• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 19:50:10
Алматы
+12°

Кез келген елді дағдарыс жағдайында халықаралық сарапшылардың бағалауы қызықтырады. Дүниежүзі сарапшылары жыл сайын әр елдің экономикасын електен өткізіп, талқыға салып отыратынын біз білеміз. Мәселен, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған экономистер мен қаржыгерлер, стратегтер жыл сайын Давоста бас қосады. Биылғы 2020 жылғы қаңтар айында Давоста өткен экономикалық форумда халықаралық экономикадағы жетістіктер ғана айтылып қойған жоқ. Неше жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан бұл форумда көптеген экономикалық мәселелердің басы ашылып талқыланды.

Биыл осы форумда сарапшылар әлемді жайлаған экономикалық дағдару жайын да сөз етті. Алда келе жатқан экономикалық сынақтардан сақтану жолдары сарапқа салынды. Давоста бас қосқан сарапшылар биылғы жылы табыс теңсіздігі, қорқынышты экология, шикізатқа байлану тәрізді жайттарды сарапқа салғаны белгілі.

Жалпы, Давостағы форумның «әлемдік үкімет» аталып кетуі тегін емес. Бұл форум бүкіл әлемдегі биліктің форумнан кейінгі іс-қимылдарына шынымен әсер етеді. Форумда қарапайым экономиканы дамытудан бастап, халықаралық экономиканы өркендету жайы жиі қаузалады.

Мәселен, осы жолы форумда сөз алған халықаралық сарапшы Тунберг ғаламшарды құтқару үшін қатты отын түрлерін өндіруге инвестиция бөлуден бас тартуға шақырды. Бұл ретте ол «билік экологтарды тыңдамайды, жақсы жағдайда – естиді, бірақ әрекет етпейді. Қашан біреудің үйі өртеніп кісі өлімі болғанда ғана селт етеміз» деді. Пайымдасақ, бұл да қазір кез келген елде бар өткір мәселе.

Жыл сайын Давоста талқыланатын екінші мәселе – экономикалық өсімдерді жіктеп отыру жайы. Экономикалық өсуге жету үшін әр түрлі бағдарламалар легін жасау жайы жиі талқыланып отырады. Міне, қазір біздің елімізде осы тұрғыда көптеген жайттар жүзеге асырылып жатыр. Халықаралық сарапшылар бұл ретте Қазақстанның ұстанып отырған бағдарламалар легінен үлгі алатын тұстары баршылық екенін айтты.

Мәселен, бізде 2019 жылы ЖІӨ өсімі 4,5% құрады. Бұл өсімнің 85%- дан астамы шикізаттық емес салалар есебінен қамтамасыз етілген. Негізгі драйверлер құрылыс, сауда, көлік саласына берілді. Инфляция жоспарланған 4-6% дәлізде 5,4% деңгейінде тұр. Халықтың нақты табысы 5,5%-ға өсті.

Үкімет қабылдаған шаралар 2019 жылы шамамен 25 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Бұл ретте Үкімет басшысы Асқар Мамин «Шағын және орта бизнес өнімдерін шығару 9%-ға артты. Экономикадағы ШОБ үлесі 29,5%-ға жетті. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 8%-ға өсті» деп атап өтті.

2020 жылдың 1 қаңтарындағы деректерге жүгінсек, жекешелендірудің кешенді жоспары 93%-ға орындалды. 545 млрд. теңге сомаға 504 нысан іске асырылды, 295 нысан қайта құруға және жоюға бағытталған.

«Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру және өңірлерді дамыту 13 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салуға, 4400 км-ден астам құрылыс пен қайта жаңартуды қамтуға және 640 км-ден астам республикалық жолдарды пайдалануға мүмкіндік берді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша 53 ауылда 452 жоба жүзеге асырылды», – деді Асқар Мамин.

«Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бойынша жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бойынша 217 млрд теңге сомасына 920 жоба мақұлданды, банктерде 207 млрд теңге сомасына 300-ден астам жоба қаралуда. Отандық кәсіпорындарға экспортты 230 млрд теңгеге жылжыту бойынша қолдау көрсетілді.

«Бизнестік ортаны жетілдіру» бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде Қазақстан Doing Business рейтингісінде 25-ші орынға (+3 позиция) және жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде 55-ші орынға (+4 позиция) ие болды. Бизнестік ортаны одан әрі жетілдіру аясында заңнамаға түзетулердің сегізінші пакеті әзірленді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстан жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өтті.

«Экономикалық өсім 4,5%-ды құрады. Экономиканың негізгі салаларында өсу динамикасы байқалады. Осы көрсеткіштердің барлығы халықтың өмір сүру деңгейіне оң әсер етуі тиіс. Менің сайлауалды тұғырнамада айтылған негізгі міндеттерді іске асыру қажет. Бұл елдің тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға қуатты серпін береді. Басты мақсат – барлық мүмкіндіктер мен әлеуетті толыққанды пайдалану», – деді ол.

Қазақстан экономикасын бағалауға қатысты «Fitch» халықаралық рейтинг агенттігі жақында Қазақстанның эмитент дефолтының ұзақ мерзімді рейтингін (РДЭ) шетелдік және ұлттық валютадағы "BBB" деңгейінде "тұрақты" болжаммен растады. Елдік өсімнің рейтингі "BBB+" деңгейінде, ал шетелдік және ұлттық валютадағы қысқа мерзімді ЭДР – "F2"деңгейінде расталды.

Агенттік сарапшыларының айтуынша, Қазақстан экономикасы мұнай бағасының төмендеуінен орын алатын күйзеліске біртіндеп бейімделіп келеді. Экономикалық өсу жаңартылады, ал рейтингтерді қолдайтын күшті тәуелсіз баланстың қысқаруы баяулайды.

Қазақстан экспорттайтын мұнай баррелі үшін $35 бағасына негізделген 2020-2022 жылдарға арналған жаңа бюджеттік жоспар қабылдайды. Табысты арттыру бойынша қарқынды жұмыс істейтін болады. Fitch сарапшылары Ұлттық қордың қаражаты 2020 жылдың соңына дейін тапшылықты қаржыландыру үшін шағын шығындалады деп есептейді.

Шетелдік сарапшылардың болжамы бойынша, жаңа өндіруші жобалардың пайдалануға берілуі және жеке тұтынудың өсуі бойынша Қазақстанның жағдайы тұрақтала түседі. Энергетикалық секторға ірі инвестициялар орта мерзімді өсуді қолдайтын болады. Сарапшылардың пікірінше, соңғы екі жылда іске қосылған басқа да мұнай-газ мега жобаларынан басқа бағдарламалар да елдің жағдайын сақтап тұра алады.

Дүниежүзілік индексті бағалайтын сарапшылар алдағы уақытта Қазақстан үшін мына жайттарды ескеру маңызды екенін айтып отыр:

А) жүргізіліп жатқан саясаттағы немесе мұнайдың төмен бағасының ұзақ кезеңдегі кемшіліктері, бұл тәуелсіз сыртқы баланстың одан әрі әлсіреуіне әкеледі;

Ә) банк секторы тарапынан егеменді баланс үшін маңызды шартты міндеттемелерді материалдандыру.

Б) Болашақта мұнай бағасының күрт теріс өзгерістеріне дайын болу, мысалы, бюджет тапшылығын қысқарту есебінен;

В) іскерлік ахуалды және басқару сапасын айтарлықтай жақсартумен және неғұрлым жоғары әртараптандырумен қолдау көрсетілетін экономиканы тұрақты қалпына келтіру.

Міне, осы жайттарды мықтап ескерсе, «Қазақстан экономикасы кез келген дағдарысқа шыдас бере алады» дейді мамандар.

Қарлығаш Зарыққанқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір