05 Наурыз, 2020 NEWS
Азаттық
Бүгін Алматы қаласында 10-ға жуық белсенді "Нұр Отан" партиясының филиалына барып, партия өкілдерінің жемқорлықпен айыпталғанын түсіндіруді талап етті. Бұл туралы Азаттық хабарлады. Қаңтар және ақпан айында "Нұр отан" партиясының 2 өкілі пара алу бойынша айыпталғаны анықталған болатын.
Жиналған топ наурыз айында отставкаға кеткен экс-президенттің "Нұр Отан" партиясын басқарып отырғанына наразылығын білдірді. Олар Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етті. Партия филиалының алдына жиналған белсенділердің қолында "Stop Nazarbayev system" (Назарбаев жүйесі тоқтасын – Ред.) деп жазылған плакат болған.
Белсенділермен "Нұр Отан" партиясы Алматы бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров сөйлесті. Канкуров 2019 жылы жемқорлық бойынша мыңнан астам адамның жауапқа тартылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ жауапқа тартылғандардың 10 пайызға жуығы "Нұр Отан" партиясының мүшесі екенін айтты.
– Иә, партия өкілдерінің жемқорлықпен айыпталғаны рас. Дегенмен, партия басшысының тапсырмасымен, қатарымызды пара алушылардан "тазартатын" боламыз, - деді Станислав Канкуров.
Кездесу белсенді Илияшев қолындағы "Stop Nazarbayev system" деп жазылған плакатын ашып көрсеткеннен кейін аяқталды. Ал Станислав Канкуров плакатты бүктеп белсендіге қайтарып беріп, кездесуді тоқтататынын айтты.
"Канкуров жұмыстары бар екенін айтып, біздің сұрақтарымызға толық жауап бермеді. Біз сұрақ қоюды жалғастыратын боламыз" деді Илияшев. Кейін белсенділер "Назарбаев, кет" деп айғайлады.
Еске салсақ, бүгін "Нұр Отанның" саяси кеңесі бюросының отырысы жабық түрде өтетіні хабарланды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір