• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 07:11:23
Алматы
+12°

Қамшының электронды хат қоржынына  "Ақтұйғын" ЖШС директоры Армангүл Солтанмұратқызының атынан "Отандастар" қоры ой-жоба ұрлай ма?" деген тақырыпта хат келіп түсті. Қамшы - еркін пікір алаңы болғандықтан, Солтанмұратқызының "Отандастар" қоры коммерциялық емес акционерлік қоғамының жұмысын сынға алып жазған хатын жариялауды жөн көрдік. 

Ескерту: Хат авторының көзқарысы Qamshy.kz ақпарат агенттігінің ұстанымын білдірмейді. Егер "Отандастар" қоры коммерциялық емес акционерлік қоғамы осы хатқа  байланысты қандай да бір түсініктеме беретін болса, Qamshy.kz ақпарат агенттігі оны да жариялауға дайын. 

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары З.Қ. Тұрысбеков пен "Отандастар" қоры коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті Н.Әбіқаевтың назарына! Осыдан бір жыл бұрын жолдасым, жазушы Жәди Шәкенұлы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары З.Қ. Тұрысбековке және "Отандастар" қоры коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті Н.Әбіқаевқа "Шетел қазақтарының кітапханасы"-сын ашу туралы ой-жоба" тақырыбымен ұсыныс хат жазған еді. Хатты 2018 жылдың аяғында аталған ұйымдарға апарып берген болатын.

Аталған хатта: "Қазақ әліпбиінің өзгеруі мен қытай сынды елдердегі қандастарға жасалған бұғау себепті шетелдегі қазақтарға қатысты құнды дүниелердің бізден алыстап, бөлініп қалу қаупі туындап отыр. Шетелдегі немесе шетелден оралған қандастардың әдебиеті мен мәдениетіне, рухани әлеміне жанашырлық таныту – қазақтың түгенделіп жатқан бай қазынасына деген қамқорлық қана емес қазақ руханиятын байытуға қосқан үлес саналады.

Сол себепті де осы үрдістердің шешілуіне оң ықпал етіп, Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында айтылған төл тарихымыз бен төл мұрамызды ардақтап ел кәдесіне ұсыну үшін – "Шетел қазақтарының кітапханасы"-сын ашу идеясын ұсынып отырмын" деген жолдар бар болатын.

Үш ай күтсе де хаттан еш жауап болмағасын жолдасым аталған ұйымдарға кіріп, хаттың жауабын сұрайтындығын білдірген еді. Бірде «Отандастар» қоры коммерциялық емес акционерлік қоғамының президентінің орынбасаралары Талғат, Манатбектерге кіріп аталған әңгімені қайта қозғағанын айтып, менімен ақылдасты. Әрі Талғат мырзаның аталған жобаны іске асырудың нақтылы жобасы жөнінде ұсыныс-жоба жазып берсеңіз дегенін айтып келді. Сөйтіп, жолдасым Ж.Шәкенұлы екеуіміз жаңа жоба дайындадық. Кітапхана атын "Отандастар кітапханасы" деп атауды жөн көрдік.

Аталған жоба "Шетел қазақтарының "отандастар кітапханасы" туралы ой-жоба" деп аталады. Жазбаша дайындалды. Былайша басталады: "Жоба "Отандастар" қоры коммерциялық емес акционерлік қоғамының қаржылық демеушілігімен ЖК "Ақтұйғын" арқылы іске асады. Егер ЖК құжаты лайықты емес деп танылса ұйымдастырушылар жағынан өзге де заңды тұлғалар ұсынылады.

Екі жақ өзара келіскен соң нақты  жұмыс барысы келісім-шарт арқылы жүзеге асады. ҚР заңнамасын басшылыққа алады.

Кітаптар қорын топтауды ұйымдастыру, кітапхана жұмысын жүргізу, қызметкерлер тағайындау, кітапханаға тән өзгеде іс-шараларды ұйымдастыру ЖК "Ақтұйғын" арқылы жүреді".

Аталған жоба "Отандастар" кітапханасын ашудың барлық жолдары мен амалдарын, іс барысын егжей-тегжейлі баяндаған.  Хаттың соңына  "Жоба ұсынушы:  ЖК "Ақтұйғын" және "Ақтұйғын" ЖШС директоры Армангүл Солтанмұрат (менің есімім), Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразия Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі, жазушы  Жәди Шәкенұлы» деп қол қойылған.

Хатты аталған құзіретті мекемелерге жеткізген жолдасым қуана жауап күтіп жүрді. Алайда хаттан тағы да жауап жоқ. Сосын аталған жоба бойынша өзін қолдаушы екі азаматпен бірге "Отандастар" қоры басшысы Н.Әбіқаевқа кірмек болып арнайы хат жазды. Хатты бірге дайындаған едік.

"Отандастар" қоры коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті Н.Әбіқаевтың атына жазылған өтініш хаттың мәтіні мынадай: "Шеттен оралған және оралмақшы қазақтарға көрсетілетін рухани-мәдени көмектер хақында арнайы сауалдармен Сіздің құзіреттілігіңізге кіруге рұқсат етіп, арнайы қабылдауыңызды сұраймыз.

Ұлт жанашырлары мен зиялы қауым өкілдерінен:

"Астана 20 жыл" медалының иегері, ҚР "Ардагерлер ұйымы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесінің мүшесі, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, "Шипалы емдеу орталығының" директоры Қайрат Айдарханұлы, Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі  жазушы Жәди Шәкенұлы ұлт жанашыры, қоғам белсендісі, белгілі кәсіпкер Біләл Сқақ".

Аталған хатқа тағы да жауап болмағасын, жолдасым Ж.Шәкенұлы өзін қолдаушы кәсіпкер азаматтармен ақылдаса келе, "Отандастар" қоры қаржылық демеу көрсетсе болды, кітапхана жобасын іске асырмақ ниетпен Н.Әбіқаевтың атына тағы да хат жазды.

Хат "Отандастар кітапханасы"-сы өз жұмысын бастамақ" деген тақырыппен басталған.

Аталған хатта мынандай жолдар бар: "Аталған кітапхананы кітаппен қамту және оған жетекшілік етуші белгілі жазушы Жәди Шәкенұлы алғашқы адымда кітап қорына қажетті 2 мыңнан астам кітап қорын дайындады. 500 кітаптың элнұсқасы дайындалды. Басым пайызы шетелдегі қазақ әдебиеті мен тарихына арналған басылымдар. Оның ішінде құнды қолжазбалар мен архивтік материялдар да бар".

Хат осылай жазыла келе «аталған шараны іске асыруға – "Отандастар" қоры, "Ақтұйғын" ЖШС, "Тарихи Атажұрт" қоғамдық бірлестігі, т.б. заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қолдау көрсетеді" дей келіп, "Отандастар" қорының да қаржылық мүмкіндігіне қарай қолдау білдіріуін сұраған.

Бұл хатта ізім-ғайым жоқ. Теңізге тасталған инедей болып, жоғалып кетті. Негізі қандай мекемелерге жазылған хат болмасын арысы 1-2 айда, берісі бір аптада жауап хат берілуі керек еді. Аталған хаттардың ешқайсысынан жазбаша немесе ауызша түрде жауап келген емес.

"Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды" демекші, сөйтіп, жолдасым екеуіміз аталған мекемелерден күдерімізді үзіп, кітапхана ашудың басқа жолдарын қарастыра бастадық. Сөйтіп, "Тұғұрұл хан – Он хан" корпоративтік қорының қолдауымен аталған жоба идеясымен "Тұғырылхан кітапханасын" ашуға кірістік. Алғашқы адымда 3000 дана кітап қорын топтап, жұмысты бастап кеттік.

Сөйтіп жатқанда, жақында ғана, яғни, осыдан бір апта бұрын қауымдастық пен отандастар қоры атынан Талапбек Тынысбекұлы деген ақын інісі хабарласып: "Қауымдастық пен Отандастар қоры Ұлттық академиялық кітапханамен бірігіп, шетелдегі қазақтардың отандастар кітапханасын ашайық деп жатырмыз, соған кітаптарыңызды беріңіз» деген өтінішін білдірді. Біздің кісі (Ж.Шәкенұлы) оған да айылын жимай, қуана мақұлдық беріп жатты.

Бүкіл істің куәгері болып жүрген мен шыр-пыр болып едім: «кім іске асырсада ел үшін ғой, жасай берсін! Бізде бастап қойдық, шегінерге жол жоқ. Бізде жасай берейік" дейді. Айтпақшы, жолдасымның хаттары мен жазбаларына көмектесіп отыратындығымнен ол кісінің жазған хаттарына да қанықпын. Әрі аталған жобаны белгілі заңды тұлғалар және ЖК "Ақтұйғын" мен "Ақтұйғын" ЖШС арқылы іске асырмақ болғанымыз үшін бірлікте іске кірісіп едік.

Бұрынғылардан қалған: "қарнымның ашқанына емес, қадірімның қашқанына жылаймын" дейтін бір сөз бар. "Отандастар" қорының ой-жоба ұрлап, оны бізден бүркемелеп, идея, жоба-жоспар – бәрі-бірін егжей-тегжейлі жазғызып алып, енді жалғыз-ақ күнде "жарқ етпекші" болғандарына қайран қалып отырмын!

Бәрін айт та, бірін айт – құзіретті мекемелер басшыларының осындай көлеңкелі ойындарға бармай, халыққа адалдықпен қызмет етуін сұраймын!

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен "Отандастар" қоры жағынан Ұлттық Академиялық кітапхана бұрышынан ашылғалы отырған "Отандастар оқу залына" да, "Тұғұрұл хан – Он хан" корпоративтік қоры жағынан жаңадан ашылған "Тұғырылхан кітапханасына" да  сәттіліктер тілеймін. Екеуінің де мұрат-мақсаты біреу. Бұл біздің ғана күткеніміз емес, халықтың жүрегіндегі ізгі арманның бірі еді. Әсіресе, әр түрлі алаңдаушылық тудырып отырған шетелдегі қазақтың әдебиеті мен мәдениетін құтқарып, оларға рухани дем беру – бүгінгі күннің уақыт күттірмес қажеттілігі саналады!

       

Армангүл Солтанмұратқызы,

«Ақтұйғын» ЖШС директоры

                              

 

                     

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір