25 Желтоқсан, 2019 NEWS
Фотоколлаж: Qamshy.kz
Бүгін, 25 желтоқсанда Бостандық ауданының тұрғындарымен кездескен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы Тимирзев көшесіндегі ВRT желісі қала беретінін, алдағы уақытта LRT (жеңіл теміржол - ред.) салу үшін үкіметтен қомақты қаржы сұрағанын айтты.
Сағынтаевтың айтуынша, Тимирязев көшесіндегі BRT желісін ұзарту жоспарда бар, ал LRT құрылысы туралы мәселе қарастырылып жатыр.
- Бізге Тимирязев көшесіндегі BRT туралы көп айтады. Мен өз ұстанымымды айта кетейін - BRT желісі қалады. Жақын күндері біз LRT құрылысы туралы мәселені қарастырамыз. Қазір Үкіметтен құрылысқа қомақты қаражат сұрап отырмыз. Бұл жобаны мемлекеттің қолдауымен ғана жүзеге асыруға болады. Себебі мұндай үлкен құрылысқа жергілікті бюджеттің шамасы келмейді. Тимирязев көшесі бойындағы BRT желісін ұзарту жоспарда бар, - деді Сағынтаев.
Алматыдағы Тимирязев көшесінің жолы 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап BRT желісіне ауыстырылған. Бұл - Қазақстандағы BRT желісінің алғашқысы болған еді. Дәл осы Тимирязев көшесінің BRT желісіне ауыстырылғанын қала тұрғындарының көбісі "жол қозғалысын тежеді" деп құптамай, сол кездегі Алматы әкімі Бауыржан Байбекті сынаған.
Ал LRT, яғни, жеңіл теміржол Алматы қаласында жоқ. 2016 жылы Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан) Қазақстандағы алғашқы LRT-ның құрылысы басталған. Бастапқы жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2019 жылы 31 желтоқсанда аяқталып, 2020 жылы жазда пайдалануға берілуі тиіс еді. 22 километрден асатын жолды салуға 1 миллиард 887 миллион доллар бөлінген. Бірақ кейін құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. 15 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев LRT құрылысы дұрыс жоспарланбағанын, жоба тым қымбатқа жасалғанын сынаған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір