• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
11 Желтоқсан, 23:02:11
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

17 Қараша, 2019 Барлық аймақтар

Тоғжан Қожалиева: Менің   өз жолым  бар. Ол  - күрескерлік!

Партияның  көптігінен   қорқудың  қажеті  жоқ

Еліміздің  саясат  сахнасында біраз өзгерістер  болғалы  жатыр. Көп  ұзамай  жаңа  партиялар дүниеге келуі мүмкін. Демек саясаттың  көрігі қыза  түспек. Бұдан біраз  бұрын «Байтақ - Болашақ» экоальянсының  төрағасы  Азаматхан  Әміртай, табиғат  жанашыры  Мэлс Елеусізов,  қоғам белсендісі Жанболат Мамай  және Мұхтар  Тайжан   «партия  құрамыз»  деп өз  ойларын  жария  еткен. Алайда нақты  тірлік  жасап  жатқан  ешкім  жоқ  секілді. Айтылған  сөз,  айтылған орында  қалып  қойғандай. Дегенмен  соңғы кезде саясат алаңына жаңа бір  күштің шыққалы  жатқаны туралы дерек шықты.  Ол - ХАҚ. Таратып айтсақ,  Халыққа  адал  қызмет  партиясы. Біз    әлі  тіркеле  қоймаған партияның жетекшісі Тоғжан Қожалиеваға  жолығып,  әңгімеге  тартқан едік.

-Бүгінгі күні қоғамда  партия  құрамыз  дейтіндер баршылық. Бірақ  солардың ауыз екі түрде айтқандары  болмаса, нақты  тірлікпен айналысып жатқанын көрмедік.  Әйтеуір «атың  шықпаса,  жер  өртенің» кебін киіп  жүргендер  секілді. Ал,  сіздер ше? Жалпы партия  құру  туралы ой  неден  туды?  Не  әсер етті?

–Мен бұдан сәл бұрын наурыз айында  «Аруана»  әйелдер құрылтайын   құрғанмын. Өйткені  дәл сол  тұста көп балалы аналар  мәселесі  қоғамда  өткір  тұрды. Бұған  не  әсер еткенін  өзіңіз де  білетін  боларсыз.   Елордада бес  баланың  шейіт  болуы көп балалы  аналар  проблемасын  алдыңғы  шепке  шығарды. Көп балалы  аналар  мәселесімен айналыса  бастағанда,    жағдайдың  ауқымы тым кең,  тым терең  екенін аңғардым. Кішкентай  ұйыммен  үлкен  мәселелерді  шешу  мүмкін емес екенін  сездім. Диванда  отырып  әлеуметтік  желі арқылы  ақыл айтып,  данышпансығаннан  гөрі,   халықпен тікілей  байланысқа   түсу  үшін, «неге  партия  құрып,  елдегі  түйткілді  мәселелермен айналыспасқа?»  деген  ой келді.  Ойландық.  Толғандық.  Ақыры партия  құруға кірістік. Өйткені  елдегі  әлеуметтік  жағдайды  шешу  үшін  соңында   мыңдаған  адамы  бар  күш  керек  екен.

Дегенмен  қазақы  ортада «Байтал шауып бәйге алмас», «Қатын бастаған көш оңбас» деген ұғым  бар. Қазірдің  өзінде  ел арасында  сізге  деген  сенімсіздік  бар. 

–Оны  мен де  естіп  жатырмын. Бірақ кімнің аузына  қақпақ  боласың. Айта берсін. Біз  өзі  сонау атам  заманнан оза  шапқанды  «омақа асса екен»  деп  күндеуге бейім  жұртпыз.  Керісінше,  «Қыз да  болса,  ер жігіттің тірлігін  жасап  жатыр екен. Ақ  жол!»  дейтіндер кем. Мейлі, кім не  десе , о  десін. 

Ата-бабамыз жүріп  өткен, сонау  арғы  тарихқа  көз  салайықшы,  сақ  дәуірінде  өмір  сүрген, елі,  жері үшін  сыртқы  жаулармен алысып  өткен,  бүтін бір тайпаға  басшы  болған  Тұмар (Томирис), Зарина  секілді ержүрек апаларымыз  болған. Тіпті анау көктүріктер заманында  да  Бумынға,  Естеміске, Білге  мен  Күлтегінге, дана  Тоныкөкке  жар  болған  аналарымыз да  тегін адам  болмаған.  Солардың отбасындағы  қолдауымен қағандарымыз күнше  күркіреді,  даналарамыз  абыз  болды. Ел  болды,  қағанат  болды. Күлде  жатқан  халқын  күнге  көтерді.  Бері келетін  болсақ, кешегі  Сүзге  ханым, қаракерей  Қабанбай  батырдың  жары Гауһар,  одан кейінгі  Бопай, Айғаным  ханымдар  ше?  Исі қазақта  ел бастайтын  дана, батыр  қыздар көп  болған. Біз  рухты халықпыз.  Сол батыр, дана апаларымыздың жалғасы іспетті, бүгінгі күні  мен  партия  құрып,  елдегі  саяси іске араласып, халықтың  мұңын  мұңдап,  жоғын  жоқтағым келіп  жатса,  оның несі айып? Қайта  қолдау керек  емес пе?  Білмеймін,  бойымда  құдай  берген  бір  қасиет бар.  Ол – қайраткерлік.  Алға  қойған  мақсатыма  жетпей  тынбайтын адаммын. Оған ерік-жігерім  жетеді.  Партия  құрамын.  Ол  партия   халықтық  партия болуы тиіс!

«Саяси партиялар» туралы заңның ккедергі келтірер тұстары өте көп, тіркеуден өту үшін 40 мың адамның қолын жинау, әр облыстан бөлімше ашу. Бұған  мүмкіндіктеріңіз  бар  ма?

–Иә бізде  партия  құру  үшін  қолдан  жасалынатын  кедергілер  өте  көп. Алайда  «солай екен»  деп  қарап отыруға  болмайды. Бел  будық па,  соған жетуге  тырысу  керек. Халық  қолдайды  деп  сенемін. Өйткені саяси өмірдегі өлі тыныштықтан қажыған халық жаңа ойыншылардың келуін асыға күтіп отыр. Демек, елдің  көкейіндегісін айтсаң, қордаланып  қалған  әлеуметтік  мәселелерді  шешуге  мүмкіндігің  бар екенін сезіндірсең, онда  халық соңыңнан ереді.  Ондай  жағдайда 40  мың  қол  жинау  қиын  болмайды. Тағы  бір  мысал,  өткен  президент  сайлауында халық саясат алаңында  бұрынғы таптаурын  тұлғаларды  емес, жаңа  ойыншылардың келуін  күтіп отырғанын  көрсетті. Кейбіреулер айтады,  елде  бір- екі  партия  болса жетеді  деп. Партияның  көптігінен   қорқудың  қажеті  жоқ.  Мына  көрші айырқалпақты ағайындарда (Қырғызстанда)  240  партия  бар екен. Кішкентай  ғана  ел. Содан  болар, оларда  саяси  алаң  үнемі  қызу. Ресейде  партия  құру  үшін  500 адамның  қолы  керек. Қазақстанда  40  мың адамның  қолы  қажет. Бұл сұмдық  қой! Елімізде   алты  партия бар. Бірақ бізде билік  партиясы  ғана   тірлік жасайды.  Қалғандары «өлі». Тек  сайлау  кезінде  ғана «жыбырлаған»  болады.  Болды! Содан кейін  оларды ешкім білмейді, қолдамайды, соңынан ермейді. Егер де  менің  партиям  тіркелетін  болса, біз халықтың  сөзін  сөйлеуге  даярмыз. Тіпті тіркелмегеннің күннің  өзінде  де жұмысымызды  тоқтатпаймыз. Өйткені  ұлт  мүддесі  үшін азды –көпті  қызмет етудің  өзі абырой.

Жарайды, партия  тіркелді  дейік, ең  бірінші нені  қолға алмақсыздар?

–Ол – білім  саласы. Сапасыз  білім, мемлекетті  көркейтпейді. Байқайсыз  ба,  қазір, өз  ісіне  біліксіз  мамандар  көп. Білімі кем. Оқыған -тоқығаны  аз. Демек, білім саласына үлкен  реформалар  қажет. Елімізге  керегі  – білікті  де  білімді азаматтар.  Солар  ғана   мемлекетті  алға  сүйрейтін  тегершік  бола алады. Дегенмен  ең  басты  қолға алатын  мәселе,  ол  бүгінгі жүйені  өзгерту керек. Бар күшті  соған  саларымыз  хақ. Елде  саяси реформалар  жасалмай, бірдеңе  өзгере  қояды  дегенге сенбеймін.

––Байқаймын,  сіздің  айналаңызға  топтасқандардың  бәрі  жастар  секілді. Бірақ  зер  салып  қарап  тұрсаң,  еліміздегі   жастардың өзі қоғамнан бөлек. Ауыл жастары, қала жастары, қазақтілді, орыстілді болып  кете береді. Олардың  басын  біріктіре аласыңдар ма? 

–Иә.  Бір  қарасаң  солай. Бірақ бәрінде ортақ  проблема  бар. Білім саласының  ақылы  болуы, сапасыздығы, өз  ойыңды  ашық  жеткізе алмау,  жұмыссыздық,  баспана  мәселесі  және тағы басқалар. Біз  осы  түйткілдерді  жастармен бірлесе  отырып  шешсек  дейміз. Сол  үшін  қатарымызға  жастарды көбірек  қабылдауға  даярмыз. Жастар – мемлекеттің  болашағы. Демек, оларға жағдай жасау басты міндетіміз.

Тарихшы екенсіз. "Тарихты жетік білемін"  деп  қалдыңыз. Басқасын  қайдам, өткен  ғасырдың  басында «елім,  жерім»  деп  ұрандап  өткен, сол  үшін  құрбан  болған Алаш арыстарының өмір тарихына,  олардың жасаған  бағдарламаларын назарға  алдыңыздар  ма?

–Әлбетте. Алашорда,  Алаш  үкіметінің бағдарламаларына зер  салып  танысып  шықтық.  Онсыз  бола  ма? Жалпы бізде бұрыннан  «дала  демократиясы»  деген   болды  емес пе?  «Қасымханның  қасқа  жолы», «Есімханның  ескі  жолы» Тәуке ханның "Жеті жарғысы" атты қазақтың әдет-ғұрып заңдарының жинағы болғаны баршамызға  белгілі. Бұлардың  бәрімен таныспыз.  Ал біздің  партияның  жарғысымен  алдағы уақытта  таныса  жатарсыздар.  Біз  тек  халықтың сөзін  сөйлейтін, халықтың  мәселесін  шешетін,  мемлекетіміздің  дамуына,  өркениетке  қосылуына,  өзге  алып елдермен  тең  дәрежеде  сөйлесе алуына мұрындық болатын  партия  боламыз    деген  ойдамын.

«ХАҚ»  биліктің   кезекті  жобасы"   деген сөз   айтылуда. Бұған  не  дейсіз?

–Не  деймін?  Күлемін  де  қоямын.  Егер  расында  солай  болса,  біздің  шабылып жатуымыздың  қажеті  қанша? Бәрін өздері  жасап,  қол  жинап,  партияны  тіркеп  әкеліп берер еді ғой. Көріп  тұрсыз,  бәрі керісінше. Бәрін  жүгіріп  жүріп  өзіміз істеп жатырмыз. Тіпті  мені, Бекболат  Тілеуханның  келіні  болғандықтан,  «артында  сол кісі  мен  соның  тобы   тұр» дейді. Жалпы «анау  тұр,  мынау  тұр»  дейтіндер  көп. Кімнің аузына  қақпақ  боласың. Айта  берсін. Менің   өз жолым  бар. Ол – күрескерлік  жол!.  

Еліміздің   саясат сахнасында    соңғы  кезде жаңа  бір  құрылым пайда  болды.  Ол – Ұлттық  қоғамдық  сенім  кеңесі. Сол  кеңес  қазір  халық пен  билік  арасындағы  дәліз  болуға  талпынып  жатыр.  Ұлттық  кеңеске   көзқарасыңыз қандай?

–Қасым Жомарт  Тоқаевтың   президент  орынтағына отырған соң  құрған кеңесі ғой.   Әрине  ол  топқа   әр  салада  жүрген білімді, білікті танымал  азаматтар енген. Оған дау  жоқ. Бірақ  бұл азаматтар елдің ойындағысын  билікке  жеткізіп,   оны  шешу  үшін өз  ұсыныстарын  айтқанымен,  ары  қарай барлық  проблеманы  шешіп  тастайтындай   құзыры  жоқ.   Олай  болса, мұндай кеңестің  қажеті  қанша?  Демек, бұл  басы  артық  құрылым.  Бұдан  гөрі мәслихаттың,  парламенттің жұмысын жандандыру керек. Депутаттардың белсенділігін арттыру қажет. Негізі халық пен билік арасындағы  дәліз  осылар  болуы  тиіс еді. Егер де парламент   және мәслихат  депататтары   белсенді  болып,  халықпен тығыз  жұмыс  жасаса, көптеген  түйткілді  мәселелерді  дер кезінде  көріп, жедел  шешуге тырысып  жатса,  елдегі  жағдай  басқаша  болар еді. Амал  қанша,  бізде  бәрі керісінше.  Сондықтьан да  президент  амалсыз Ұлттық  қоғамдық  сенім  кеңесін  құрып, халыққа  жақын  болғысы  келеді.  Бірақ  парламенттей  пәрмені  жоқ  кеңес,  ара - тұра бас  қосып,  «Күлтөбенің  басына күнде жиын»  қылғаннан артық   тірлікке бара алмайды. Демек,  бұл құрылымның   халық  үшін  пайдасы  шамалы.

Сұхбатыңызға рахмет!

 Әңгімелескен Берік Бейсенұлы

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір