informburo.kz
11 сәуірде аурухананың екі қызметкерінен коронавирус анықталғаны хабарланған. Сол күні барлық қызметкерлерге тест жасалды. Аурухананың гинекология бөлімінің дәрігері Дмитрий Цайдың сөзінше, 182 медқызметкердің анализі оң нәтиже көрсеткен. Дәрігерлерді "Көктем" шипажайы, ІІМ-ның санаторийіндегі провизорлық орталықтарға апарған. Дәрігерлердің бір бөлігі ауруханада қалған.
12 сәуірде Алматы қалалық тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы, қалалық бас санитарлық дәрігер Айзат Молдағасымова жаппай жұқтыру дерегінің бір себебі дәрігерлердің сақтық шараларын сақтамауы екенін айтып, кінәні дәрігерлердің өзіне артқан.
Санитарлық дәрігердің бұл сөздерін №12 Орталық қалалық клиникалық аурухананың медқызметкерлері "негізсіз айыптау" деп, департамент басшысының отставкасын талап етті.
– Санитарлық дәрігер бізді индивидуалдық қорғаныс құралдарын қолданбады, сол үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп айтты. Клиника қызметкерлері бұған толықтай наразы. Біз бұның бәрі өтірік екенін айтып, президентке ұжымдық хат жаздық, – деді Дмитрий Цай.
Гинекология бөлімінің меңгерушісі Гаухар Әміреева мен тағы 33 дәрігер Айзат Молдағасымованы сотқа бермек. Олар "санитарлық дәрігер бізге күйе жақты" деп отыр.
Оның айтуынша, дәрігерлер төтенше жағдай режимі енген сәттен қорғаныс құралдарымен жарақтандырылған. Аурухана директоры қаланың сыртында тұратын қызметкерлерді тегін жатақханамен, ас-сумен, автобуспен қамтамасыз еткен.
Айзат Молдағасымова informburo.kz тілшісіне "вирусты жұқтырғандарыңыз үшін өздеріңіз кінәлісіздер деп ешкім ешкімді айыптаған жоқ. Медиктер үнемі қауіп-қатердің ортасында жүреді. Менің сөздерімді кімнің, не деп бұрмалағанын білмеймін. Мен дәрігерлер мен науқастардың барлығы сақтық шараларын сақтау керектігін айттым" деп пікір білдірген.
Бүгінде тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті індеттің өршу себебін анықтау үшін ауруханада эпидемиологиялық тергеу жүргізуде.
Тест нәтижесі шықпастан дәрігерлер неге ауруханаға жатқызылмақ болды?
Гаухар Әміреева "мұндағылардың бәрі науқастармен байланыста болғандар. Бәрінің анализі теріс нәтиже көрсеткен. Мен бұл әрекетті Айзат Молдағасымованы сотқа беретінімізді айтып, facebook-қа жариялаған жазбаммен байланыстырамын" деді.
Гаухар Әмірееваның нәтижесі теріс шыққанына қарамастан, науқастар жатқан жерге алып кетуге тырысу дерегін Айзат Молдағасымова "Әмірееваның анализ қорытындысын онымен аттас адамның нәтижесімен шатастырып алыппыз" деп түсіндірді.
Оның сөзінше, зертханаға Г.Әміреева деген 2 адамның нәтижесі түскен.
– Оның біреуінде нәтиже оң. Лаборант дұрыс жазбаған шығар, гинекология бөлімінің меңгерушісі Гаухар Әмірееваның нәтижесі теріс. Оны провизорлық орталықтан ешкім алып кетпейді, – деді ол.
Артынша, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев пен денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров Көктем санаторийіне келіп, әріптестері Гаухар Әміреевадан жіберілген қате үшін кешірім сұрады.
Камалжан Надыров санитарлық дәрігердің сөзінде қандай да бір заң бұзушылық анықталса, тиісінше жауапқа тартылатынын айтты.
Аурухана қызметкерлері дәрігерлердің жаппай вирус жұқтыруын науқастарды жатқызуда белгілі бір реттің болмауымен байланыстырады.
Алматыда екі провизорлық стационар бар. Коронавирус күдігіне ілінгендер сол стационарға жатқызылуға тиіс. Алайда медиктердің айтуынша, пневмониямен ауырғандарды №12Орталық қалалық клиникалық ауруханасына, №4, №7 қалалық клиникалық ауруханаларға жеткізген. Осылайша, провизорлық стационарлар карантиндік стационарға айналған.
– Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының пульмонологиялық науқастар мен респитаторлық-вирустық белгілері бар пациенттерді бірге жатқызу туралы бұйрығы баяу әрекет ететін мина іспеттес еді. Біздің талаптарға құлақ асқан ешкім болмады, – деді №12 Орталық қалалық клиникалық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Алмаз Жұбаше facebook парақшасында.
№12 Орталық қалалық клиникалық ауруханасы дәрігерлерді коронавирустан қорғау үшін жеке провизорлық бөлім ашып, Covid-19 анализдерін сол жерде алған.
– Бізге тәулігіне 200-300 науқас жүгінеді. Қаладағы екі клиниканың жабылуына байланысты олардың саны еселеп артты. Әр науқасқа 1-2 адам ере келеді. Әр науқас өзімен бірге вирус әкелген болуы мүмкін. Емдік шаралар барысында науқаспен жақын байланысқа түсуге тура келеді. Жеке қорғаныс құралы мұндайда вирустың жұғуынан 100 пайызға қорғай алмайды. Коронавирус анализінің қорытындысы шыққанша науқасты ғимаратқа кіргізбей тұруға тағы болмайды, – делінген Алмаз Жұбашев жазбасында.
Оның пікірінше, вирус жұқтырғандар арасында хирургия бөлімінің мамандары да бар.
– Зерттеу барысында өткір хирургиялық патологиясы бар науқастардан оң нәтиже анықталған. Клиникалық картина хирургиялық сырқаттардың салдарынан бірден көрінбеген болуы мүмкін. Қызметкерлерге коронавирус осындай науқастардан да жұғуы ықтимал, – деді ол.
Терапия бөлімінің меңгерушісі Гаухар Жәлелова қабылдау бөлімі дәрігерлерінің жүктемесі тым ауыр болғанын айтты.
– Бізге қызуы бар науқастарды Талғардан жеткізіп жатты. Менің терапевтерім қатерге бас тікті. Сондықтан оларға арнап жеке кіретін есік, кабинет, палата әзірленді. Онда Covid-19 күдігі бойынша түскендер қаралды. Тест нәтижесін үш күн тостық. Анализ жасап болғанша баяу жарылатын минаның үстінде отырдық, – дейді бөлім меңгерушісі.
Ал бүгін, 15 сәуірде №12 Орталық қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Алмаз Жұбашевтың өз еркімен қызметінен кеткені белгілі болды.
Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев "бас дәрігер ұйымдастыруда кеткен қателіктерін біліп, өз еркімен қызметтен кеткен болуы мүмкін" деп топшылайды.
Алмаз Жұбашевтың өзі қызметтен кетуіне байланысты пікір білдірген жоқ.
Ал аурухана дәрігерлері бейнеүндеу түсіріп, Алмаз Жұбашевты қайтып әкелуді талап етуде.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір