• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

05 Желтоқсан, 06:45:05
Алматы

08 Қыркүйек, 2019 Барлық аймақтар

Құқықтық мәдениетті қай уақыттан бастап қалыптастырған дұрыс?

Масылдық – бұл мәдениеттің жоғары деңгейі емес және бұл  құқықтық тұрғыдан орынды талап ету емес.

Сөзге шеберміз, бірақ бүгінгі қоғамдық саяси-әлеуметтік- экономикалық өзгерістер болып жатқанда бір нәрсені ескере бермейміз. Әрине, әркімнің  үкіметтен, жергілікті атқару билігінен талап етуге құқы бар. Бірақ бәрі де заң аясында өтуге тиіс.

Ата заңымызда құқықтық мемлекет құру міндетіміз екені атап көрсетілген. Алайда бұл мәселе мемлекет басындағылардың ғана ісі ме? Жоқ олай десеңіз, қатты қателесесіз. Құқықтық мемлекет құру жалпы қоғамда өмір сүріп отырған баршамыздың міндетіміз. Негізі құқықтық мемлекет құру мен қарапайым халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселесі ортақ ұғым. Елдің бәрі заңгер емес немесе заңды біліп тумайды. Бірақ ақиқат ретінде мойындайтын бір нәрсе бар. Білімді, құқықтың мәдениеті жоғары адам мәселенің  заңды түрде шешілуін талап етеді. Негізі азаматтық қоғамды қалай қалыптастырамыз? Құқықтық мәдениетімізді көтеріп,  белсенділігімізді арттыру арқылы ғана. Бұл өз кезегінде демократиялық қоғамның дамуына өз әсерін тигізеді. Құқықтық мемлекеттің қалыптасуына ықпал етеді.

Негізінде құқықтық тәрбие беру адам есін жиып, қоғамға, айналадағы болып жатқан оқиғаларға байыпты, салмақты көзқараспен қарағанда ғана қалыптасады дегенге сену қиын. Құқықтық тәрбие беруді негізі мектеп жасынан бастаған жөн.  Жалпы бұл жерде мектеп, ұстаз, ата-ананың арасындағы байланыс күшейгені абзал.  Балалық шақтан басталған тәрбиенің мәні зор, бастауы мықты болса, тәрбие текке кетпейді . Әрине, өсіп келе жатқан жасқа қоршаған орта әсер етуі мүмкін, бірақ түпкі негіз тәрбиеден келетіні түсінікті. Сондықтан да мемлекетімізде құқықтық тәрбие беріп, құқықтық мәдениетті көтеру маңызды мәнге ие болып отыр.

Негізі қоғамдағы адамдардың мінез-құлқы әртүрлі. Олардың пайымы да, ұғыну деңгейі да әртүрлі. Сондықтан ең басты нәрсе – қоғамдық тәртіпті бұзбау. Ал адам мен оның бостандығы, өмір сүруі және құқықтық мәртебесіне мемлекет кепілдік беріп отыр. Осы орайда бір нәрсені ескерген жөн. Мемлекетке масылдық адам баласын жалқаулыққа үйретеді. Келсін, келмесін, бәрін атқарушы биліктен талап ету орынсыз. Екі қолың сау, бас аман, онда  жұмыс істе! Егер ниет болса, кез келген саладан жұмыс табуға болады. Мәселе сонда. Масылдық – бұл мәдениеттің жоғары деңгейі емес және бұл  құқықтық тұрғыдан орынды талап ету емес. Құқықтық сана мен құқықтық мәдениет  деңгейі жоғары болмаған жерде  әртүрлі тәртіпсіздіктерге жол беріледі. Бірақ халықтың құқықтық жауапкершілігін арттыру қашан да маңызды мәселе. Осы орайда Қазақстан Республикасында қабылданған заңнамалар бар.  Бәрі де еліміздегі  тұрақтылықты заңдық тұрғыдан кепілдік бере отырып қамтамасыз етуге арналған.

Жалпы біз  Қазақстан Республикасында Президент қол қойған заңдарды әркез шолып отырсақ,  артықтық етпейді. Бір ғана мысал, осыдан оншақты жыл бұрын Елбасының қолы қойылған «2010-2020 жылдар аралығындағы кезеңге арналған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» Жарлық  шықты. Бұл түсіне білген адамға үлкен мәні бар бағдарлама. Тұжырымдамада мемлекеттің құқықтық саяси саласында арнайы бағдарлама әзірлеудің қажеттілігі туралы айтыла келіп, заңдардың қолжетімді болуы атап көрсетілген. Дәл осы тұжырымдамада халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттілігі айтылған. Сондай-ақ, бұл бір ғана Әділет министрлігінің шаруасы емес, азаматтардың құқықтық санасы мен мәдениетін көтеруге басқа да барлық мемлекеттік органдар атсалысуы тиіс.

Ал он жылдыққа, яғни 2010-нан 2020 жылға дейінгі арналған құқықтық саясат тұжырымдамасының басты міндеті –  еліміздегі заңдарды ізгілендіру. Жалпы қоғамдағы заңдардың  ізгілендірілуі негізі халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда да үлкен рөль атқарады. Ал  азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру – бұл бүкіл қоғамның міндеті, борышы, парызы.

Сонымен, құқықтық сана мен мәдениетті қай уақыттан бастап қалыптастырған дұрыс? Бұл – өмір бойы адамның жадында, санасында бірге жүруі тиіс ұлттық құндылық.

Сондықтан да адам баласы қай жаста болсын, құқықбұзушылыққа төзбеуі тиіс. Әрине, жастық қылып, аяғын шалыс басқандардың әрекетін заматында алдын алып, ескерту жасап отыру бәрімізге тән құбылысқа айналуы тиіс. Мемлекет қана емес, заңды сыйлауға, заңды құрметтеуге  бір-бірімізді де тәрбиелеуіміз керек. Сонда ғана құқықтық санамыз қалыптасып, құқықтық мәдениетіміз көтеріледі.

Ақтолқын Тажикова

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір