29 Қаңтар, 2020 Саясат
Ашық дереккөзден
Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев пен елдің ішікі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев АзаттықРадиосының журналисі Өркен Жоямергеннің Айсұлтан Назарбаев туралы қойған сұрағына жауап берген жоқ. Журналист "Қазақстан азаматы Айсұлтан Назарбаев өзіне қәуіп төніп тұрғанын айтты..." деп сұрағын қоя бастағанда Нұрышев "Бұл сұрақтың маған қатысы жоқ" деп сұраққа жауап беруден бас тартса, Тұрғымбаев "Хабарым жоқ" деп қысқа қайырды.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі, Қазақстан парламенті сенатының қазіргі спикері Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаев өткен сәрсенбіде "маған қауіп төніп тұр" деп мәлімдеген. Қазақстандық журналистерге берген сұхбатында Айсұлтан Назарбаев өзіне қауіп анасынан төніп тұрғанын, Нұрсұлтан Назарбаев атасы емес, биологиялық әкесі екенін айтқан еді. Кейіннен Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы, сырттай 10 жылға сотталып қазір Венада тұрып жатқан Әлнұр Мұсаев Айсұлтан Назарбаевтың ДНК сараптамасын жариялаған болатын. Мұсаев желіге жариялаған құжатта Айсұлтанның әкесі Дариға Назарбаевның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев екені көрсетілген. Ал Назарбаевтар отбасы бұл жайтқа қатысты ешқандай ресми ақпарат берген жоқ.
Өткен жылы қазанның 18-і күні Лондон соты Айсұлтан Назарбаевқа бір жыл шартты жаза кесті. Британиялық БАҚ-тардың жазуынша, ол 2019 жылы маусым айында британ полициясына қарсылық көрсеткені үшін жауапқа тартылған. Назарбаевтар отбасы Айсұлтанның Ұлыбританияда ұсталғаны және сотталғаны жайлы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.
1990 жылы 26 тамызда өмірге келген Айсұлтан Назарбаев – Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз билеп, 2019 жылы наурызда өз еркімен президенттік қызметтен кеткен (бірақ елдегі биліктің бір тармағын ұстап отырған) Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мен Австрия түрмелерінің бірінде көз жұмған қазақстандық шенеунік Рахат Әлиевтің ұлы.
Қазақстандық ақпарат құралдарының жазуынша, Айсұлтан Назарбаев бала кезден футболға қызыққан. 2006 жылы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының сапында Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысқан. "Челси" және "Портсмут" жастар командалары мен қазақстандық "Астана" командасында ойнаған.
Ол Ұлыбритания королдігінің "Сандхерст" әскери академиясын тәмамдаған. Айсұлтан оқуын бітіріп, Қазақстанға оралған соң елдің қорғаныс министрлігінің барлау басқармасында қызмет етті. 2017 жылы 7 айдай Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті қызметін атқарды.
Айсұлтан Назарбаев 2013 жылы "ҚазРомГаз" АҚ басшысы, алматылық "Қайрат" футбол клубының қожайыны Қайрат Боранбаевтың қызы Алима Боранбаевға үйленді. 2016 жылдың жазында олардың Амели есімді қызы дүниеге келді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір