20 Қыркүйек, 2019 Барлық аймақтар
Кәсіподақ еңбек адамының құқын қорғайды
Жұмысқа тұрсаңыз, ең алдымен жұмыс берушімен келісімшартқа отыруыңыз керек
Кәсіподақ дегеніміз не? Біз оның қандай құқықтары барын білеміз бе? Ол немен айналысады?
Әрине, бүгінгі таңда әр ұйымда кәсіподақ бар. Оның мүшелері негізінен ұжымда жұмыс істейтіндер. Бірақ күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, біз оған мән бере бермейтініміз ақиқат. Бірақ еске сақтайтын бір нәрсе бар: кәсіподақ сенің құқыңды қорғайды және саған қамқорлық жасап, қажетті жағдайларда материалдық және басқа да көмек көрсетіп отыратыны да жасырын емес.
Кәсіподақ салалық болып бөлінгенімен, олардың да өз мерекесі бар. Әр жылдың 10 қазан күні кәсіподақтар өздерінің мерекесі атап өтеді. Кәсіподақ Президент тапсырған міндеттемелерді адал орындап жатыр десек, бұл ақиқат. Мемлекет саясатын жүргізіп отырған кәсіподақтың жұмысы атап айтқанда, бүгінде Елбасының тапсырмалары, Президенттің Жолдауларымен толыққанды үндесіп отыр. Өйткені кәсіподақтың басты міндеті–еңбек адамының құқын қорғау және оларды қолдау.
Ең бастысы, республикалық басты ұйымның бірі болып отырған біз сөз еткелі отырған Кәсіподақтар федерациясының бүгінде жұмыс берушілермен жұмысы жанданып келеді. Аталған федерацияның жұмыс берушілермен ортақ келісімі бар. Аталған құжат «2018-2020 жылдарға арналған Бас келісім» деп аталады. Мұның аясына не кіреді? Атап айтар болсақ, 23 салалық, 16 жергілікті келісімнің аясында еңбек адамының құқын бұзбау мәселесі тұр, Еңбек адамына жағдай жасау мәселесі көтеріліп, екі жақ мәмілеге келіп, қол қойған.
Алайда айта кететін бір нәрсе бар, көптеген еңбек ұжымдарында жұмысқа тұрған адам келісімшартқа отырмай жұмыс істей береді. Сондықтан қандай да бір салаға жұмысқа тұрсаңыз, ең алдымен жұмысшы немесе қызметкер болсын, жұмыс берушімен келісімшартқа отыруыңыз керек. Ол бір жылға бола ма, жоқ алты айға ма, оның барлығы да келісімшартта атап көрсетілгені дұрыс . Сонда ғана жұмысқа тұрушы азамат еш ұтылмайды. Сотта да құқын қорғай алады.
Бүгінгі таңда осыған байланысты Кәсіподақтар федерациясы еңбек адамының құқын қорғау және олардың құқықтық сауаттылығын ашу үшін не істелініп жатыр.? Бұл сауалмен Кәсіподақтар фелерациясына шыққан болатынбыз. Кәсіподақтар федерациясының баспасөз өкілі бізге мынандай ақпараттар берді. Біріншіден, аталған жағдайды жүйеге келтіру мақсатында Кәсіподақтар фелерациясы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен 2018 жылдың көктемінен бері республикалық іс-шара өткізуді бастаған көрінеді. Аталған акция «Еңбек шартын бастаңыз!» деп аталады. Үстіміздегі жылдың алғашқы алты айында республика көлемінде 110 мың ұжымдық шарт жасалған екен. Ұжымдық шартпен жұмыс істеу бүгінгі таңда 98 пайызды құрап отыр екен. Бұл әрине жақсы көрсеткіш. Әзірге бұл кәсіподақ ұйымдары бар өндіріс немесе кәсіпорындағы еңбекшілермен жасалған ұжымдық шарт келісімі.
Кәсіподақтар федерациясы сондай-ақ Жоғары сотпен де меморандумға отырған. Мұның да себебі бар. Өйткені көптеген ұжымдарда еңбек даулары ара-тұра кездесіп қалады. Мұндай жағдайда мәселені сотқа дейін шешу мәселесі де қарастырылған. Қазірдің өзінде кәсіподақтар ғимаратында 17 татуласу орталықтары жұмыс істейді. Әрине, соттың да шаруасы шаш етектен. Ал істі насырға шаптырмай, мәселенің алдын алу арқылы шешу бұл жағдайды аса күрделендірмейді. Сондықтан бұл орайда Жоғары сотпен бірлесіп құрылған медиациялық орталықтардың жұмысы бүгінгі таңда оңды болып отыр. Мұндай орталықтар екі тарапты татуластырады, мәмілеге келтіреді. Сөйтіп жағдайдың алдын алады.
Қазіргідей қым-қуыт, технологияның дамып, жұмыстың автоматтандырылып отырған уақытында жұмыс орнын сақтау үлкен мәртебе. Сондықтан да кәсіподақтар федерациясы әрбір азаматтың құқын қорғау мақсатында олардың жұмыс орнын сақтау үшін 122 мыңнан аса жұмыс берушілермен келісімге келген. Бұл үлкен нәтиже және кәсіподақтардың бүгінгі таңда тиянақты жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.
Расын айту керек, еліміздегі Кәсіподақтар федерациясы жалақысы төмен жұмысшылардың еңбек ақысын көтеру тұрғысында Президенттің берілген тапсырмасын қатаң бақылауға алып келеді. Сондықтан алдымен өзіңе, сосын кәсіподақтың қолдауын сезін деп қадап айтқымыз келеді. Өйткені қандай да бір жағдай болмасын, ең алдымен сенің құқыңды қорғап, қолдауын көрсететін осы біз айтып отырған – кәсіподақ ұйымы. Бүгінде 2 миллионнан аса мүшесі бар кәсіподақ ұйымының жұмысы шындығында бүгінде жанданған және мемлекет саясатын халықпен бірге ортақ мақсат үшін, болашағымыз үшін адал атқарып келеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір