• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 01:48:06
Алматы
+12°

03 Наурыз, 2020 NEWS

Қызай ана қайда жерленген? (басы)

(Ізденістер, сапар естеліктері, екінші бөлім) Бесінші сапар

Фото автордікі

2009 жылдың мамыражай мамыр айының 27 жұлдызы мен яғни Райыс Арипжанұлы, Жақып Жүнісұлы және Жаңатай Хабдыкәрімұлы үшеуіміз Алматыдан аттанып Талдықорған, Қызылағаш, Жансүгіров, Сарқан, Үшарал, Алакөл, Жарбұлақ, Үржар, Аягөз, Ақсуат, Зайсан қатарлы жерлерді аралап, Қызай тарихына қатысты көптеген тың мәліметтерді жиып әрі хатқа түсіріп, сол жылдың 4 маусымы Алматыға қайта оралғанбыз. Енді сол сапардан толық мәлімет бергенді жөн көріп отырмыз.

Жоғарыда айтқанымыздай сапар Алматы қаласынан басталды. Талдықорғаннан өтіп бір қырқаға іліне бергенде, Жақып аға менің тоқтауымды өтінді. Жақып аға сыртқа шықты. Біз де шықтық. Сол жақ бөктердегі бейіттерді нұсқап тұрып, «сол бейіттердің арғы жақ шетінде біздің Қызайдан шыққан Байболат деген болыстың кесенесі (кесенесінің орны) бар» деді. «Қайсы бір жылы бір ақсақал мені ертіп келіп көрсеткен еді. Одан бері де он шақты жыл өтті. Кесенеде аты-жөні жазылмапты. Сол жерден бір кірпіш тауып алдым да сол кірпішке аты-жөнін жазып қойдым» деді. Менен құран бағыштауды өтінді. Байболат бабамызға құран бағыштап, сапарымызға сәттілік тілеп, алға тарттық. Жоғыңды жоқтап, ортаң болса толтырып, оны хатқа түсіріп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп, тарихқа мұра қылып қалдыратын тұлғалар тек тарихшылар екеніне тағы бір көзім жеткендей болды. Алматыдан есептегенде 325 километр жүрген соң кеш бата Алматы облысы Ақсу ауданының Қызылағаш ауылына келіп жеттік.

Бұл ауыл 1947-жылдан 1997-жылға дейін «Қызылағаш» асыл тұқымды жылқы өсіру фермасы болған екен. Кеште өзіміздің қандас туысымыз – ҚХР, Іле Қазақ Автономиялы облысы Күнес ауданы Талды қалашығына қарасты Шегір бұлақ қыстағынан Қазақстан Республикасына көшіп келіп қоныстанған Шәмші Ақметәліұлының (руы Әбікен) үйіне түстік. Ағайын-туыстың қадірі алыста жүргенде білінеді ғой кім-кімгеде. Туған жерінен келген «төркіндерін» көргенде Шәмші ағаның отбасындағылар, үлкенді-кішілі демей бізбен жамыраса амандасып, құшақ жая қарсы алды. Сағыныштың сарыны басылған соң, жәй әңгімеге көштік те, олардың хал-жағдайын ұғыстық. Әл-ауқатының жаман еместігі қора-қопсысынан-ақ білініп тұр. Малды-жанды болып, қатардан қалмапты. Көңілдері көтеріңкі, езулерінен күлкінің лебі есіп тұр. Жалғызсырау жоқ. Сол ауылдың өзінде тұрғындардың дағдылы атауы бойынша Қызай «қандастарымыздан» жүздей отбасы, Керей «қандастарымыздан» екі жүзге тарта отбасы бар екен. Оның үстіне жергілікті тұрғындардың көпшілігі өз кезінде (1916 жылы және 1931-1933 жылдары) Қытайға қоныс аударып, кейіннен яғни 1955-1962 жылдары елге оралған қандастарымыз екен. Бұл жағдай олардың бір-біріне сіңісіп кетуіне, ортаға тез бейімделуіне өз септігін тигізіпті.

Шәмші ағамыз сөз арасында келгелі бері жергілікті шежіреші қарттармен әңгіме дүкен құрып жүргенін айтты.

– Рас-өтірігін біле алмадым, олардың айтуында тарихтағы ұлы жүз жалайырлар мен наймандардың, жүйеден матайлардың Қызылағаштағы жер шекарасы бар екен. Аты есімде қалмапты. Жалайыр елінің бір қариясы көзі тірісінде айтыпты. Ол шекара осы Қызылағашқа қарай түсе берістегі жер екен. Белгі болу үшін ол кісі дүние саларында өсиет етіп, сүйегін сол жерге белгі ретінде қойғызыпты, – деп тоқтады.

Әңгіме қыза келе біз Жақып Жүнісұлынан 2002 жылғы Аягөз сапары жайлы сұрадық. Жақып Жүнісұлы сапар естелігін «Аруақтар басына екінші рет зиярат» деген атпен 2003 жылы Қытайдағы «Іле айдыны» журналында жариялағанын айтты.

2009 жылы 4-қыркүйекте Қазақстан Республикасы Үшарал қалалық әкімшілігінің халық істеріне жауапты басшысы Әлмен Ақанұлымен (Әлмен деген кісі найман ішінде Қаракерейдің бессемізінен тарайтын Төбет атасынан) сұхбаттастым деп бастады сөзін. Әлменнің айтуынша: «Ақтабан шұбырындыдан бұрын Ұлы жүз бен Орта жүз осы Жетісуда араласып отырады екен. Оны Қазақстан Республикасының бұрынғы секретары Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылдың 21 тамызында осы Үшаралға келгенде айтқан еді. Мен сол жолы басшыларды күту қызметінде болған едім. Шежіреші кісілерден естуімше, Матайлар Аталық, Қаптағай, Кенже болып үш атаға бөлінсе, Қызайлар Матайдың Аталығынан тарайды екен. Шежіреші қарттардан айтуынша Матайдан тарайтын осы үш ата сонау Қаратал өзенінің шығысынан, Қапалдың төменгі жағындағы Қаптағайдың қара жонынан бастап мына біздің Үшарал ауданындағы Жалаңашкөлге дейінгі аралықты ежелден мекендепті.

Жақып ағамыз 2009 жылдың 6 қыркүйегінде Аягөз қаласына барып, қала әкімшілігі тағайындаған жолбасшы Амангелді Тілеужанұлымен бірге 1757-жылы Жоңғарлар мен Қазақтардың соғысты тоқтату жөнінде келісімге келген жері яғни Мамыр су бұлағының басына барғанын айтты. Бұл келісім тарихқа «Мамыр су бітімі» деген атпен қалған. Бұлақ жанындағы «Қасабай» батырдың (руы:Қаракерей ішінде Тақпақ) басына барып дұға жасапты. Осыдан соң Жақып Жүнісұлы Қазақ-Жоңғар арасында болған осы бір «Мамыр су бітімі» кезінде Қызай елінің кең көлемде қызмет көрсеткенін, атап айтар болсақ қазақ үйлерді тігіп, ас-су дайындап, Абылай ханның алқауына ие болғанын тілге тиек етті. Тарихшы Құрманғали Халидидің «Тауарих хамса» атты еңбегінде «Қазақта Қызайдан бұрын Аякөз маңына қонған ел жоқ» деп жазғанын, оның 1757 жылға сәйкес келетінін айтты. (Түсініктеме ретінде қосарым төмендегідей: 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» Матай тауы, Қаптағай тауы мен Қызай тауы өңірін мекен еткен Матайлар Сыр бойына ауып, Итішпес көлінің маңын мекен еткен. 1725 жылғы Бұланты-Білеуті, 1728 жылғы Итішпес көлі маңындағы болған қазақ-жоңғар шайқасында Қазақ қолы орасан зор жеңіске жеткен. Сарыарқа даласына қарай жоңғарларды қуған қазақ қолмен бірге матайдың қолы да бірге жылжыған. Сарысу бойындағы сұрапыл соғыстардың бірінде (1745-1750 жылдары) Матайдың Бөрібай батыры, Жалайыр Тәттібай, Семізнайман Бөдес сынды батырларынан, сондай-ақ бес жүздей сарбазынан айырылады. Шейіт болған Бөрібай батырдың сүйегін Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне апарып жерлеген. Осыдан басқа автор «Қазақтың қара биі» мақаласында, орыс майоры Карл Миллердің Жоңғар ханы Қалден Церенге бара жатқан жолында 1742 жылдың 8 қыркүйегінде орта жүз найманның Букей (Біздің ойымызша Бөрібай батыр-автор) батырына жолыққанын, сондай-ақ сол айдың 9-10-11 күндері Қызайдың биі әрі болысы Қара бимен жолыққанын жазғанбыз. Қара биді де қайтыс болған соң оны да ел-жұрты Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне апарып жерлеген. Жау қолын өкшелей қуған қазақ қолы Аягөздегі шайқаста көп шығынға ұшыраған. Арқа даласында Қараның құмы, Қараның тауы, Есенгелді өзені, Қараменде, Жолымбет, Торғай, Тоқпанбет жайлауы, Қызай сайы т.б. жер-су аттарын тарихқа қалдырып Аякөз өңіріне жеткен кезі.)

Жақып Жүнісұлы 2002 жылдың 6 қыркүйегінде Аягөз қаласының тұрғыны, 89 жастағы Ғабділахмет Шәкаеров (руы қожа) ақсақалмен сұхбаттасқанын жеткізді. Ақсақал өз сөзінде былай депті: Қызайлар Матайдан тарайды. Ал Матайдан Аталық, Қаптағай және Кенже тарайды. Аталықтың балалары анасының есімімен Қызай атанып кеткен екен. Түптеп айтар болсақ Аталықтың ата-мекені жер жәннаты – Жетісу өлкесі. Өсіп-өнген ел болғаннан соң жан-жаққа тарап кеткен ғой. Менің шежіреші қарттардан естуімше сіздердің аталарыңыз осы Аягөзге келмес бұрын біраз жыл Ойжайлау, Шұбар ағаш деп аталатын жерлерді жайлапты, осыдан соң біраз жыл Аягөзде тұрып, одан шығысқа қарай көшіп кетіпті. Қызайлар Аягөзден кеткен соң бұл өңірді арғыннан шыққан Құнанбай аға сұлтан мен Барақ батырдың елі мекендепті.

Жақып аға сөзінің соңына қарай менің досым Тұрсынбай Дәуітұлымен Алматыда танысқанын айтты. 2002 жылдың 16 қыркүйегінде Тұрсынбай Қазақ мемлекеттік қыздар институты тарих-филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор, Қаракерей Қабанбай батырдың 7-ұрпағы болып келетін Болатжан Әбілқасымовпен таныстырыпты. Болатжан Әбілқасымов әңгімесінде былай депті: Мен қазақ ауыз әдебиеті мен мұраларын зерттеу барысында кездестірдім. Ал Қызайлардың жан санына қатысты мәліметтерді орыс ғалымының он тоғызыншы ғасырдың соңғы кезінде жазған кітабынан алдым. Ал кейбір деректерді Шоқан Уалихановтың шығармаларынан алдым. Шоқан өз шығармаларында Қызайлар Қытайға қоныс аударудан бұрын мына Жалаңаш көл, Алакөл, Сасықкөл, Ұялы, Қарағаш, Барлық өңірін мекендеген. Ол өңірде сіздердің Қызайлар тұрғызған күмбездер күні бүгін мен мұндалап тұр.

Профессор Болатжан Әбілқасымов Алакөл маңындағы Қабанбай (Бұрынғы аты Жарбұлақ) ауылында туып-өсіпті. Қызай күмбездерін бала күнінен біледі екен. Жақып Жүнісұлы жолың түсіп жатса, Қызай күмбездерін суретке түсіріп маған беріп жіберіп берші деп өтініш білдіріпті. Қызай күмбездерінің бірнеше рет фото суретін алдым деді. Ауылы сол маңдағы Жарбұлақ деген ауыл екен. Маған уәдесі бойынша ұзақ өтпей айтқан жерлерге барып фотоаппаратына түсірген Қызай елі зираттарының суретін маған жіберіп берді. Жақып аға уәдеге берік профессор Болатжан мен Тұрсынбайға алғысын айтты. Осы сапарға шығуымызғада сол жіберген суреттер себеп болды деп сөзін тәмамдады.

Таңғы ас кезінде Шәмші ағамыз поштаның алдында Иемберген атты көріпкелмен танысқанын айтты. Сұхбат былай өрбіпті:

Иемберген ақсақал:

– Оралмансың ба? Қайдан келдің? Қай елсің?

Шәмші аға:

– Иә, оралманмын. Қытайдан келдім. Руым Қызай.

– Анаңның қайда жатқанын білесіңбе?

– Жоқ, білмеймін.

– Онда тыңда, мен айтайын. Ол Тоқта-Барлық тауларының бөктерінде.

– Сіз көрсетіп бере аласызба?

– Көрсетіп бере аламын. Бірақ ол үшін көп күн жүру керек. Аянда көрген бейітті тапқанша іздеу керек.

Екеуара әңгіменің ұзын ырғағы міне осылай болыпты. Біз Шәмші ағадан бізді сол кісімен кездестіруін өтіндік. Ақ жарқын аға бірден келісті де бізбен бірге жолға шығып кетті. Шамасы 50-60 шақырым жол жүріп, Ақсу ауданының орталығы Жансүгіровке таяп қалдық. Сол жақ жағада Матайдың Ақшора-Шаппа руынан шыққан Көтен тәуіп әулиенің кесенесіне (Шынын айтқанда бұл біздің Қызайдан шыққан әулие. Ол жөнінде кейінірек арнайы мақал жазамын) аялдадық. Шырақшы Байжұман Нұршайыққызының айтуынша, Көтен тәуіп әулие бабамыз 1832 жылы Алтынарық ауылының төменгі жағындағы Алтынарық ауылының маңындағы Сарсейіт деген бейіттің маңында дүниеге келіпті. Әкесінің аты Қоңырбай, шешесінің аты Ақтолы екен. Құран бағыштаған соң сапарымызды жалғастырдық.

«Cұрай берген табады, үрлей берген жағады» дегендей сұра-сұрай Сарқанға таяу жердегі Тарас елді-мекеніне де жеттік. Шағын ауыл екен. Иембергенді елдің бәрі білетін болып шықты. Үйі тез табылды. Ел-жұрты көріпкел деп атап кеткен Иемберген Нұрәліұлымен біз сұхбатты бірден бастап кеттік. Ол өзінің ата тегін Матай-Аталық-Тәттіболат-Есболат-Тынбай-Қарасан-Шоқан деп таныстыра келіп, басқа кәсіптен шежіреге қалайдан-қалай келгенін баяндап берді:

Кезінде ішімдікпен де едәуір айналастық. Осыдан төрт жыл бұрын сондай күндердің бірі түс көрдім. Қоңырқай түсті бір әже келіп бетімнен сүйіп, шайтансуды тастап, батыр бабалардың, әз аналардың жатқан жерлеріне бар, тәуәп ет, құран бағышта, ата-бабаңның тегін тап аян берді. Сол күннен бастап арақты қойып, ата-бабаларымды түгендеп, шежіре жия бастадым. Алланың берген аяны бойынша бірталай жерлерді шарлап, текті аталарымыз мен аналарымыздың басына барып тәуәп қылып келіп жүрдім. Жалаңаш көлдің жағасында Шағырай бабамыз бар екен. Жіңішке, арық, сары адам болып көрінді. Арғы жағында қамыстың ішінде Тастемір мен Сыбанбай бабаның бейіттері (Күмбездерінің қалдығы) жатыр. Олар үлкен денелі, қараторы кісілер болып елестеді. Көктума өңірінен Аталықтың ұрпағынан шыққан екі батыр қызының тас күмбезі (Қызайдың екі батыр қызының тас күмбезі деген болатын, біз оны әдейі көмескілеп жазғанбыз) көрінді көзіме.

Түс ауды. Иемберген ағаға алғыс айтып, қоштастық та үлкен күре жолға шықтық. Шәмші ағаға рахметімізді айтып, Қызылағашқа қарай аттандырып жібердік. Кешке таяу Сарқанда тұратын Рахметай Қойшыбайұлының үйіне түстік.

Сарқанға 1968 жылы қала мәртебесі беріліпті. Талдықорғаннын 147 км жерде, Қайрақкөл тауының солтүстік шығысында орналасқан. Халық саны 2002-жылғы санақ бойынша 15,3 мың адам. Қазіргі Сарқан қаласы – ауасы таза, су мөлдір, жасыл желек жамылған нулы, орманды қала екен. Сарқан мен Басқан өзендерінің сылдырлап аққан сыңғыры ауық-ауық құлағыңа келіп тұрады. Біздің сапарға шығатынымыздан хабары бар Рахметай ағада біраз ізденіс жасапты. Шәй қайнатым уақытта Сексеннің сеңгіріне шыққан апаны алып келді. Таныса келе ол кісінің аты-жөні Ақшай Мұстафақызы (1940 жылы туған, Сарқан қаласы, Чайковский көшесі, №13 үйде тұрады) екенін білдік. Ол кісі Қызай Ана мен Қызай Атаның бейітін білетінін айтты. Қызай Ата деген қайдан шықты деп аң-таң болып біз отырмыз. Сонымен бұл кісіні ертіп алып Сарқаннан оңтүстікке қарай оншақты км жүріп отырып мазарлыққа келдік. Алдымызда таспен күмбезше етіп жасалған көне бейіттер шоғыры тұрды. Бір бейіттің жанына келіп жерге жата қалып аунай жөнелді. Жарықтық, қасиетті бабаларым-ай, аналарым-ай деп анда-санда айғайлап қояды. Біраздан соң мына бейіт Қызай Ананың бейіті деп бір бейітті меңзеді.

Жақып аға:

– Бұған қандай дәләл айтасыз?

Ақшәй апа:

– Менің шалымның аты Сейітқазы Асықпаев. 1958 жылы шалым осы бейітті маған көрсетіп, міне мынау Қызай Ана мен Қызай Атаның бейіті деп көрсетті. Оған оның әкесі Бақыбай Тобықбаев көрсетіпті. Ол кісі 1961 жылы 90 жасында қайтыс болыпты. Біз осы арада әр жыл малды төлдететінбіз әрі осы ара күзеуіміз еді. Әр жылы осында келгенде алдымен бір малды Қызай Ана мен Қызай атаға арнап нәзір ететінбіз. Өйтпесек малымыз шығынға ұшырайтын.

– Басқа қандай дәлелдер айтасыз? Біз тарихшылар пәлен айтты, түген сөйттімен тарих жаза алмаймыз. Ертеңгі ұрпақ алдында әр сөзімізге дәлел айтуымыз керек қой.

– Бұл өңірде «Қызай тауы», «Ботамойнақ», «Қызылжар» сынды жер аттары бар ма?

– Ондай жер аттарын білмеймін.

Әңгіме осымен бітті. Сонымен бұл бейіттер Қызай Ананың бейіті емес, болса Қызай руынан шыққан аты ұмытылған ата мен апа болуы мүмкін деген байламға келдік. Сонымен Рахметай ағаның үйіне оралдық.

2009 жылы қазанның 29 жұлдызында Сарқаннан аттанып, Қойлық атты көне қаланың тұсына жеткенде біраз аялдадық. Көне қаланың орнында шашылған қыштың қалдықтары оның кезінде үлкен қала болғанын әйгілеп тұр. Торғай деген бабамның бәйбішесінің аты Қойлық еді. Қойлықтың атын бергеніне қарағанда жарықтық анамыз көш осы өңірден өтіп бара жатқанда дүниеге келген болар деп топшылаймыз.

Солтүстікті бетке алып жүріп келеміз. Сапарымыз Көлбай ауылының тұсына келгенде үлкен Көтен тәуіп әулиенің басына барып құран оқып қайтайық деп шештік. Батысқа қарай 90 шақырымдай жол жүріп, Қышқаш тауының оңтүстік етегіндегі, Лепсі өзенінің солтүстік жағасына орналасқан Төлегетайдың Садыр руынан шыққан Көтен тәуіп Қоңырбайұлының мазарына барып, зиярат етіп, құран оқып, дұға бағыштадық. Көлбай ауылына қайта оралып сапарымызды одан ары жалғастырдық. Алакөл ауданынан жанай өтіп шығысқа қарай жол тарттық. Жолда Жайпақ, Ақши, Алакөл, Ырғайты сынды елді-мекендерді жанай өтіп кешке Алакөл маңындағы Көктума ауылына жетіп, онда Өмірхан Қамбарұлының(Руы Қызай ішінде Торғай, оның ішінде Тоқпанбет ) үйіне түстік. Бір неше жыл бұрын Іленің Құлжа ауданы өңірінен құр алақан көшіп келіп, осында орналасып қалған Өмірхан ес жиып, алдына қоралы қой салып алыпты. Үш ұлына үш үй тұрғызыпты. Ақеділ азамат жайылып жастық, иіліп төсек болды.

Алакөл – Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасына орналасқан тұйық көл екен. Ол XII-XIX ғасырларда Найман көл, Көрге нұр (Монголша көпір көл), кейін Алақта көл, Алатеңіз, Алақта (Жоңғар шапқыншылығына қатысты әр-түрлі аталған болуы мүмкін-автор) деп те аталған екен. Көлдің аумағы 2696 км, ұзындығы 104 км, ең кең жерінің ені 52 км, ең терең жері 54 м, теңіз деңгейінен 247.3 м биіктікте екен. Ал Алакөл айналасындағы Мақаншы, Ұржар, Тентек, Жаманты (Текелі сай), Ырғайты, Еміл, Тасты қатарлы өзендерден құралған Сасықкөл, Қоржынкөл, Қошқар көл, Жалаңаш көл қатарлы көлдер де бар екен.

Көктума ауылы Көктума өзенінің атымен аталып, ірге тасы 1906 жылы қаланыпты. Осы Көктума ауылының жанындағы Алакөлдің шығыс оңтүстік жағасындағы көне қаланың орны бар. Ғалымдар қаланы IX ғасырдағы қимақтардың «Дамуря» деп аталған қаласының орны деп қарайды. Қала Шыңғыс хан империясы дәуірінде өлке орталығы болған деген де мәлімет бар.

Кешкі ас дайын болғанша біз Өмірханмен бірге Көктума ауылының оңтүстігіндегі Жабық тауының теріскей бөктеріндегі «Қызайдың қос батыр қызы» деп аталатын тастан қаланған күмбезге барып қайттық. Сол өңірдегі ел-жұрт солай атайды екен. Жалпақ тастардан қаланған күмбездің бірі үлкен, ал екіншісі шағындау екен. Оның шығыс жағында «Қызайдың дара күмбезі» деп аталатын күмбез тұр. Ол топырақ кірпіштен қаланған. Өте ертеде қаланғаны бірден білінеді. Күмбездерді сүретке түсірдік, құран бағыштадық. «Қызайдың қос батыр қызы» атанған тас күмбездің суреттері:

f

«Қызайдың қос батыр қызы» атанған тас күмбездің алыстан тартылған суреті.

 f

Үлкен тас күмбездің жақыннан тартқан суреті.

 f

Қызайдың «дара» күмбезі.

Біз сол өңірдің көзі қарақты, ел мен жер шежіресін білетін ақсақалдары болса кешкі тамаққа шақырсаңыз деп өтініш айттық. Өмірхан дереу машина жіберіп, 85 жасқа келген ұзақ жылдар бойы ел басқарған, еңбек ері Жанахмет Бегатарұлы деген ақсақалды алып келді. Аман-саулықтан соң Жанахмет аға өзін былай таныстырды:

– Жанахмет Бегатарұлымын. 1925 жылы 20 қыркүйекте дүниеге келіппін. Биыл 84 жастамын. Елім Қаракерей. Қаракерей ішінде Тоқпақ. Тоқпақ ішінде Қасабай (Бейіті Аягөздің Мамыр су деген жерінде) деген атадан тараған Ералы деген елміз.

Жақып аға:

– Мен Жақып Жүнісұлы деген тарихшы бауырыңызбын. Көп жылдардан бері Қызай тарихын зерттеумен айналысып жүрмін. Қытайдың Құлжа деген қаласында тұрамын. Бұл менің ата-баба тарихын түгендеу жолында шыққан 3-ші сапарым.

– Жанахмет аға, сіз осы өңірдің тумасысыз ба?

– Иә, осы Алакөл маңындағы Жайпақ деген ауылда туылыппын. Еңбек жолын 1939 жылы бастап, осы өңірде әр-түрлі салада 1996 жылға дейін басшылық қызметтерде болдым. «Еңбек Қызыл Ту» орденінен басқа «Еңбектегі ерлігі үшін» сынды 4 медалым бар. Бұл өңірде мен бармаған тау, мен баспаған жер жоқ десем де болады.

– Сіздің ел бұл жерді қашаннан мекендейді?

– Менің білуімше бұл өңір Қызайлардың ата-мекені. Қызайлар ұзақ жыл осы өңірді мекен еткен. Бұл арадағы жер-су аттарының біразы сіздердің ата-бабаларыңыздың атымен аталады. Жүздеген Қызай күмбездері күні бүгін тарихтың куәсі болып тұр. Не себеп екенін білмедім. Шамасы 1860 жылдары Қызайлар бұл арадан Бұраталаға қарай ауа көшіпті. Бос қалған өлкеге біздің Тоқпақтар мен Байғана(Байғана Тоқпақпен ағайынды) Аягөз өңірінен көшіп келіп, қоныс теуіпті.

– Мына «Қызайдың қос батыр қызы» деген тас күмбез туралы не білесіз?

– Мен ес білгеннен бері бұл күмбез солай аталады. Бұл екі күмбез Қызай Ана және оның қызының күмбезі. Бұл тас екі күмбез ертеде тұрғызылған. Шағырай әулиенің күмбезінен басқа жүздеген Қызай күмбездерінің барлығы топырақ кірпіштен тұрғызылған. Соны байқадыңыздарма?

– Иә, байқадық. Ертеде тұрғызылғандығы бірден көзге түседі. Басқа қандай дәлел айтасыз?

– Күмбезге істеткен жалпақ тастар ол жердің тасы емес. Бала кезімдегі естігенім бойынша жалпақ тастарды 5 км қашықтықтағы жерден тасып әкелген. Жаманты өзенінің жоғарғы жағындағы Сейіт сайынан (Сейіт- руы Қызай, Жанахметтің сөзі) қалың ел қатар-қатар тұрып, бір-бірімен қол жалғап, бірінен-біріне өткермелеу арқылы күмбезге қажетті тасты тасыған. Бұл әңгімені мен бала кезімде естігем. Тас алған жерді басшы болып ел аралап жүргенде өз көзіммен көрдім. Күмбез тұрғызуға 5-6 мың адам атсалысыпты деп айтып отыратын үлкендер. Біз бұдан мұнда жатқан кісілердің еліне елеулі, халқына қалаулы болған текті жандар екенін көруімізге болады.

– Рахмет, аға! Сол маңда «Қызайдың дара күмбезі» тұр екен. Ол жөнінде не білесіз?

– Ол да Қызайдың күмбезі. Кімдікі екенін білмеймін. Ол осы тас күмбездерден кейінгі ең көне топырақ кірпіштен тұрғызылған күмбез. Қазір тоза-тоза азғантай бөлігі ғана қалды. Қалай болғанда да сендердің қызайларыңның бір белді тұлғасының күмбезі.

– Тағы қандай күмбездерді білесіз?

– Күмбездер көп. Көбінің атын білмеймін. Шағырай әулие мен Сыбанбай деген кісілердің күмбездерін көрсетіп бердім. Біздің бала кезімізде Шағырай әулиенің күмбезі домалағы бар, жалпағы бар тастардын қаланған үлкен күмбез еді. Ата-бабамыз ол араға келгенде аттан түсіп, құран оқып өтетін әрі бізден солай істеуді талап ететін. Ал әйелдер аттан түсіп, ол арадан атын жетектеп жаяу өтетін. Менменсіген талайдың сол маңда аттан құлап мертіккенін немесе ат сүйреп талқаны шыққанын көзіміз көрді. 1969 жылы тамыздың 13 жұлдызы күні қытай әскері Жалаңаш көлге басып кіргенде біздің әскерлер сол күмбездің тастарын алып, қатар-қатар тізіп, қорған жасады. Барсаңдар тізіліп жатқан тастарды көресіңдер. Сіздердің туыстарыңыңыз келіп осы Шағырай, Сыбанбайлардың бейітін іздегенде біздің бір қариямыз сол екеуінің жатқан жерін шатастырып, ауыстырып көрсетіп қойыпты. Шағырайдың бейіті Жалаңаш көлдін батыс жағалауында, Сыбанбайдың бейіті шығыс жағалауындағы қамыстың ішінде.

– Тағы қандай күмбездерді білесіз?

– Барлық тауының етегінде Қызай Ескендірдің күмбезі бар. Оның кім екенін білмеймін. Жауын-шашын болғанда атпен ішіне кіріп кететінбіз. Соңғы жылдары шекара бөлінгенде шекараның Қытай жақ бөлігінде қалыпты. Долаты деген өзеннің жағасында.

– Ескендір кім?

– Мен тек атын ғана білемін. Оның кім болғанын, қызайдың қайсы руынан екенін білмеймін.

– Осы өңірде «Қызай тауы», «Ботамойнақ», «Қызылжар асуы» деген жер аттары барма?

– Ондай жер аттарын білмеймін. Осы Барлық деген таудың аты да кейіннен қойылыпты дегенді естігем. Қызайдың батырының аты дейді. Тоқта, Барлық батыр дегенде Барлық батыр осы жерді мекендеп қалыпты-мыс. Ал Бахты тауын Суан руынан шыққан дәулетті Бахты деген әйел мекен етіпті. Бахты атауы содан қалыпты дейтін.

– Онда біз Қызай Ананың күмбезін «Қызайдың қос батыр қызы» деген ел аузындағы атымен жариялаймыз. Ел-жұрт біздің ауызға қарап отыр. Дәлелдеріміз жеткілікті болған кезде көрерміз. Біз бұл сапарымызда Аягөз асып, Зайсанға дейін барамыз. Тағы да ізденістер жасаймыз.

– Жарайды. Ол жағын өздеріңіз білесіңдер. Біз тарихшы емеспіз. Көзбен көрген, құлақпен естігендерімізді ғана айтып отырмыз. Жалғасты зерттеу әрине сіздердің еншілеріңізде.

– Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. Үшарал қаласының маңындағы үлкен мазарлықта Қызайдың екі күмбезі бар. Жайпақ ауылында да Қызайдың бір күмбезі бар.

– Рахмет, Жанахмет аға! Көріскенше, аман-сау болыңыз.

Әңгімемен отырып түннің жарымы болғанын білмей қалыптық. Жатып демалдық.

Мына Күнгей Алатауы (Жоңғар ойпатының батысында орналасқандығы себепті орыс тарихшылары Жонғар Алатауы атандырып жіберген-автор) сілемінің Алатау сағасында тоқтаған жерін Тоқта тауы, деп атайды екен де, оның шығыс жақ қарсында тұрған тауды Барлық тауы деп атайды екен. Тоқта тауы мен Барлық тауының қойнауы Қызай көне күмбездерімен көмкеріліп тұр. Оларды бір-бірлеп санап шығу үшін де ай кетеді-ау шамасы. Ондағы Қызай күмбездерінің барлығы бір үлгімен яғни қазақтың киіз формасында (үлгісінде) салынған. Тіл қатшы далам, тіл қатшы бабам деп айғайлағың келеді. Әр күмбез бір-бір тарихты бауырына басып үнсіз жатыр. Қашанғы үнсіз жатар екен?

(Жалғасы бар)

Райыс Арипжанұлы, Жақып Жүнісұлы, Жаңатай Хабдыкәрімұлы

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қызай ана

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір