу жүреді. Ер адамның сөзі де салмақтырақ, өтімдірек болып келеді. Тапсырылған міндет көбіне ер адамның аузынан шықса, оның орындалуы да уақытылы болып жатады. Әйел адам мейірбан, жұмсақ, кешірімді болатындықтан, оған бала еркелегіш болады. Тентек, бұзақы балаларды тәртіпке салуда да ер адамның айбыны зор мәнге ие. Зілді көзі, өңмеңнен өтетін сөзі баланы сабасына түсіруі мүмкін. Әйтпесе жоғары сыныптағы ұл балалар «апайларына» бағына бермейді.
Өзі біздің қоғамда ер адамның образын насихаттау жетіспейтіндігін жиі айтып жүрміз. Әзіл-оспақ театрларындағы еркектер әйел ролін жиі сомдайды. Еркектің «қатын» ролін ойнаған фильмдерді де көз көрді. Қазақ қоғамы «қатын» образына мұқтаж емес, бізге азамат образы қажет.
Мектептердегі ер мұғалімнің жетіспеуі әке рөлінің төмендеуіне де әсер етіп жатыр. Мектепте де, қоғамда да әйел образы алдыңғы орынға шығып кеткендіктен, бала әйелдің айтқанын тыңдауға дағдыланады. Қыздар жағы бой жеткенде күйеуін билеп-төстеуге бейім болады. Үстемдік еткісі келеді. Қыз-келіншектердің ер азаматпен ұрсысып-тартысып жатуы да содан ба деймін. Сондықтан мектептердегі ер мұғалімдердің санын көбейту керек. Ол үшін бірінші кезекте мұғалімдер жалақысы жоғары болуы тиіс!
Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек ері, ардагер ұстаз.
Олқылықтың орны ұстаздың мәртебесі мен жалақысы
көтерілгенде толады
Түйіткілдің төркініне өңілсек, мәселеге әріден қарауға тура келеді. Бүгінде екі жанұяның бірі десем артық па, кем бе білмеймін, бірақ ажырасушылық көп. Баланы көбіне ана бір өзі бағып-қағып, шама-шарқынша тәрбиелеп отыр. Мектепке келгеннен кейін де бала санасына әйел тәрбиесі көбірек сіңіп жатыр. Ұлдарымыздың бойындағы ержүректік, батылдық сынды ер-азаматқа тән қасиеттер кеміп кеткені осыдан ба деп ойлаймын. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін ең қажетті қадам – ұстаз мәртебесін көтеру, оған жоғары жалақы тағайындау. Қазір қоғамда мұғалімнің беделі өте төмен түсіп кетті. Сондықтан оған бірлі-жарым болмаса талантты жастар аз келеді. Грант көп, мұғалімдікті оқып жатқан жастар да көп, бірақ сапа аз. Тіпті төмен баллмен мұғалімдікке грантқа түсіп алып, кейін басқа мамандықтарға магистратураға, екінші жоғары білімге кетіп жататындар аз емес. Ал жас мұғалімдер арасында «сабағымды өтсем болды, арғысы оқушының өзі біледі» деп ойлайтындар артқан. Бұрын біз бала бірдеңе үйренсе екен деп өліп-талып жататынбыз. Бала қабылдамаса, жанымыз ауыратын. Кінәні өзімізден, іздеп, жаңа тәсілдерді қолдануға тырысатынбыз. Қазір ондай аз. Оған еңбегіңнің, жанкештілігіңнің лайықты қайтарымының болмауы себеп деп ойлаймын.
Ұл мұғалімдер мектепке келмейді емес, келіп-ақ жатыр. Бірақ кішкене істеп, жоғары жалақы төлейтін өзге салаға, зияткерлік мектептерге ауысып кетеді. Немесе қазір репититорлық деген шықты ғой, соған ден қойып, балаларды қосымша дайындаумен шұғылданады. Оларды қайтып кінәлайсың?! Бәрінің күйттегені – күнкөрістің қамы! Сондықтан мұғалімдерге бірден жақсы жалақы төленсе, онда ер балалар келеді. Әйтпесе тәжірибелі ұстаздар салыстырмалы түрде төмен алмайды. Бірақ оған ондаған жыл кетеді.
Жарас СЕЙІТНҰР, психология ғылымының кандидаты
Ер мұғалімнің аздығының психологиялық салдары жоқ емес
Бұл проблема Қазақстанда ғана емес, посткеңестік елдердің бәрінде орын алып отыр. Мектептердегі гендерлік ассиметрия бүгінде 80-85 пайызды құрайды. Мәселе орта мектепте ғана емес, арнаулы және жоғары оқу орындарында да белең алған. Оның психологиялық салдары жоқ емес.
Эволюция заңы бойынша әйел адам консерватор, сүзгіден өткен нәрсеге ғана сүйенетін, тәуекелшіл емес болып келеді. Ал ер адамға тәртіпті «бұзушылық», инноватор, жаңашылдыққа құмарлық, авангард яғни көшбасшылық, қауіп-қатерге қарсы жүрушілік тән. Және әйел мен ердің жүріс-тұрысы, оқиғаға реакциясы да бірдей емес. Ал санасы қалыптасу үстіндегі бала әртүрлі мінез-құлық үлгісін, гендерлік рөлді көруі керек. Өйткені қоршаған орта психологиясының адамға әсері үлкен. Адам бәрібір трансформацияға ұшырайды. Айнала қандай болса, соған ұқсай бастайды. Ол саналы түрде жүзеге аспаса да, бейсаналы түрде әсер етеді. Сондықтан ер адамның мектептегі орны орасан.
Тағы бір назар аударарлық мәселе, әсіресе біздің қоғамда ер адамдар психологиялық тұрғыда мектептердегі басшылық қызметтегі әйелдерге бағынғысы келмейді. Оған намыстанады. Себеп – Қазақстан дәстүрлі, патриархаттық құндылықтарға негізделген қоғам. Қазақстан жерінде ұстаздар ер адамдар болғанын тарихтан да білеміз. Молдалар мен мешіт медреседегі мұғалімдер, кейін Ыбырай Алтынсариннен бастау алатын ұстаздық қызметте ер адамдар сабақ берді. Кеңес үкіметінің саясатының салдарынан арасалмақ біржақты әйелдер жағына қарай ауды. Оны теңестіру үшін кешенді шаралар керек. Дәл бүгінгі күні мұғалім мамандығының әлеуметтік-психологиялық мәртебесі төменгі деңгейде. Оны көтеру әуелі жалақыны жоғарылатудан басталуға тиіс.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір