• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 12:34:04
Алматы
+35°

23 Қазан, 2019 Барлық аймақтар

Жол мұраты– жету

2022 жылға қарай жолдан түсетін алымдардың үлесі көбейеді

Бүкіл тіршіліктің күретамыры жол екендігі сөзсіз. Сондықтан да кез келген ел жол сапасына қатты көңіл бөлген. Қазақстан да бұл орайда жолдың сапалы салынуы мен оның қауіпсіздігіне зор маңыз беріп келеді. Ақиқатын айту керек, бұл орайда еліміздің географиялық жағынан Азия мен Еуропа құрлығы аралығында орналасуының өзі Қазақстанға тиімділігін көрсетіп отыр. Өйткені, еліміздің барған сайын транзиттік әлеуеті артып келеді. Оның үстіне теңіз арқылы сауда жасағаннан гөрі Қазақстан территориясы арқылы транзиттің әлеуетті жүзеге асыру басқа елдерге де тиімді болып тұр. Өйткені мысалы, Қытайдан шыққан жүк көлігінің Қазақстан арқылы Еуропаға жетуі ыңғайлы. Жол да, уақыт та, кететін шығын да қысқарады.

Расында 100 нақты қадам Ұлт жоспарында атап өтілгендей, Қазақстан транзиттік әлеуетінің артуына орай оған бөлінетін қаржы көлемі де үнемі артып отыратын болады. Өйткені жолдардың сапасына басты мән беруіміз керек. Ұлт жоспарының 65- қадамында да «Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағымдарға интеграциялау. «Еуразиялық  трансконтиненталдық дәліз» мультимоделдік көлік дәлізін құру жөніндегі жобаны іске қосу. Ол Азиядан Еуропаға жүк транзитін кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді» деп атап көрсетілген.

Бұл мәселе жөнінде Елбасы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты халыққа арнаған жолдауында жол транзитінің әлеуеті туралы баса айтты. «Көлік тасымалдары жүйесі мен транзитті дамыту мақсатында, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында қаралғандай, республикалық маңыздағы 7 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары қайта жаңғыртылатын болады»–деді Елбасы өз Жолдауында.  

Расында да 2022 жылға қарай жолдан түсетін алымдардың үлесі көбейеді. Шамамен алымдар 41 миллиард теңгені құрайды деген болжам бар. Ал оның қандай пайдасы бар?

Біріншіден, бұл алымдар республика ішіндегі жолдарды сақтауға жұмсалатын болады.

Екіншіден, жүктер Азиядан Еуропа құрлығына кедергісіз әрі қауіпсіз күйде сапалы жағдайда жетеді.

Үшіншіден жүктің жеткізілу құны екі есеге төмендейтін болады.

Төртіншіден,  көліктің барлық түрі арқылы транзиттік тасымал ұлғаяды. 2020 жылы 33 миллион тонна, ал 2030 жылы бұл көрсеткіш 50 миллион тоннаға жететін болады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұловтың дерегіне сенсек,  соңғы бес жылда көлік саласын дамытуға шамамен 5,8 трлн теңге жұмсалған. Бұл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асты. Бір ғана мысал, осы бағдарламаның арқасында 400 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Бұл әрине, үлкен нәтиже. Жол саласын дамыту  мен транзиттік әлеуеттің нәтижесіндегі көрсеткіш.

Біз бұған дейін Қазақстан арқылы өтетін халықаралық жолдарды негізінен пайдалануға бердік. Қазір осы дәліз арқылы Азиядан Еуропа құрлығына қарай жүк тасымалы толассыз ағылып жатыр. Енді не істеуіміз керек? Енді бар жолдарды сапалы ұстау керек, қажет жағдайда қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Жоғарыда Елбасы атап көрсеткендей, болашақта Қазақстанның транзиттік әлеуеті артатын болады. Сондықтан жаңа жоба қажет. Осыған орай Индустия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Нұрлы жол»  бағдарламасын дайындады. Ол – жаңа жоба. 2020-2025 жылдарға арналған бұл бағдарламаның қаржылық қуаты қомақты. 2025 жылға дейін жаңа мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыру үшін жалпы көлемі 6 триллион 598 миллион қарастырылып отыр. Аталған қаржылар  республикалық бюджеттен, жергілікті бюджеттен, ұлттық компаниялар жеке жеке меншік әріптестігі бойынша, сондай-ақ жеке инвестициядан ақша бөлінеді. Аталған ақшаға республикалық, жергілікті маңызы бар жолдар мен инфрақұрылым қайта жаңартылып, жөнделіп, салынатын болады.

Үкіметте қабылданған жаңа бағдарлама Қазақстанға не береді? Атап айтар болсақ,

  1. 551 мың жұмыс орны құрылады.
  2. Еңбек өнімділігі 20 пайызға ұлғаяды.
  3. Транзиттік табыс 2,4 миллиард теңгеден, 4,2 миллиард теңгеге дейін артады.

Жалпы еліміздегі жолдардың сапасына тиісті министрлік пен жергілікті әкімшілік барынша көңіл бөліп, назар аударып келеді. Жақында Дүниежүзілік экономикалық форум мамандары Қазақстандағы жол инфрақұрылымының рейтингін шығарды. Еліміз жол желісінің сапасы бойынша да 3 сатыға жоғарылаған. Қазір рейтинг бойынша 56 орында тұр. Әрине, бұл барынша және жыл сайын жақсарып келе жатқан көрсеткіш.

Дана халқымыз «Жол мұраты –жету» деп бекер айтпаған. Ал тиісті жерге жедел әрі қауіпсіз жету үшін жолдардың халықаралық стандартқа сай сапалы болғаны жөн. Бұл орайда Қазақстан аталған салаға қомақты қаржы бөліп отыр.  

 Еркін Қалдан

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: жол транзит 65 қадам

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір