• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

08 Мамыр, 08:56:35
Алматы
+35°

19 Тамыз, 2019 Оқиғалар

ҚР СІМ қырғыз тауында жоғалып кеткен альпинистерге қатысты ресми мәлімдеме жасады

Министрлік мәліметінше, альпинистер 15 тамыз күні шамамен сағат 08-15-те соңғы рет байланысқа шығып, орын алған жайтқа қатысты дабыл қаққан. Сондай-ақ, олар А.Чечулиннің қаза тапқандығын естірткен.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Қырғызстан тауларында қиын жағдайға тап болған Қазақстан альпинистеріне қатысты жайтқа қатысты ресми мәлімдеме жасады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"2019 жылдың 17 тамызында Бішкектегі қазақстандық консулдыққа Қазақстанның 3 альпинисі Тянь-Шань тауының (Қырғызстан, Ыстықкөл облысы) Победа шыңында жоғалып кеткендігі туралы ақпарат түсті. Қазақстан азаматтары Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулиннің 4 тамыз күні Победа шыңына сапарлап шыққандығы анықталды. Олардың барлығы да кәсіби және тәжірибелі альпинистер. 14 тамызда альпинстер аталған шыңды бағындырған. Сол күні ауа райы нашарлап кеткен", - делінген министрліктің мәлімдемесінде. 

Министрлік мәліметінше, альпинистер 15 тамыз күні шамамен сағат 08-15-те соңғы рет байланысқа шығып, орын алған жайтқа қатысты дабыл қаққан. Сондай-ақ, олар А.Чечулиннің қаза тапқандығын естірткен. Альпинистер дабыл қаққан сәтте олар 6 900 метр биіктікте болған. Шатырлары мен жабдықтарын жел ұшырып кеткен. Олар қардан шұңқыр қазып, соған жасырынғандықтарын айтқан.

"Дипломаттарымыз жедел түрде болған оқиға жайында Қырғызстан ТЖМ-і мен Қазақстан ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің кезекшілік бөліміне хабар берген. 18 тамызда аталған жорықты ұйымдастырған туристік компанияға тиесілі тікұшақ 18 тамыз күні альпинистер жоғалған болжамды ауданды шолу үшін екі рет әуеге көтерілді. Өкінішке қарай, нәтиже жоқ. Себебі тауда бірнеше рет көшкін жүріп, аталған ауданды қар басып қалған", - деді министрлік.

Ведомство ақпаратына сәйкес, құтқару операциясына аталған таулы аймақта тікұшақтың не бәрі 4 500 метрде ғана ұшуына рұқсат берілуі, сонымен қатар қолайсыз ауа райы кедергі келтіріп жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстан елшілігінде жедел штаб құрылып, ол жоғалған альпинистерді іздеуге барынша көмек көрсетіп жатыр. Дипломаттар Қазақстан мен Қырғызстанның құзіретті органдарымен және жоғалған альпинистердің туыстарымен тұрақты байланысқа шығып отыр. Консуль мен М.Өтепбаевтың туыстары түнімен Елшілікте болып, үйлестіру мәселелерін бірлесіп қарастырды. Қырғыз аумағында Қазақстан тікұшақтарының ұшуына рұқсатты ұйымдастыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Қазақстан тікұшақтары жоғалғандарды іздеуге көмекке шақырылған Қазақстан, Қырғызстан және Ресейдің кәсіби альпинистер тобын жеткізетін болады. Бір іздеу тобына танымал альпинисші Мақсұт Жұмаев жетекшілік ететіндігі жоспарланған.

Қазақстан Сырты істер министрлігі альпинистерді іздеу жұмыстарын ерекше бақылауында ұстап отыр. ҚР ІІМ ТЖК және Қорғаныс министрліктерімен бірге қырғыз тарапымен жедел жұмыстарды жүргізіп жатыр.

Еске салсақ, алматылық альпинистер тобы Қырғыз тауларында жоғалған болатын. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тауда қазақстандық альпинистер тобының жоғалып кетуіне қатысты Instagram парақшасында алаңдаушылық білдірді. Кейінірек жоғалған альпинистердің бірінің қызы әлеуметтік желі арқылы қалың көпшіліктен көмек сұрады. Сондай-ақ, ҚР Қорғаныс министрлігі альпинистерді құтқару операциясын бастады.



 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір