28 Қараша, 2019 NEWS
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов енді мемлекеттік қызметтегі басшылар өзіне бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған жағдайда отставкаға кетуге міндетті екенін айтты, – деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бектенов "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға енгізілген жаңашылдықты түсіндірді.
"Бұл заңның қабылдануы Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталғанын білдіреді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілді", – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, саяси мемлекеттік қызметшілер – министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан әкімдері тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық жасаса, міндетті түрде отставкаға шығуы қажет.
"Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң, 10 күнтізбелік күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті", – деп Олжас Бектенов айтты.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір