• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 00:57:27
Алматы
+12°
Байыт ақынның шаранасы да кеппеген қолжазбасын оқып, аты да қойылмаған рухани баласын әлдилеп отырмын. Қазақтың бір данасы ұшақтың аты, заты жоқ заманда: «Ұшпақ болсаң зымыра!!!» - деген ғажайып сөз айтып кетіпті. Байыттың өлеңінің өрлігіне қарасам Байыт ақын «зымырамай-ақ» кәзіргі жаугер ұшақтар секілді тіке биікке  бірден ұшып кеткен...

Ақыннан айтар бір сөз: «Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» - депті. Бала жасымнан сөзді мүжіп өскен «өткір тісіммен» қанша қажаласам да Байыт ақынның өлеңдерінде не артық, не тыртық жоқ... Өйткені ақын көңіл шындығын, жүрек сырын, орамды ойын нөсер жауындай түп-түгел төгіп, бас аяғын тұп-тұйнақтай етіп түйіндеп тастапты. Былайша айтқанда оған ағадан айтар сөз қалмаған секілді.

Олай болса енді Ислами көзбен қарап, мұсылмани пиғылмен «өрт өлеңдерге» су себелеп көрейік.

«...Қайран да менің қазағым,

Бастар ма Алла оңына?!

Шырмар ма шандыр торына!?.»  Қазағына деген жан жүрегінен шыққан дұға сөзі. Үміт те, күдік те бар. «Мұсылман күдік пен үміттің арасында өмір кешеді» - деген ислами қағида бойынша бұл ақыннан да мұсылмандық рух  айдан анық көрінеді.

Алайда бағзы замандағы Қорқыттан бастап, ілгерідегі «Зар заман ақындары» берідегі Абай, Мағжан, Мұқағали... кешегі керейдің Кәкейіне дейін «ҚАЗАҒЫМ» дейтін дерт көңіл Байыт ақында да қабынып тұр. Жәннатқа жетсе де, Жаһаннамаға түссе де қайран қазағымен бірге қалмақ. Жанкешті сүйіспеншілік әр өлеңінде «мен мұндалайды» Сендіреді, сенесің мүлтіксіз! «Қазақпен қатты ауырып» енді, енді тәуірлене бастаған мен пақыр да еш күмәнсіз сендім.

 

«...Мен қазақпын әлмисақтан қазақ деген атым бар,

Талғамы бар адам болса

тәтті жырды ағызамын таңдайға сап татыңдар.

Қазақ деген ұлы елімнің қуанышын, қайғысын,

Барша әлемге бүтінімен жеткізбесем

ақын болып не қыламын, атыңдар...» Өз отына өртеніп тұрған ақынға өлімнің өзі сүйкімді көрінгендей.. Ол үшін егер қазағының қуаныш, қайғысын жетеріне жеткізе жырлай  алмаса ақындық та ақындық емес, өмір де өмір емес сірә!. Бес қаруын асынып, тұлпар аттың үстінен тура Махамбет айқайлап тұрғандай... Бұл ақынның өзіне қойған үлкен, тым үлкен шарт талабы.  Жаратқан Алла өртті ақынның өр тілегін қабыл қылсын.

 

«...Мен барымда мына дүние керемет боп керілсін,

Кері тарлан өлеңдерім жалын болып

көкіректен төгілсін.

Жырлай жырлай мен кетермін 

жалған сұмның жасырынын паш етіп,

Содан бастап мен өмір сүрген қып-қысқа жылдар

келешек күнге қып-қызыл шоқ боп көрінсін...» Адами сенім, ақыни асқақ та нық үміт… Дәрменді ұлдың дәуіріне ие болған үстем үні.

 

Қайтерсің. Сүйіспеншілігіне таңқала сүйіндім, «көзсіздігіне» кейіп күйіндім...

Иә, Алла Тағала шын ақын пенделерінің осындай екенін біліп Құран кәрімде «Шұғара» (Ақындар) сүресін түсірген екен ғой.

Меккедегі Қағбаға өлеңдері құрметпен ілінетін Арабтың алғыр ақындары алғашқы аяттар түскенде оның шешендігі мен тереңдігіне тәнті болып естілері өз өлеңдерін қайтарып алуы да тегін емес екен.

Байыт ақында да осы мәрт мінез тасыған сүттей асып төгіледі. Дархан далада соққан дауылдай азынап, құйындай ұйтқиды. Қараңыз: 

 

«...Бұл сөзімді естіген соң:

«ҚҰТЫРЫНЫП КЕТТІ БАЙЫТ» десе десін надандар,

Жағдайым жоқ оған менің алаңдар.

Әгерәкім құтырғанда мендей болып дүниені тербесе, 

Құтырынса құтырынсын адамдар...» Болды, пендешіліктің бетіне түкіру де бар, пендешіліктен айығу да... әсіресе рухы асау ақындарға жарасады ей. Бұдан былайғы пенделердің пыш пышы түкке жарамайды, дегісі келгенін дей берсін.

 

«...Тыңда бірақ:

Саған менің бір сөзім бар

айтпақ болған көп уақыт, көп айдан,

Мен ойландым сен де ойшыл адамзатпен тең ойлан.

КӨП ЖЫЛ БОЙЫ САҒАН ЕРІП МЕН АЙЛАНДЫМ

ӨРКӨКІРЕК ДҮНИЕ,

ЖЕТЕР ЕНДІ МАҒАН ЕРІП СЕН АЙЛАН!!!» Сап, сап бауырым! Сабыр... Көк тіреген асқар Алтайдың кеудесінде жаралған саған асақтық жарасады. Білемін, ұраға жығылудан қорықпайсың. Сонда да атыңның тізгінін тарта шап. Сабаңа түс...

 

«...Бәрін айтып қайғымның нағыламын,

Тағдырыма сызылған бағынамын» Әп бәрекелді, шын ақынның жүрегіндегі иманның шоғы бұл. Онсегіз мың ғаламды ғажайып сарай етіп жаратып, жерді Жәннаттың жазирасы болдырған жаратушы Алла адамзатты оның ең сүйкімді қонағы етіп, сезім мен ақыл деген ғажайып қасиетпен қоса сыйлапты. Сол арқылы мәңгі мекенін танысын, Жаратушысына жалбарынып кепілдікпен алдыма келсін деп жарлықтарын жіберіпті.

Бәлки осы шақыруды шын ақындар артығырақ танитын болу керек:

«...Қыздың торғын көйлегіндей

Күздің қоңыр кешінде,

Қоңыр белдің төсінде:

Қол ұстасып үн шығармай күлімдеп,

Көп тұрып ек сақталды ма есіңде...»  Жаңағы дауылдай ұйтқып, борандай бораған Байытты енді танымай қаласың. Сызылған нәзіктік. Көрікті дүние мен пенденің көңіл үйлесімін көркем сөзбен қандай әдемі кестелеген ә! Адамға осындай ғажайып зерде сезімді Жаратқан ием аямай сыйлаған-ау!..

 

«...Жүр аяулым, сен екеуміз сонау алыс тау ішіне барайық,

Барайық та өзімізге өзге көзбен қарайық.

Жанымызды, тәнімізді жапырақпен жабайық,

Таудың ұлы, таудың қызын тау ішінен, тал ішінен табайық...»

 

Мынау өлең сонау АДАМ-АТА, ХАУА-АНАНЫҢ Жәннаттағы кезін суреттеп тұрған жоқ па. Ақын жанының рухындағы иман деген осы.

 

«...Содан кейін жалаң аяқ таңғы шөптің шығын кешкен,

аяқ «саусақтарының»

Арасына қыстырылған су шөптерді ... дірілдеген нәзіктікті көрейін...»

Япыр-ай, таңғы шықты кешкен жалаң аяқ қыздың башбайларының арасына қыстырылған су шөптер де осындай сұлу ма еді.  Кім байқаған, неткен көрегендік деші...

 

Құран Кәрімде: «Мен сендерді топырақтан жараттым, және топыраққа жіберем, қайта топырақтан тірілтіп алып алдыма жинаймын»  деген мағынадағы аяттар бар. Біз пенделер де топырақтан туып, топыраққа кетіп жатқан екі шындықты еріксіз мойындасақ та, қайта топырақтан шығатын үшінші нағыз шындықты ерікті мойындауға еркіміз жетпей жүр ғой...

Байыт ақынның өлеңдерінде басқы екі ақихат көп айтылған, өте көп айтылған. Әнтек үшінші ақихат кем.

Ақындықты қазақтың сарқылмай жалғасқан рухани дариясы десек Байыт ақын да Абай атасы мен Ақыт қажы бабасының «баянсыз дүниеден баз кешіп, бақида алдына баратын жаратушы жалғыз Аллаға» деген махаббатын арнайды дегенге үмітім зор.

Әмин!

 

Ізгі ниетпен мұқтаж халдегі АБАЙ ХАМЗА

 

                                                2013.04.14

                                                Ұланбатыр қаласы.

 

***

 

Көз сұрама көзі соқыр кісіден,

Сөз сұрама сөзі соқыр кісіден.

Сөз аяма сөз қадірін білетін

Талғамы бар үлкеннен де кішіден,

 

Сөз  асылын түсінгендер  - АДАМДАР,

Сөз асылын түсінбеген  -  НАДАНДАР.

АДАМДАРҒА сөз асылын жеткізуге жараңдар,

НАДАНДАРҒА аянышпен қараңдар.

 

- деген талғам ұстанып,

Пендешілік шеңберінен тыс қалып.

Ұшқыр қиял одан әрмен ұшталып.

Көпшілікке көрсетіп бір шебер, епті ұсталық:

 

Дала берген дархан дарын күшімен,

Таңдап талғап тәтті сөздің ішінен,

Талай түйін түйіндедім өткір тілдің үшімен,

Кім шешеді тісімен.

 

2012-09-28

 

  

 

ҚАЗАҒЫМ

 

Мен айдын көл, өзен болсам –

жасыл құрақ

жағам сенсің  Қазағым.

Мен бәйшешек гүлің болсам –

нәрлі байтақ

далам сенсің  Қазағым.

Мен жақсы бір өлең болсам –

айтпақ болған

санам сенсің   Қазағым.

Мен ес білмес сәби болсам - 

панам сенсің,

анам сенсің Қазағым.

 

Сен жайылған қағаз болсаң –

із салатын

қалам менмін  Қазағым.

Сен қайғылы жүрек болсаң –

жылап аққан

зар-ән   менмін  Қазағым.

Сен тастақта табандаған жүйрік болсаң –

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір