Көрнекі сурет
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне 1 млрд 134 млн теңге көлемінде үстемеақы берілгенін айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Басқарма басшысы дәрігерлер үстемеақы алмады деген ақпаратты жоққа шығарды.
– Кеше кейбір БАҚ беттерінде COVID-19 коронавирусымен күрес аясында эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеменбегендігі туралы ақпараттар жарияланды. Аталған факт бойынша Мемлекеттік комиссиясының тәуекел санаттары тізіміне кіретін барлық медицина қызметкерлері жұмыс істеген сағаттар үшін толық көлемде төлемдер алатындығын ресми түрде хабарлаймын. Мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша көмек алуға үш тәуекел тобына жатқызылған медицина қызметкерлері құқылы екенін еске саламыз, – деді басқарма басшысы.
Тілеухан Әбілдаев Балалар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы мен Медициналық жедел жәрдем қызметінде орын алған әлеуметтік шиеленіске байланысты бұл бұйрықтың негізгі ережелері туралы, жалақыға қосымша берілетін үстемеақы кімге тиесілі жөнінде және қызметкерлер санаты туралы өзі жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
– Осы бұйрықтың тәуекел тобына кірмеген қызметкерлерге қатысты, олар бойынша медициналық ұйымдардың жалақы қорынан қаржылай қолдау туралы шешім қабылданып жатыр. Бұл материалдық қолдау медицина қызметкерлерінің күшін ынталандыру және қолдау үшін маңызды. Сондай-ақ, төлемдер ҚР Салық кодексіне сәйкес барлық салықтарды ескере отырып, айлық жұмыс балансынан аспайтын нақты жұмыс істеген уақыты үшін жүргізілетіндігін еске салғым келеді, – деді ол.
Қазір Алматыда 3 758 қызметкерге, оның ішінде 498 дәрігерге, 1800 орта медицина қызметкеріне, 624 кіші медицина қызметкеріне және басқа да 836 қызметкерге, оның ішінде медициналық жедел жәрдем қызметінің 822 жүргізушісіне төлем жүргізілді.
Оларға жалпы алғанда 1 млрд 134,8 млн теңге төленген.
Бүгін Медициналық жедел жәрдем қызметінің жұмыскерлеріне төлем жүргізіліп жатыр. Осылайша 100%-ға дейін жеткізілетін болады.
Айта кету керек, Алматыда коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны 234-ке жетті.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір