• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 07:09:29
Алматы
+12°

Алматыдағы Қазақстан пресс-клубында бір топ желтоқсаншылар жиын өткізіп, 16-17 желтоқсан күндері қазақстандықтарды алаңға шықпауға шақырып, үндеу тастады.

Жиында "Желтоқсан рухы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, "Халық қаһарманы" Қайрат Рысқұлбековтың інісі Талғат Рысқұлбеков, "Желтоқсан ақиқаты" бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев, "Желтоқсан жұлдыздары" бірлестігінің директоры Гүлмира Мұстафина, "Желтоқсан-86-Тәуелсіздік қырандары" ұйымының жетекшісі Гүлбахрам Жүніс сөз сөйледі.

Желтоқсаншылар аталған даталарда митингке шығуды жоспарлап отырғандарға мерекені тойлап, желтоқсан оқиғасы құрбандарының аруағына тағзым етуге келгендердің шырқын бұзбауға, берекесін алмауға шақырды.

Белсенділердің Президент, Үкімет басшысы, Парламент, облыс, қала, аудан, ауыл әкімдеріне қарата айтылған үндеуінде "қандай да бір қоғамдық бірлестіктің мереке және еске алу күндерінде қандайда бір наразылық акция, митинг ұйымдастыруына тыйым салынсын, халық жанайқайын жеткізуі үшін мереке күндерінен басқа күндер белгіленіп, заңды мүмкіндіктер жасалсын" деген ұсыныс-талап білдірілген.

"Желтоқсан-86-Тәуелсіздік қырандары" ұйымының жетекшісі Гүлбахрам Жүністің айтуынша, бұл үндеу – елдегі барлық желтоқсан ұйымдарының ортақ пікірі.

– Біз 2 желтоқсанда жиналыс өткіздік. Оған желтоқсаншы бірлестіктердің барлығы келді. Сол жиында осы үндеу қабылданды, – деген қоғам белсендісі "бұл үндеу митингке шыққысы келетіндердің құқығын таптау емес пе?" деген Qamshy.kz ақпарат агенттігі тілшісінің сауалына төмендегідей жауап берді.

– Біз оларға естеріңді жиыңдар дегіміз келеді. Біздің де наразылығымыз, билікпен келіскейтін тұстарымыз бар. Қытай экспанциясына қатысты, Сайрагүлді қолдауға байланысты наразылық акцияларын өткіздік. Тіпті "ДВК-ның (Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымы – ред.) адамдарын шақырдық, талай шақырдық. Неліктен екені, олар келмеді. Олар Наурыз мерекесінде, Балаларды қорғау күнінде шығады. Бұл – ұят нәрсе. Халықтың берекесін алуға, оларға қауіп төндіруге болмайды. Демек олар "заказ" орындаушылар. Олар ұлтты, елді, ұрпақты ойлап отырған жоқ. Мәселен, балалар күнінде өзім немерелеріммен серуендеп жүр едім, милиция қаптап, адамдар топырлап, демалыстың шырқын бұзды. Балаларды алып, қашып кетуге тура келді. Әйтпесе мен де "ярый" митингшілердің бірімін ғой. Сол күні істегендері дұрыс болмады. Олар халықты пайдаланғысы келеді. Халық мерекені адам сияқты тойлауы керек. Шыққысы келе ме, басқа күндерде шыға берсін, – деді Гүлбахрам Жүніс.

Қайрат Рысқұлбековтың інісі Талғат Рысқұлбеков аталған күндері алаңға шыққандарды аямайтынын айтты.

– Тәуелсіздік мерекесі мен желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алу күнінде талаптарын айтып, алаңға шыққысы келіп отырғандарға басқа кез келген күнді таңдаңдар дегім келеді. Мейлі ол 8 наурыз –  қатындар мерекесі бола ма, әулие валентин күні бола ма, тек 16, 17 желтоқсан емес. Ал мына күн – "желтоқсанда" зардап шеккендер мен олардың отбасыларының жеке күні десе болады. 16-сы күні гүл шоқтарын қойып, 17-сі күні құран оқып, ас берілетін. Біреулер талабын қойып, шықпақшы дегенді ұзынқұлақтан естіп жатырмын. Ескертемін, тәуелсіздік күніне титтей де болсын зияны тиетіндей сөз айтылатын болса, аяқтарын сындырамыз. Кекілдерін қайырып, жақтарын айыруға дейін барамыз, – деді.

Баспасөз мәслихатын ұйымдастырған желтоқсаншылар бұл үндеу – ешқандай да биліктің тапсырысы емес екенін жеткізді.

♦ Оқи отырыңыз

Талғат Айтбайұлы: Желтоқсанды қолдан ұйымдастырғандар қазір билікте отыр

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір