• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 06:39:53
+12°

23 Тамыз, 2019 Оқиғалар

Жоғары сот "Тальгодағы" зорлау ісіне қатысты ҚТЖ-ға ескерту жасады

Жоғары сот мәліметінше, екі жолсерікке үкім шығарар кезде ҚТЖ-ның оларға берген оң мінездемесі негізге алынып, жаза жеңілдетілген.

 

Қостанай облыстық сотының судьялары "Тұлпар-Тальго" пойызында әйел зорлады деп айыпталған екі жолсеріктің ісін қайта қарауға жіберіп, оларға оң мінездеме берген "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына ескерту жасады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы Жоғары соттың баспасөз қызметі мәлімдеді. 

"Қостанай қаласы № 2 сотының Жетес Үмбеталиев пен Қолғанат Құрманиязға қатысты үкімінің күші жойылып, қылмыстық іс прокурорға қайтарылды. Осыған байланысты төрағалық етуші сот төрағасы А.Мерғалиев, алқа судьялары К.Ж.Сәлмұхаметов,  Қ.С.Екішева және судья Қ.С.Екішева бар алқа құрамы ҚР ҚПК-нің 405-бабының бірінші, үшінші және төртінші бөліктерін басшылыққа ала отырып қаулы етті", - делінген Жоғары соттың мәлімдемесінде.

Жоғары сот мәліметінше, екі жолсерікке үкім шығарар кезде ҚТЖ-ның оларға берген оң мінездемесі негізге алынып, жаза жеңілдетілген.

 "Осы істегі айыптау актісіне сүйенсек, олар жұмыс уақытында мейрамхана-вагонда болған. № 6 вагонның жолсерігі Ж.Үмбеталиев қоғамға қауіпті әрекет жасау мақсатында жәбірленушінің қасындағы жолаушыны басқа купеге негізсіз ауыстырған. Кейін сонда қалған әйелді зорлаған. Бұл сорақылық аздай, Ж.Үмбеталиевтен соң, № 19 вагонның жолсерігі Қ.Құрманияз ол әйелге сондай зорлық көрсеткен. Қоғам назарын аударған бұл оқиға «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы басшылығының жұмысындағы бірқатар кемшіліктің бетін ашып берді. Біріншіден, компания басшылығы жолсеріктердің жұмысына, мінез-құлқына жауапкершілікпен қарамаған. Екіншіден, формализмге бой алдырып, Ж.Үмбеталиев пен Қ.Құрманиязға бірдей, бір мазмұнда оң мінездеме берген. Мінездемеде оларды компания басшылары әбден мақтаған. Олардың бастамашыл екені, жұмыстарын жауапты, сапалы әрі ұқыпты орындайтыны айтылған. "Іскерлік қасиеттері, белсенділіктері, кәсіби және мансаптық өсуге ұмтылыстары, әріптестерімен, басшылықпен жақсы қарым-қатынасы" атап көрсетілген. Екеуі де "сыйлы, әріптестерінің ақыл-кеңестері мен ұсыныстарына ден қояды, еңбек тәртібін сақтайды" деп жағымды сипатталған.Мұндай оң мінездемелер жазаны жеңілдететін мән-жайлар болып саналады. Сондықтан сот ҚК-нің 55-бабы, екінші бөлігін қолдануға мәжбүр болды. Осылайша сот 5 жылдың орнына, оларға 2,5 жыл мерзім белгіледі", - деді Жоғары соттың баспасөз қызметі.

Ескерте кетейік, 2018 жылы қыркүйекте Нұр-Сұлтаннан Ақтөбеге бару үшін "Тұлпар-Тальго" пойызына мінген әйел адамды екі жолсерік зорлаған. 

2019 жылдың 26 шілдеде Қостанай соты "Тұлпар-Тальго" пойызында ақтөбелік әйелді зорлады" деп айыпталған екі жолсерікке үкім шығарды. Судья Оразбай Сатыбалды айыпталушылар Жетес Үмбеталиев пен Қолғанат Құрманиязовты Қылмыстық кодекстің "Зорлық" бабы бойынша кінәлі деп танып, 2,5 және 2 жыл үш айға соттады. Сотта прокурор оларды алты жылға соттауды сұраған еді. Кейін қоғамда сот шешіміне наразылық күшейіп, елдің көлік прокуратурасы сот үкіміне апелляциялық шағым түсірген.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір