almaty_akimat
Алматы әкімі Б. Сағынтаев өнеркәсіптік кәсіпорындар мен құрылыс компанияларының басшыларымен 20 сәуірден бастап жұмысты қайта жандандыру мәселелерін талқылады.
Онлайн режимінде болған кездесудің басты мәселесі қызметкерлердің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды коронавирустық инфекцияны жұқтырудан қорғауды қамтамасыз ету болды.
Белгілі болғандай, Президент жанындағы Мемлекеттік комиссияның шешімімен өнеркәсіптік және құрылыс секторлары мен ілеспе қызметтер көрсететін компаниялар кәсіпорындарының қызметін кезең-кезеңмен қайта жаңғырту туралы шешім қабылданды.
– Бұл үдерісті біз 20 сәуірден бастап бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте ең бастысы – қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын қорғау жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді қатаң сақтауды қамтамасыз ету қажет, – деді Бақытжан Сағынтаев, сондай-ақ ол бұзушылықтар анықталған жағдайда кәсіпорындарға елдегі төтенше жағдай аяқталғанға дейін жұмыс істеуге тыйым салынатынын атап өтті.
Алдағы екі-үш күн ішінде әкімдік пен «Атамекен» ҰКП және тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитеті департаментінің өкілдері кірген комиссия кәсіпорындардың дайындығын тексереді. Басты назар жеке қорғаныс құралдарының, санитайзерлермен жабдықталуына, өндірістік және кеңсе үй-жайларын өңдеуге, кіре берістегі қызметкерлердің дене температурасын бақылауға және санитарлық қорғауды қамтамасыз етудің басқа да шараларына аударылатын болады.
Жекелеген салалар бойынша арнайы әзірленген хаттамаларда көрсетілген талаптарға сәйкес келген кезде қызметке рұқсат беретін акт берілетін болады. Тұрақты мониторинг кезінде бұзушылықтар анықталған жағдайда акт кері қайтарылып, қызметі тоқтатылады.
Кәсіпорын басшылары өз пікірлерін айтып, жұмысты жаңа жағдайда бастауға және өз қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екендіктерін білдірді. Олар сондай-ақ әкімдік пен жедел штаб қабылдаған, қатаң санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтай отырып, қаланың экономикалық белсенділігін қалпына келтіруге бағытталған шешімдерді қолдады.
– Ең бастысы – біздің қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы, – деді Өнеркәсіп және құрылыс салаларының басшылары.
Бұған дейін хабарланғандай, Алматыда жұмыспен қамтылғандар саны 728 мың адамға қысқарды. Олардың ішінде 200 мың адам қашықтан жұмыс жасау режиміне көшкен, негізінен қаржы секторында, сондай-ақ білім беру, мемлекеттік басқару, ақпарат және байланыс салаларында жұмыс істейді. Нәтижесінде, 300 мыңға жуық адам уақытша табыссыз қалды.
20 сәуірден бастап өнеркәсіп кәсіпорындарының, құрылыс саласындағы компаниялардың, құрылыс материалдарының көтерме сауда нарығының жұмысын іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ, алдын ала жазылу бойынша нотариустар және Алматының Наурызбай ауданындағы ХҚКО-ның бір кеңсесі тек бизнеске қызмет көрсету үшін жұмыс жасайды.
Осы саладағы кәсіпорындарды іске қосу бір ай ішінде жұмыспен қамтылған халықтың санын қосымша 90 мың адамға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте жұмыс берушілер қатаң санитарлық нормаларды сақтау үшін дербес жауапты болады. Қызметкерлерді COVID-19-дан қорғау жөніндегі іс-шаралардың толық тізімі барлық өнеркәсіптік және құрылыс нысандары үшін әзірленген.
Сонымен қатар, қаладағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, барлық объектілер жұмыс комиссиясы тарапынан қажетті санитарлық талаптарға сәйкестігі тұрғысынан аудиттен кейін ғана кезең-кезеңмен ашылатын болады.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір