• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 05:03:58
Алматы
+12°

Фото: Алматы облысында өткен идеологтар слетінен көрініс

Назарбаевтың Жолдауын «түсінбей» қойған халық Кемелұлының да «тәпсіршілерге» емес, тікелей өздеріне арнап айтқанын түсінбейтін сыңайлы. Әлде, Алматы облысы ішкі саясат басқармасы істейтін басқа жұмыс таппағасын, президент сөзін бірісін – бір, екісін – екі түсіндіргенді мақтаныш санай ма? Өйтпесе, қарапайым халықтың қазір сөз түсінбейтін сауатсызы жоқ болса керек.

Әрине, сіз бірден мұндай науқаншылдық барлық жерде бар деп айтарыңыз анық. Бірақ, бұл облыстың басқа облыстан түсіндіруі бөлек болып тұр. (Түсіндіру «қабілеті» туралы бір мысал, өткен жылы болуы мүмкін екі митингі мен жиырмаға жуық өтініш түскен пикетті «түсіндіріп» қана  тоқтатқан – ред.).

Сонымен, әңгімені бірден «Алматы облысын алашапқын еткен кім?» деген тақырыптың қойылу себебінен бастасақ. Ол үшін қарапайым халықтан гөрі шенділер көбірек оқитын бұл мақалада «алашапқын» сөзін сәл ғана түсіндіре кетсек – ұтқанымыз болар. Алашапқын – ақ тер көк тер аласату, жығыла-сүріне, сүріне-қабына қызмет ету. Бір сөзбен айтқанда, өлген-тірілгеніне қарамау: депутат келгендегі ауыл әкімінің «әдебіндей» мысалы.

Ендеше, облысты осынша әбігерге салатындай Тоқаевтың жолдауының не «кінәсі» бар еді? Біздіңше жоқ. Ол оны келесі біреу түсіндірсін деп емес, көгілдір экраннан көрген миллиондар түсінеді деп айтпады ма?! Олай болса себеп не дерсіз, себеп – Алматы облысы ішкі саясат басқармасының ең сүйікті жұмысы, бұдан да түсінікті тілмен айтқанда «хоббиі» – ежіктеп түсіндіру. Оның айдарлы аты – «ақпараттық сүйемелдеу» деп те аталады. Жолдау тұстарында.

Мәселен, ҚРПрезиденті Қ. Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауы жарияланысымен, Жетісуда «әп бісіміллә» деп
33 адамнан тұратын спикерлер пулы құрылған. Пул құрамына мәслихат депутаттары, қоғамдық пікір көшбасшылары, журналистер, ғылыми интеллигенция, үкіметтік емес сектор, кәсіподақ өкілдері, кәсіпкерлер кірген. Дәлірек айтқанда, халықтан озып түсінетін «орамдылар» мен ойда-жоқта жегілгендер кіргізілген бұл тізімге.

Соның арқасында деп бастайық: облыс мекемелері мен ұйымдарында 18 000-ға жуық адамның (шағын бір аудан халқы) қатысуымен аталған құжатты ұжымдық қарау ұйымдастырылса, 1307 адамнан тұратын 227 облыстық, аудандық, қалалық ақпараттық топтар құрылған. Түсіндірушы топ дәлме-дәл 527 елді мекенде кездесу өткізіп, шамамен Жолдауды «түсіне алмай» жүрген 90 мың  тұрғынды ақпараттандырады (мөлшерімен Талдықорған қаласы тұрғындарының қақ жартысы деген сөз). 

Иә, Алматы облысында адами капитал көп. Сосын ғой, сосын президент Жолдауының негізгі ережелерін түсіндірудің өзі бір төбе өтеді мұнда. Яғни, аталған ережені "қақпайтындарға" 16 523 адам әбігер болып, 77 іс-шараны улап-шулап жүріп өткізеді. Бұның да аты «ақпараттық сүйемелдеу» болмақ.  

«Ақпараттық сүйемелдеу» демекші, облыстық, аудандық және қалалық баспа басылымдарда «Жолдау – өрлеу өзегі», «Жолдауға қолдау», «Жолдау жолымен», «Послание Президента – руководство к действию», «За строкой Послания Президента», «В рамках приоритетов Послания» тұрақты айдарлармен 304 мақала жарияланған. Ал облыстық телеарнада жаңалықтар топтамасынан қазақ және орыс тілдерінде 53 сюжет, күнделікті бірнеше рет 2 ролик көрсетілген. Бұған сан-санақсыз өткен брифингті қосыңыз... (Ескерту: тек тоғыз ай қортындысы бұл)

Осы ретте, біз көрнекі үгіт құралдары деп есептелетін билборд, панно, аспалы қондырғы, стенд, лед экрандардың есебіне жете алмағанымызды мойындауға мәжбүрміз. Мойындай отырып ойға қаласың сосын. Көтерем мен күні төменді күркешелісін сүйемелдеген қазақ енді Жолдауды «сүйемелдеуге» ауысты ма деп. Егер дейміз, білдей басқармада "сүйемелдеу" деген сөзді түп мағынасымен түсінетін бір адам болса, "Сап-сау, төрт құбыласы тек дүниені қазақ сүйемелдеуші ме еді? Президенттің аузынан бүтін шыққан сөзді сүйемелдейміз деп ұрандатқанымыз қалай болар екен?" деп қайыра бір сұрақ қояр ма еді. Әй, қайдам...

Қысқасы, блогер мен вайнерлерге, әнші мен сайқы мазақтарға миллиондап ақша шашып (Орталығы Талдықорғанда өтетін түрлі шоуларда «Жетісу – алға», «Талды-Париж, қайдасың?», «Жер жәннаты жасай бер» деп өңеші жыртыла айқайлайтындар мен жын ұра секіріп билейтіндер), оларға аймақтың имджін көтеру жүгін арта салған облыстық ішкі саясат басқармасының бұдан басқа жұмысы болса не етті? Басқа жұмысын айтпақшы, "Бояу шашу" дейтін қолдарындағы бұйдасы берік бір шаруа бар. Қара басып ұмытып барамыз. Басқа облыс бас тартқанда өзгенің осы мерекесі жылдағы әдетімен өткен жылы тағы да "дүркіреп" өтіп еді. Тап Қапшағай жағажайында жастармен...

Бәлкім, қызметкерінің жартысынан көбі «орысша ойлайтын», ғимаратының сырты да жылтыр, іші де «жылтыр» басқармада нағыз ішкі саясатқа саятын дін, діл, тіл мәселесі өзекті болмаса керек. Тіпті, тарих үшін өткен жылы «қатырып» тастаған «Орбұлақ шайқасы» негізіндегі қойылымның «жыры» жайында да алда айтармыз.  Әзірге «алашапқын» туралы сериалды мақаланың басы осы деп біліңіз, оқырман.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір