06 Қараша, 2019 NEWS
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинды қабылдады – деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды, Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында балалардың денсаулығын сақтау мен әлеуметтік қорғау, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге зорлық-зомбылық көрсетуге қарсы күрес секілді қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды.
Баяндамада "Аружан Саин шала туған әрі ретинопатия ауруына шалдығу салдарынан зағиптыққа ұшыраған сәбилердің проблемасын көтерді. Республика бойынша орта есеппен 20 мыңға жуық бала шала туады. Оның ішінде 4 мың баланың салмағы жетілмей дүниеге келеді", – делінген.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, аталған мәселені шешу үшін өңірлердегі перинатальді орталықтар мен перзентханалар базасында тиімді офтальмологиялық жәрдем беру жұмысын ұйымдастыру қажет.
Одан өзге жергілікті атқарушы органдармен сапалы байланыс орнатып, диагностикалық құралдармен жабдықтап, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру керек.
Сондай-ақ Аружан Саин Қазақстанда ағзаның функционалдық мүмкіндіктері түзілетін халықаралық классификацияны жедел енгізудің маңызды екенін атап өтіп, оның БЦП-ға шалдыққан, есту, көру және басқа да ауру белгілері бар балалардың проблемаларын жүйелі шешуге ықпал ететінін айтты.
Ал Мемлекет басшысы балалардың құқықтары мен денсаулығын сақтау ісі аса маңызды екеніне тоқталып, бұл мәселені әрдайым өзі жіті бақылап отыратынын атап өтті.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір