30 Тамыз, 2019 Саясат
Тоқаев қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтады
Тоқаев құттықтауында "Қазақстан Конституциясы халқықтың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі" саналатынын айтқан.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқын Конституция күнімен құттықтады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Құттықтау мәтіні Ақорда сайтында жарияланды.
Тоқаев құттықтауында "Қазақстан Конституциясы халқықтың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі" саналатынын айтқан.
"Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын! Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмтылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан. Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады.
Келесі жылы Ата заңымыздың 25 жылдығын атап өтеміз. Осы кезең ішінде еліміздің басты заңы жасампаздық пен ілгерілеудің кепіліне айналды. Қазақстан тұтас құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жүйені қалыптастырып, жан-жақты жаңғыру жолына түсті. Тұңғыш президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған Ұлт жоспары мен институционалдық реформалар соның негізін құрайды.
Біздің мақсатымыз – экономиканың сапалы өсімін және халықтың әлеуметтік сұраныстарын қамтамасыз етіп, тұрмыс деңгейін арттыру, сондай-ақ мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіру. Ата заң азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе береді.
Барлық қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!", - делінген Тоқаевтың құттықтауында.
Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды және 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. Бұл - тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші конституциясы. Алдыңғы конституция 1993 жылы қабылданған болатын.
Қазіргі Конституцияға қабылданған сәттен бастап бірнеше мәрте өзгертулер мен жаңартулар болды. Соңғы рет 2019 жылдың 23 наурызында халықтың қарсы болуына қарамастан, Қазақстанның сол кездегі уақытша президенті Тоқаевтың ел астанасын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы берген бұйрығы парламентте мақұлданып, Конституцияға енгізілді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір