• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:24:24
+12°

Бір кісі Аллаһ елшісіне (с.ғ.с.) келіп: – Уа, Аллаһтың елшісі! Жақсы мәміле жасауыма адамдардың ең құқылысы кім? – деп (сұрады). Пайғамбар (с.ғ.с.): «Анаң», – деді. Одан кейін кім? – деп (сұрады). Одан кейін де анаң, – деді. Одан кейін кім? – деп (сұрады). Одан кейін де анаң, – деді. Одан кейін кім? –деп (сұраған еді). Одан кейін әкең, – деп айтты. Тағы бір хадисте жәннәт анаңның табанының астында деп келеді. Анаңды алақаныңа салсаң сонда ғана жәннәтқа жетесің дегенді меңзейді. Жоғарыдағы хадистерден адам өміріндегі ананың орнын, мәртебесін, сондай-ақ қандай сый-құрметке ие екендігін көреміз. Әрине аналардың барлығын осылай сыйлауымыз, құрметтеуіміз керек. "Аттың да ат бар, қазанаты бір бөлек" демекші "аналардың ішінде де ана бар, Алланың мейір-шапағатына ерекше бөленген" демекшімін. Қызай Ана міне, сондай аналардың бірі.

Көзінің тірісінде тектілігімен, батырлығымен, мергендігімен, ибалы-инабаттылымен, келешекті бағдарлай-пайымдай білетін зерделігімен жұрт назарына іліккен ұлы жүз Бәйдібектің Күндей қызы – Күнбибі, найман елінде Қызай атанып кетті делінеді шежіре деректерінде. Бұған ел-жұрттың айтқан "Бәйдібектің қызы-ай" деп тамсануы мен таңырқауы себеп болса керек. Уақыт өте қысқара келе "Қызай" атауы қалыптасқан. Бүгіндері Қызай Анадан өрбіген ұрпақ 700-800 мыңға жетті деп межеленеді.

Қызай Ана туралы зерттеулер ұзақ жылдар бойы жүргізіліп келеді. Қытайда тұратын тарихшы-шежіреші Жақып Жүнісұлы ағамыз Қызай Ана туралы ұзақ жылдар бойы зерттеулер жүргізіп «Қызай Ана» атты еңбек жазды.

Кітапта Қызай Ананың шыққан тегінен бастап, өсіп-өнген ортасы, кемеліне келген кезі мен қадір-қасиеттері толық қамтылған. Қызай Ананың туылған жылы мен қайтыс болған жылында кеткен қателіктерді Жақып ағамыз өзі түзеді. Соңғы мақалалары мен кітаптарында анамызды 1402 жылы туып 1472 жылы қайтыс болды деп жазып жүр. Бұл кітап қытайда төте жазумен баспа бетін көргендігі себепті мұндағы қалың қауымға қолжетімсіз болып отыр. Қызай ана мен қызай шежірелерін індете зерттеп, саналы ғұмырының біраз жылын осы іске арнаған Жақып аға Жүнісұлынан артық бірдеме айту оңай шаруа емес. Десе де соңғы жылдары қызай ананың тегі туралы алыпқашпа әңгімелер әр қырдан қылтың, әр жырадан жылтың еткенін қояр емес. Кейбір қызба қанды жігіттер қызды-қыздымен Қызай Ананы Бәйдібектің қызы емес дейтінді шығарып жүр. Қызай Ананың туған және қайтыс болған жылдарына күмәнмен қарайтын кісілерде табылып жатыр. Қоғамда, өте-мөте әлеуметтік желілерде тарап жүрген жоғарыдағыдай дәлелсіз сөз, дәйексіз пікірлерге тойтарыс беру мақсатында қолға қалам алуыма тура келді.

«Қызай тарихы», «Қызай ауған» немесе «Есенгелді» деген түрліше атпен ғасырлар бойы жырланып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл дастанды Досбер Саурық хатқа түсірген. Бұл дастан қызай тарихының бастау көзі. Біз осы дастан негізінде Есенгелді биді, Құдайназар батырды таныдық әрі жұртқа таныстырдық. Енді «Есенгелді» дастаны сөйлесін:

 

Жататын ұлы жүзге үйсін қандай,

Үйсіннің туажаты Бәйдібек бай.

Күнбибі-Бәйдібектің күндей қызы,

Атанған кейін келе анам Қызай.

 

Кіреді орта жүзге найман елі,

Найманның туажаты матай еді.

Матайдың шөбересі Шағыр ерге,

Бәйдібек тойын жасап қызын берді.

 

Шағырдың жан жұбайы Қызай анам,

Тарихтан естуімше, былай анам:

Жасынан шарапатты болғаны үшін.

Әлемге аты шығып, болған аян!

 

Ол дәуір он бесінші ғасыр екен,

Білмеймін ортасы ма, басы ма екен.

Өз аты ерден бұрын ерек шыққан,

Басқадан шарапаты басым екен.

 

Жоғарыдағы дастаннан біз Қызай Ананың азан шақырып қойған атының Күнбибі екенін, Оның әкесінің Бәйдібек екенін, сондай-ақ олардың ХV ғасырда яғни 1400-1466 жылдар арасында өмір сүргені анық айтылып тұр. Автор дөп басып айта алмайтынын жазып отыр. Егер Қызай Ананың ұзатылған кезін ХV ғасырдың басы деп қарасақ, онда ол 1400-1433 жылдар аралығына тура келеді. Бұл біз жазып-сызып жүрген материалдарға дәлме-дәл келеді. 1402 жылы дүниеге келген, Қызай Ана 17 жасында яғни 1419 жылы ұзатылады. Егер Қызай Анамыз 1433-1466 жылдар аралығында ұзатылды деп қарасақ, тіпті 1433 жылды ұзатылды деп қараған күннің өзінде 31 жасында ұзатылған болып саналады. Бұл қисынға келмейді. Ол заманда қыздар отыз емес, жиырмаға дейін үйде отырмаған.

Тарихшы Д.Дүйсенбаев "Домалақ ана" атты еңбегінде Бәйдібек биден тараған ұрпақтар жөнінде кең көлемді ақпарат беріп, оның тоқалы Нұриладан (Домалақ Анадан) Жарықшақ деген ұл және Қызайым атты қыз туғанын, Қызайымның найман Шағыр батырға қалай ұзатылғанын тәптіштеп жазды. Н.Төреқұлов, М.Қазбеков Нұрила тұңғышы Жарықшақтан кейін 1402 жылы Қызайым деген қыз, онан соң Тәңірберді, Ақберді деген екі ұл, Күләйім деген және бір қыз туады. Қызайымнан кейін туған бұл үш бала жас кезінде шетінеп кеткен деп көрсетеді. Досбер Саурық қызай елінің төл тарихшысы болса, Д.Дүйсенбаев, Н.Төреқұлов және М.Қазбеков Қызай Ананың төркінінен шыққан тарихшылар. Міне бұл іргелі екі елдің (жиен-нағашы) ел таныған тарихшыларының тарихи пайымдарының бір-біріне дөп келуінін кездейсоқтық деп қарауға болмайды.

Енді басқа тарихшылар мен шежірешілерден мысал келтірейік: Қытайда ел-жұртқа танымал белгілі тарихшы-шежіреші Жақып Жүнісұлы, шежіреші Нұрболат Оспанұлы мен Бекқұрман Өрсарыұлы, Қытайға танымал тарихшы Нығмет Мыңжанұлының басшылығында құрастырылған «Қазақ шежірелері» мен Әбдірашит Байболатұлы құрастырған «Қазақ шежірелері» атты жинақтарда, сондай-ақ тарихшы Жақып Мырзаханұлының «Қазақ халқы және оның салт-санасы» атты еңбектерінің барлығында Қызай Ана Бәйдібектің қызы деп көрсетіледі.

Ал Қазақстанда соңғы жылдары жарық көрген әдебиеттерде, атап айтар болсақ Н.Төреқұлдың «Даланың дара ділмарлары» атты еңбегінде, Еркінбек Тұрысовтың «Бәйдібек» атты еңбегінде, Құралбек Ергөбековтің «Бәйдібек баба мен Домалақ ана» атты еңбегінде, Б. Даутбаев құрастырған «Қазақ шежіресі»  атты еңбекте де Қызай Ананы Бәйдібектің қызы деп қарайды. Тек Сұлтанбек Ешмұхамбетов қүрастырған «Суан шежіресінде» жаңсақтық кеткен. Онда Қызайды Жарықшақтың қызы деп қарастырған.

Мұндай шежіре деректерін жүздеп кетіруге болады. Мақсатымыз шежірелердің тізімін жасау болмағандығы себепті тақырыпқа қатысты негізгі дерек көздерін қарастырдық, ой елегінен өткіздік. Қызай ана қазақ тарихынан ойып орын алуға тиісті киелі аналардың бірі. Бұлай дейтініміз Қызай ана текті жердің қызы. Оның әкесі ұлы жүздің атақты биі Бәйдібек болса, шешесі қасиетті Домалақ ана. Ал Домалақ Ана Самарқанттағы атақты қожалардың бірі Мақтұм Ағзамның қызы. Оған тектілік, қасиеттілік, шарпаттылық атасының қанымен, анасының сүтімен дарыған деуге болады.

Қорыта айтқанда Қызай Ана ұлы жүздің атақты биі Бәйдібектің қызы. 1402 жылы туған. 1419 жылы матайдың ұлы Келдәулет би Аталықтың немересі Шағыр батырға ұзатылған. Негізгі мекені, өсіп-өнген жері Матай тауы, Қаптағай тауы (қазіргі Тоқта), Қызай тауы (қазіргі Барлық) өңірлері болған. Автор «ер Қаптағай» атты мақаласында Тоқта тауының байырғы атының Қаптағай болғанын, ал «Қызайдың байырғы ата-мекені және Қызай тауы туралы ізденістер» атты мақаласында Барлық тауының «Қызай тауы» болғанын дәлелдеген. Сол себепті бұл арада оған тоқталмаймыз.

Райыс қажы Арипжанұлы

 

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қызай ана

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір