12 Қыркүйек, 2019
Мемлекеттік қызметкер. Қасаң көзқарастан – жаңаша жұмыс стиліне!
Әкім бол - халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды
Әлімсақтан келе жатқан «әкім бол, жалқыңа жақын бол» деген қанатты сөз бар. Шындығында, күн өткен сайын мемлекеттің қызметтің мәртебесі артып келеді. Бірақ оны біз қаншалықты түсініп, ұғынып жүрміз? Мәселе сонда. Анығы керек, соңғы жеті-сегіз айда жалпы мемлекеттік қызметкерлердің де көзқарасы өзгерді. Өзгергенде қалай, бұрынғыдай емес, халыққа жақындады. Негізі халық та, мемлекеттік қызметші де есте сақтайтын бір нәрсе бар: Ол заң талаптарын орындау және соған сай қызмет ету. Сонда ғана ғана әділдік орнайды, сонда ғана әділеттілік салтанат құрады. Мұны неге айтып отырмыз? Бір ғана мысал, «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы» денген заң бар. Мұнда қарапайым күнделікті өмірде мемлекеттік қызметкердің өзін қалай ұстау керектігіне дейін атап көрсетілген. Енді соны сөзбе-сөз келтірелік.
«Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің жұмыс орнында өздерінің мемлекеттік биліктің мүддесін білдіретінін түсінуі, осыған орай азаматтардың әрбір пікіріне барынша мұқият және мүдделілікпен қарауы, қай жерде және қандай себеппен туындаса да, туындаған жанжалдың алдын алуға, не болдырмауға тиіс», - деп атап көрсетілген құқықтық тұжырымдамада. Бұдан артық мәселе қалай түсіндірілуі керек?! Демек, кез келген мемлекеттік қызметкер этикаға сай, әдептен озбай қызмет етсе, онда халықтың пікірі де оларға өте жоғары болады. Бірақ бұрынғыдай емес, қазір көзқарас өзгерген. Мемлекеттік қызметкерлер жаңаша қызмет істеуге көшті.
Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ашық әрі әділ айтқаны бар. Мемлекет басшысы «әкімдер халықпен жаңаша форматта жұмыс істеуі керек» деп талап қойды.
–Әкім бол - халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс. Халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникациялық құралдарды пайдалана білген жөн. Сонымен бірге, кері байланыс орнатудың пайдасы зор. Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселені тиісті деңгейде тез шеше алады. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттырады». Бұл пікірді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің есептік кездесуінде ашық айтты.
Расында да қазіргі уақытта биліктегі мемлекеттік қызметшінің жаңаша жұмыс істеу кезеңі басталды. Мұны қарапайым халық та байқай бастады. Осы ретте өзім куә болған бір ғана мысалды айтайын. Соңғы бір -екі айда республикамыздың облыстарындағы бірнеше әкімшілікте болдым. Жымиып күліп қарсы алып, өздері сыртқы есікке дейін шығарып салады. Алматы қаласының әкімшілігінде де сондай жағдайды кездестірдім. Бұрынғыдай сені кабинетінде күтіп, шіреніп отыратын кішкентай шенеунік жоқ. Жұмысың бітіп, қабылдаудан шыққан соң, әкімдіктің қызметкері сыртқы есікке дейін ілтипатын білдіріп шығарып салады. «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, бұл – бұрынғы қалыптасқан қасаң көзқарасты бұзу.
Әрине мемлекеттік қызметкерлер өзгерді, бірақ бүгінгі жағдайға халықтың көзқарасы қандай? Біз бұл сауалды елдің ортасында жүрген бірнеше азаматтарға қойдық.
Болат Қорғанбеков, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры:
–Жалпы халық пен биліктің арасы қандай болуы қажет екендігін сонау ықылым заманда-ақ бабамыз әл -Фараби жете түсіндіріп айтып кеткен. Ұққан адамға бұл – ұлы сөз. Сонау оныншы ғасырларда айтылған пікір бүгін де көкейкестілігін жойған жоқ, қайта маңызы артып барады. Сондықтан ұлылар айтқан ұлағатты сөзге бүгінгі билік өкілдері бір сәт мойын бұрса, оның еш әбестігі жоқ. Қайта халыққа жақындап, мейірімді бола түседі.
«Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала – қайырымды қала, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды болмақ.
Ал қайырымды қала басшысында алты түрлi қасиет болу керек. Олар – даналық, асқан пайымдылық, сенiмдiлiк, ойлау қабiлетiнiң жоғары болуы, соғыс өнерiн жетiк бiлуi, денсаулығының мықты болуы. Осының бәрiн өз бойында ұштастыратын адам барлық уақытта кiмге елiктеу керек екенiн, кiмнiң айтқан сөзi мен ақылына құлақ қою керек екенiн көрсететiн үлгi болады. Мұндай адам мемлекеттi де өзiнiң қалауынша басқара алады, – дейді әл Фараби.
Әл-Фарабидың «Қайырымды қаланың тұрғындары» атты трактаты өмірі маңызын жоймайтын философиялық мәні бар мәселе. Сондықтан да бүгін де, ертең де бұл өміршең болып қала бермек.
Әрине, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу оңай шаруа емес. Бұл – уақытқа бағына бермейтін жұмыс. Сондықтан түсіністікпен қарау керек. Олар – Қазақстанға қалтқысыз қызмет етіп жатқан азаматтар. Бұдан шығатын қорытынды не? Біз мемлекеттік қызметкерлерің жұмысын бағалауымыз керек. Әрине, мемлекеттік қызметкердің жүріс-тұрысы халықтың көз алдында. Олардың кез келген мәселеге сыпайы жауап беруі алдымен олардың ішкі мәдениетіне байланысты. Мемлекеттік қызметке де талап күшейді. Қазір заман да өзгерді, әлеуметтік желі арқылы халықпен тікелей байланыста отыратындар көбейді. Бұл жақсы нышан. Қазір әр әкімнің, орынбасарлардың немесе олардың баспасөз хатшыларының әлеуметтік желіде парақшалары бар. Халықтың сауалдарына желі арқылы жедел жауап беріледі. Демек, мемлекеттік қызметкерлерге сенім артты. Бұл орайда бұрыңғы қасаң көзқарастан толыққанды құтылып келе жатырмыз деп ойлаймын.
Бауыржан Оңғарбаев, «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының президенті, кәсіпкер, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері:
–Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдермен кездесуінде «біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны - қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол - халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс», – деп атап көрсетті. Өйткені мемлекеттік қызметте істеу – бұл мемлекет пен қоғам тарапынан берілген ерекше сенім. Ал ол сенімді ақтау – әр мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігіне, жұмысты қалай істеуіне байланысты. Өкінішке қарай, көп жағдайда жергілікті кәсіпкерлер көтерген идеялар әкімшіліктегі шенеуніктер тарапынан кейде кедергілерге ұшырап жатады. Бұл әрине дұрыс нәрсе емес. Бірақ әкім қай бір қызметте, қай бір лауазымда жұмыс істесін, ең алдымен ол елдің мұңы мен халықтың мұқтажына көңіл бөлуі қажет. Бастамалардың баянды болуына қолдауын көрсетуі тиіс. Сонда ғана билік құзырына елдің сенімі артады.
Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Бұл нені білдіреді? Бұл өмірден өткен тұлғаларға құрметпен қарау деген сөз. Сондықтан тарихымызды, тәуелсіздігімізді армандап өткен арыстарымызды қадірлеуіміз керек. Тұлғаны қадір тұтпай, оларды қастерлемей, алға баса алмаймыз. Елбасының, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Болашаққа көзқарас» атты мықты бағдарламасы бар. Бұл өткенді құрмет тұту, оны бүгінгі ұрпаққа жеткізу. Әрине, өндіріс пен экономиканы дамыту маңызды. Бірақ адамның көкірек көзі ашық болмай, санасы рухани тұрғыдан жаңғырмай, тарихымызды құрмет тұта алмаймыз. Мұны Қазақстанның әрбір мемлекеттік қызметкері біледі және оны ойынан бір сәт шығармауы керек деп ойлаймын. Өйткені идея мен ұлттың жаңғыруына қатысты бастамалар жергілікті жердегі белсенді азаматтардан шығып жатса, таразылып, оның өміршең болуына мемлекеттік қызметкерлер әрқашан қолдауын көрсетіп отыруы тиіс.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір