• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 19:47:28
Алматы
+12°
Алматыда коронавирустық инфекцияның 137 жағдайы анықталып отыр. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңадан тіркелген 13 жағдайдың байланыс арқылы жұққаны, тағы біреуінің сырттан келгені анықталды. Індет жұқтырғандардың 11 – әйел, 3 – ер азамат.

Бүгінгі күні инфекциялық стационарларда 108 науқас емделіп жатыр (біреуі облыстан), олардың 4-уі бала. Қазір 80 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, 7 адамда – ауыр, 21-інде – орташа, біреуі облыстан. Оның 12-і қалалық стационардың бірінің қызметкерлері. Олардың арасында екі дәрігер және 10 мейірбике бар.

2 ер адамның жағдайы полисегментті пневмонияға ұласқандықтан ауыр деп бағалануда. Қалғандарының барлығында – қанағаттанарлық.

– Өкініштісі, қауіпті індетке шалдыққандардың ішінде тұрғындарға медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың қызметкерлері бар. Тұрғындардың үрейленбеулерін сұраймыз! Аталған санаттағы адамдар карантинге қарамастан, өздерінің кәсіби міндеттерін атқарғанын ескерткіміз келеді. Медқызметкерлер алдыңғы шепте еңбек етіп жүргендіктен, оларда індетті жұқтырып алу қаупі жоғары болады. Олар көмекке мұқтаж кез-келген азаматқа қызмет көрсетіп жүр. Сондықтан індетті де кез-келген адамнан жұқтыруы мүмкін. Тіпті, ауру симптомы жоқ бола тұра, тасымалдаушы болып жүрген адамнан да жұқтыруы ықтимал. Қазіргі уақытта эпидеомологиялық тергеу жұмыстары жүргізілуде.​ Бұл жағдай қалалық Жедел штабтың бақылауында. Инфекцияның таралуына жол бермеу үшін нақты шаралар атқарылуда. Олармен байланыста болған барлық адамдар іздестіріліп, карантинге жатқызылады, – деп атап өтті қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

​Жаңадан анықталғандардың ішіндегі қалған екеуі жергілікті инфекция жұқтырған адаммен байланыста болған. Оның бірі 2000 жылы туылған жас жігіт Куала-Лумпур – Алматы рейсімен ұшып келген екен. Екіншісі 24 жастағы қыз стационарда карантинде жатыр.

Бүгінде мегаполисте қауіпті індеттен 28 науқас емделіп шықса, екеуі қайтыс болды. Қаладағы провизорлық орталықтарда 138 адам бар, оның 9-ы бала. Сонымен қатар, 368 тұрғын оқшауландырылса, үй жағдайындағы карантинде 5334 азамат жатыр.
 
 
 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір