• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 00:52:17
Алматы
+12°

05 Қыркүйек, 2019 Әлеумет

Ақтоты ханым, Сіз жастарға сенесіз бе? (видео)

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың назарына

Даналығы мен даралығына дәлел болар сипатты өткен күндердің сұлбасынан жиі қалқып алатын халықпыз. Өйткені қазақ өткен заманда өр еді. Өйткені қазақ ілгеріде айбатты көрінетін. Елді бірлікке бастап, жұртты жұмылдыруға үндейтін ақын-жыраулардың аузынан шыққан әр сөз қазақтың құлағына құйылғаны былай тұрсын, қанына сіңіп кететін. Елі мен жерінің бүтіндігі үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың ерлігі ән мен күй арқылы заманнан заманға көшіп отырды. Қазақ өмірдің құпиясын өнер арқылы ұғынды. Бабалар аманатын жанына түйіп өсті…

Жарайды, арыға бармай-ақ қояйын. Өзіңіз білесіз, Мағжан ақынның «Жастарға» дейтін ғаламат өлеңі бар. Оның ғаламаттығы сол, «Мен жастарға сенемін» деген тегеурінді тіркес ұран, дабыл сипатында әр шумақ сайын қайталанып келіп отырады. Бұл сөз рухты оятпай қоймайды. Жанға сәуле түсіреді, жүрекке жігер береді. Себебі ақын артқан сенімнің өзегінде жауапкершілік жүгі де бар. Сондықтан да шығар, Смағұл Садуақасовтың «Мағжан – қазақ жастары ой-санасының әміршісі» дейтіні.

Біз сол дауылпаз ақынның дабылды жырын жастардың бойына сіңіре алдық па? Жастарды отаншылдыққа, ел мен жерді сүюге үндейтін, өздерін болашақ Қазақ елінің иесі ретінде сезінуіне ұмтылдыратын бұдан асқан қандай өлең керек? Осы ой мені көпке дейін мазалады. Өзім арғы бетте туып, шекараның сыртында өсіп, атамекенді аңсап жеткен қазақпын. Етжақындарым әлі де Қытайда. Елімнен не алам емес, не берем деп келген ұлдың бірі едім. Берерім – бойымдағы өнерім ғана. Бұған дейін жиырмадан аса әнім жарыққа шыққан екен. Ұзақ толғаныстан кейін Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған «Мен жастарға сенемін» әнім өмірге келді. Тыңдармандар (әлеуметтік желі арқылы) жылы қабылдаған тәрізді. Бірқатар зиялылар батасын беріп, алғысын айтты. «Мынауың нағыз «Мағжанның маршы» екен десті. «Алаштың арманын орындаған екенсің», «Мағжанды тірілткен екенсің» десті. Бірақ...

Бірақ «Мен жастарға сенемінді» ешбір телеарна, ешбір радио («Қазақстан» арнасы мен «Шалқар» радиосы тұсауын кескенін қоспағанда) қажет етпеді. Әсіресе «Жастар жылының» тұсында жастардың рухын көтерер дүниенің керексіз болғанына таңданбау мүмкін бе? Қазақстанға келіп, көп нәрсеге таңданған, көп нәрсеге шамданған қазақпын. Таңданыс тудырған жайттың бірі – идеологияның басты құралы саналатын телеарналарға жеңіл-желпі, жарқетпе әндердің өтімді келетіні. Кім біледі, той-думанның көрігін қыздыратын жеңіл дүниелер де керек шығар... Бірақ өмір тек тойдан тұрмайды ғой... Той ұрпақты тәрбиелей ала ма? 

Құрметті Ақтоты Рахметоллақызы! Егер мәдениет саласының тізгіні Сіздің қолыңызда болмаса, мен бұл хатымды жазбауым да мүмкін еді. Себебі Сіз өнердің төл перзентісіз. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдап, еңбек жолыңызды да осы қасиетті шаңырақтан бастадыңыз. Қазақы нақыштың ерекшелігін қалтқысыз ұғынасыз, дала сазының сиқырын салмақтай білесіз. Өтінішім, «Мен жастарға сенемінді» бір тыңдап көріңіз! Ұнамаса, менің осал болғаным. Онда шамама қарамай, Мағжанның жырына жармасқаным үшін көп алдында кешірім сұрауға да дайынмын. Ал егер... Егер талғамыңыздың үдесінен шықса, Мағжанның жырын жаңғыртып, бүгінгі қоғамға «өткізе алмай» жүрген отыздағы оралман қазақтың мұңын түйсінетін шығарсыз. 

Мағжан ақын «Мен жастарға сенемін» деп кетті. Қалтқысыз сенді. Жастар қазір сол сенім биігінде ме? Сіз жастарға сенесіз бе? Мендегі мақсат – атымды шығару емес. Мендегі мақсат – жалғыз, Мағжан артқан сенімді бүгінгідей алақұйын заманда жастардың миына шегелегім келді. Бар болғаны осы!
Өзіңізге деген зор құрметпен :

Ерлан Төлеубай

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір