• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
23 Қаңтар, 07:44:59
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

27 Қараша, 2019 Барлық аймақтар

Қазақтың аспаптанушы ғалымы Болат Сарыбаевтың кеші өтті

Халықаралық TURKSOY ұйымы және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұйымдастыруымен өнер-білім ордасының құрылғанына 75 жыл толуына арналған мерейтойлық шаралар аясында консерваторияның мәжіліс залында белгілі этноорганолог-ғалым, өнертанушы Болат Сарыбаевтың «Ғалым мұрасы» атты кітабы мен «Болат Сарыбаев және түркі әлеміндегі этноаспаптану мәселелері» атты жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті.

Екі жинақ та Халықаралық TURKSOY ұйымының демеушілігімен Алматы қаласында  жарық көрген. Жинақтарды құрастырушылар – өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Саида Елеманова, өнертану ғылымдарының магистрі Сәуле Боранбаева, өнертанушы Фатима Нұрлыбаева.

Отандық музыкатанушы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ғалымның жақын туыстары, студенттер мен оқытушылар қатысқан жиынды Халықаралық TURKSOY ұйымының Қазақстандағы өкілі Асқар Абдуалиұлы Тұрғанбаев ашып, сөз кезегін Құрманғазы атындағы ҚҰК ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры, өнертану кандидаты  Ғалия Зайнақұлқызы Бегембетова алды. Өз кезегінде сөз алған профессор Саида Елеманова, профессор Базархан Қосбасаров, ө.ғ.д., профессор Сәуле Өтеғалиевалар Болат Сарыбаевтың қазақ аспаптану ғылымына қосқан ерекше үлесін сөз етсе, ғалымның қарындасы Дина Сарыбай ұйымдастырушыларға алғыс сезімін жеткізді. Сазсырнайшылар, жетігеншілер, қылқобызшылар ансамбльдері және сыбызғы аспабында орындалған  әсерлі әуендер отырысқа ерекше мән беріп, сәнін кіргізді. Сондай-ақ тұсаукесер рәсіміне Болат Сарыбаевтың келіні Гүлнар Батырбекова, немерелері және жақын туыстары да қатысып отырды.

Болат Шамғалиұлы Сарыбаев (1927-1984) – көрнекті этноаспаптанушы ғалым, қазақ этноаспаптануының негізін қалаушы, қазақтың көне музыкалық аспаптарының тұңғыш рет толық ғылыми сипаттамасын жасап терең зерттеген және оларды қайта жаңғыртып, дыбысталуы мен тартылу әдістерін қалыптастырған тұлға. Ол Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын қобыз класы бойынша бітіріп, халық аспаптар кафедрасында бірнеше жыл қызмет атқарған.

«Ғалым мұрасы» атты алғашқы жинаққа ғалымның мақалалары мен құжаттары, еңбектерінің библиографиясы, фотоматериалдары мен ғалым туралы естеліктер және қазақ этномузыкатанушыларының Болат Сарыбаев туралы зерттеу мақалалары топтастырылған. Ал, екінші жинаққа «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі аясында өткізілген «Болат Сарыбаев және түркі әлеміндегі этноаспаптану мәселелері» және «Қорқыт Ата мұрасы: эпикалық мәдениет, халық аңыз әңгімелері және әуендері» халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларының материалдары енгізілген.

«Түркі әлемінің ЮНЕСКО-сы» деген атпен танылған ТҮРКСОЙ (Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы) 25 жылдан астам уақыт бойы түркі әлемінің мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау, сақтау және зерттеу жұмысын белсенді түрде атқарып келеді. Халықаралық ұйым жыл сайын түркі әлемінің мәдениеті мен өнерін дамыту мақсатында түрлі мәдени-шығармашылық шаралар (концерттер, көрмелер, пленерлер, кездесулер, қойылымдар, ғылыми-практикалық конференциялар және т.б.) ұйымдастырып отырады.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір