18 Қаңтар, 2020 Әдебиет
Фото: ult.kz
Екі ОТАН
Сізден маған еш пайда жоқ, ей, аға!
Аспаным бар, зәру емен саяңа.
Жылап келдім, жылап өтем өмірден –
Ақсын қаным!
Шықсын жаным!
Аяма!
Аямайсың!
Аямасын білгенмін,
Сен Есікті теуіп ашып кірген күн.
Тесігінен кіжінгенмен Түрмемнің,
Жортқан Баққа ере алмайды
Үрген Мұң.
Кәр қылар деп мен де ыға алман,
ай, тақсыр!
Енді менде жай қалған жоқ тайқақсыр.
Атақтарын арт жалаумен шығарған,
Көп жәреуке жасай берсін айтақшыл!
Қызармауға үйренгесін бет ептеп,
Ер басына шатыр болған етек көп.
Еңбегіңіз төте сіңген, жүре бер
Текесінген ақ шыбышты жетектеп.
Әншің – әрлі.
Заңшың – зәрлі.
Ақын – шат.
Ай-һай, заман, тұрсыз таққа тақым сап.
Сіз ұрсасыз – күңіренсек, аһ ұрсақ,
Біз сияқты болмайсың, – деп, – сатымсақ.
Тек сіздікі – ордамыз бен қордамыз,
Тек сіздікі – дорбамыз бен жорғамыз.
Сізбен бірге шыға алмаймыз жолға біз,
Елің – еру!
Елеңдеуші болмаңыз.
Би орнына кіл желғауыз болды абыз,
Жүрегімде – өрт,
көзімде – күл,
қолда – мұз.
...«Жүрек» деген бозторғайды қорғаңыз,
«Ізгі қала» жайындағы, Сорлы Аңыз!..
Өріп шыққан құбыжық пен жалмауыз!
Ар-аманат-қазынама салды ауыз.
Дегенменен абайлаңыз, армаңыз,
Қанды ауызда Сіз де кетіп қалмаңыз!
Төріңізді толтырғасын кіл кезбе,
Білінуші ед, ілінуші ед кім көзге!
Отан жайлы тебірене көрме тек,
Біздің Отан сіздікінен мүлде өзге.
Біздің Отан – өртке үйтілу, шарпылу,
Сіздің отан: басы – гу-гу, арты – ду.
Біздің Отан – өксу менен өкіру,
Сіздің отан – ыңырсу мен алқыну.
Біздің Отан – әруақ қонған бейітте,
Сіздің отан – жармақ толған сейфте.
Біздің Отан – арман бүрген Жүректе,
Сіздің отан – жалған күлген кейіпте.
Бірде – орысқа, бірде – шүршіт, штатқа
Бірдей бұлғап, құйрығынды ұстатпа!
Сіздің отан – қолдан соққан ұшпақта,
Біздің Отан – сордан соққан қыстақта.
Тулақ болған бұралқы мен өгейге,
Ертең: «Мынау кімнің жері?» –
демей ме...
Сіздің отан – Астана мен Алматы,
Біздің Отан – Арал менен Семейде.
Зәузатымның Есесінен төленген,
Сіздің отан – жасалған шарт көп елмен.
Біздің Отан – Ұлытау мен Байқоңыр,
Су орнына у жауатын төбеңнен!
Сіздің отан – алғыс, қаума... көк орман,
Біздің Отан қарғыс, дауда жоғалған.
Сіздің отан – шетелдердің банкінде,
Біздің Отан – Маңғыстауда тоналған!
Хабарың кем, біздің Отан жұтай ма?..
Сіздің отан ұттырмайтын ұпайда.
Біздің Отан – қора, мола адыра
Қалған жерде – кеткен кеше Қытайға!
Біздің Отан – қысқы қырда тұл қалған,
Сіздің отан – күшті жырда жүлде алған.
Біздің Отан – арын сатқан нан таппай
Арулардың ышқырында былғанған!
Сіздің отан – атқалы тұр жел берсе,
Біздің Отан – қорғайды елін өлгенше!
Біздің Отан – мұхит асып жоғалған
Тумай туа шөккен бақсыз көрдемше!..
Біздің Отан – «дана түрде» шешілген
Мыйлау заңның моншасында шешінген.
Сіздің отан – қара түрме халыққа,
Біздің Отан: Ана тілде – кесілген!
Сіздің отан – мәрмәр үйлер қоздаған,
Біздің Отан – боз торғайлы боз далам.
Сіздің отан – ібілістер әнінде,
Біздің Отан – қыл қобызда боздаған.
Біздің Отан – бершімек зар тумаған,
Сіздің отан – Шәддад-бақтай шулаған.
Біздің Отан – Қазақстан-бекіре,
Құлқын атты қызғылт ауда тулаған...
Жә!
Күйзелме,
күңіренбе,
сарқылма! –
Мола бағып отырған жоқ нар тұлға:
Қолданбаған ақыл бар-ды қартымда,
Жолданбаған хатым қалды артымда.
Сарқылмайтын жымысқы арбап,
жау ішсін,
Несібем бар – күнім бұлтқа қауыссын!
Мен шыдаймын –
тырымды ұрлап тауыссын,
Сіздің отан жырын жырлап тауыссын!
Сәби-халқым!
Жәутеңдеген құлдықта,
Мың жұт көрдің,
Шыдашы еңді Сын-Жұтқа.
Біздің Отан жеткізеді хабарын
Ертең деген – өртенбеген Шындыкқа!
Қашып жатыр – алдап-арбап туды алған
Зыр-зыбылдар – ақша-масы туғаннан.
Біздің Отан алады Ертең Азаттық,
Тәуелсіздік Түрмесінде уланған.
Далам менің!
Орда тіккен мың атам,
Көк байрақтай аспанынды ұнатам.
...Ешқашан да Отан екеу болмайды:
Қалады әлі Жалғыз Отан – Шын Отан!
Ұлы Отан!..
СВЕТҚАЛИ НҰРЖАН
Ескерту: бас тақырып ақынның өлеңінен алынып отыр
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір