• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

10 Мамыр, 05:14:07
+35°

Әулиеададағы мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта «Өз өлкеңнің тарихын білесің бе?» атты байқау өтті.

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйытқы болуымен өткен шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бәсекеге 8-10-сынып оқушылары арасында аудандық, қалалық байқаулардың жеңімпаздары қатысып, өзара ой жарыстырды. Жиынның ашылу салтанатында облыстық білім басқармасына қарасты облыстық оқу-әдістемелік кабинеті басшысының орынбасары Бигелді Тәжібаев шараның мақсаты оқушылардың туған өлке тарихын білуге деген танымдық қызығушылықтарын арттыру, зерттеушілікке ынталандыру екендігін жеткізіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Қазақстанның дамуында, оның рухани нығаюында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру үлкен маңызға ие. Бағдарламаның «Қазақстанның киелі жерлері» бағытында «мәдени-географиялық белдеу» туралы, осы белдеудің рөлі мен оған енетін орындар туралы, жат идеологиялардың әсерінен қорғаныс ретінде, ұлттық мақтаныш ретінде әрбір қазақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізу қажеттігі туралы айтылған. Осы орайда облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасы да бар, – деді Б.Тәжібаев.

Мұнан соң білімдерімен оза шауып, көптің ішінен іріктеліп келген оқушылар байқаудың алғашқы «Өз өлкеңнің тарихын білесің бе?» атты кезеңін бастап кетті. Онда қатысушыларға өңірдің тарихы туралы тест тапсырмалары берілді. Сондай-ақ шараның қорытынды «Туған өлке – тұнған тарих» атты екінші бөлімінде оқушылар зерттеу жұмыстарын видеопрезентация арқылы жеткізді. Өз кезегінде қатысушылардың біліміне М.Х.Дулати атындағы ТарМУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті Сейдахан Бақторазов пен ТарМПУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы Бағымкүл Қозыкеева өзіндік бағаларын беріп отырды.

Жалпы байқау барысында оқушылар облыс аудандары мен Тараз қаласының тарихи-мәдени нысандары, археологиялық ескерткіштері, облыс тарихы, туған өлкеден шыққан танымалы саяси және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар, спортшылар, тарихи оқиғалар жайлы білімдерін көрсетіп, ғылыми ізденіс жұмыстарының нәтижесімен бөлісті.

Байқау нәтижесі бойынша І орынды Тараз қалалық №30 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Диляра Әтірбаева еншіледі. Жамбыл ауданы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Еркемай Қайрат пен Шу ауданы М.Әуезов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Аяжан Нұрмахан ІІ орынды өзара бөлісті. Т.Рысқұлов ауданы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Сабина Бекқұлы, Сарысу ауданы Ж.Отарбаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы

Аяулым Жаңабай және Шу ауданы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Інжу Мұқатай жүлделі ІІІ орынға қол жеткізді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір