Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі коронавирус індетін жұқтырғандар арасында 43 алматылық барын мәлімдеді.
Оның ішінде 26 науқас пневмония және ЖРВИ белгілерімен сырқаттанған жандармен байланыста болған. Тағы 13 адам карантинде болған және медициналық жедел жәрдем қызметінің 4 медицина қызметкері бар.
Кеше Алматыда Cоvid-19-дан 13 науқас жазылып шыққан болатын. Олардың ішінде 2007 жылы туған бір бала бар.
– Емделіп шыққан он адам шетелден келгендер. Оның алтауы Ыстамбұлдан, екеуі Дубайдан, біреуі Минскіден және біреуі Италиядан ұшып келген. Ендігі біреуі балалар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкері болса, біреуі жергілікті вирус жұқтырған науқаспен байланыста болған. Сондай-ақ 2007 жылы туылған қыз да бар, – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Олардың барлығы 14 күндік үй карантиніне жатқызылды. Қазіргі уақытта қала бойынша емделіп, ауруханадан шығарылғандар саны 80-ге жетті.
Қазіргі уақытта инфекциялық стационарларда Алматы облысының бір әйел адамын қосқанда Covid-19-дан 422 науқас ем-дом қабылдауда.
Екі науқастың жағдайы өте ауыр, 5-еуінде – ауыр, 106 адамда – ауырлықтың орташа дәрежесінде, қалғандарының денсаулығы қанағаттанарлық.
Провизорлық госпитальдарда 298 адам жатыр, оның 18-і бала. Карантиндік оқшаулауда – 418, үй карантинінде – 7992 адам бар.
Пікір қалдыру
пікір