27 Тамыз, 2019 Әлеумет
Елге келген Ертісбаев енді бұқарамен ойнай бастады
Қоғам қазақыланып барады. Ал Ертісбаевтар базардан қайтты.
Ертісбаевтардың дәурені өтті. Ертісбаевтардың заманы өтті. Бірақ ол оны сезіне алар ма екен?! Оның лақап аты – "Бұлбұл" еді.
"Бұлбұл" 2001-2012 жылдар аралығында елде ерекше сайрады. Президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болды. Министр лауазымын атқарды. Оның айтқанын ерекше ықыласпен тыңдайтындар, жазғанын тапжылмай оқитындар болды. Ол бір кездерде Қазақстанның саяси борометрі қызметін атқарды. Оның сол жылдардағы сараптамасы мен көзқарасын әрине бағалау керек, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Әрине, саяси сараптамасы мықты болды. Алдағыны болжады, елдегі саяси оқиғаларға сол уақытта көзқарасын нақты білдіріп отырды. Оппозицияға позициясын ашық айтты. Қысылып, қымтырылған жоқ, сұхбаттан қашқан жоқ. Тіпті кейде оппозицияға да ақыл айтып, жол сілтеп отырды. Бірақ 2013 жылы ол елден кетті. Грузияда 5 жыл, сосын Беларуссияда 2 жыл елші болды. Жалпы Ермұхамед Ертісбаевтың саяси баспалдағы осымен бітті деуге болады. Оны Назарбаев жүйесі кезінде жақсы және өте тиімді пайдаланды. Әсіресе, оппозициямен ойында. Бірақ Тоқаев билігіне Ертісбаевтар керек пе?
...Ол елге келді. Зейнеткер жасына екі ай қалғанда Ертісбаев елші қызметінен босатылды. Оны Тоқаев босатты. Бірақ оның елге керегі бар ма? Бар шығар. Қалай? Келе сала сұхбат берді. Алматыға бұрынғы "Алма-Ата" атауын қайтарып беру керек", – деді. Таразыға салсақ, бұл Ертісбаевқа тән әрекет. Нақты айтқанда, Қазақстанға қайта оралғанын көрсету, бұқараға бар екенін популистік жолмен білдіру. Бірақ қазіргі жүйе немесе бүгінгі бұқара Ертісбаевты қабылдай ала ма? Мәселе сонда. Ол 63-ке келді. Қалай айтқанда да, ол қайтадан билік лауазымына бармайды. Бірақ осылай «ежелгі атауларды қайтару» және тағы басқа мәселелермен өз көзқарасы бойынша, тұрақты түрде айналыса береді.
Ол бұқарамен жақсы "ойнайды". Оның пікірлері әлі-ақ қоғамды екіге жарады. Мәселе мынада: ол қашанға созылуы мүмкін? Өйткені орыс тілінде ойлайтындарға Ертісбаевтар қажет. Қашан да керек. Ал "Ертісбаев айтты екен" деп Алматы "Алма-Ата" болып енді ешқашан қайтадан жазылмайды. "Алма-Ата" атауы да қайтарылмайды. Заман көші алға жылжыды. Біздің билікке енді басқа саяси сарапшылар керек. Өйткені қоғам қазақыланып барады. Ал Ертісбаевтар базардан қайтты.
...Бірақ "бұлбұл" бәрібір сайрай береді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір