• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 04:42:56
Алматы
+35°

Қуыршақ театрының баспасөз қызметі

Қазіргі таңда әлемді алаңдатқан індет халықты қалыпты тұрмысынан бас тартқызып, адамзат ойын шым-шытырыққа адастырып қоғам арасында күмәнді де шүбәлі, күдікті де үрейлі түсініктер қалыптастырып үлгергені белгілі. Сын сағатта жарқын өмірге жаңаша мүмкіндіктерді пайдалана батыл қадамдар басып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй, рухани азық, өшпес рух сыйлап, болашаққа үміт пен сенім ұялатуды мақсат санайтын – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры карантин уақытында көрермендердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру барысында тың идеяларға толы жаңа форматтағы жобаларды онлайн режимде өткізуді кеңінен қолға алып, бірқатар игі жұмыстарды абыроймен атқаруда.

Карантин уақытында көрермендермен түрлі қойылымдар көрсетілімінде қауышу мүмкін емес болғанымен, онлайн кеңістіктің берер мүмкіндіктері зор екендігін ескерген театр ұжымы асыл құндылықтарды дәріптейтін қазыналы қойылымдар легін YouTube желісінде қалтқысыз ұсынуда. Театрдың әлеуметтік желілерінде үздіксіз жарияланымдар қатарындағы «Театр репертуарына саяхат», «Қойнауы қазынаға толы қуыршақ театры» айдарлары арқылы көрермен спектакль мазмұны мен театр тарихына қанығып, онлайн көрсетілімдерге оңай таңдау жасай алады. Көрермендерге үйде отыруды үндейтін ертегілер топтамасы талғаммен таңдалып, ұғымды жеткізудің маңызы артистер арасында қызу талқыға ие.
Көрермендердің сүйікті тұлғасына айналған белгілі сахна саңлақтары жұмбаққа толы қуыршақ театр өнерінің сырлы әлеміне саяхат жасап, тағылымды талғам иелерінің қуыршақ құдіретін танытатын түрлі сұрақтарына жауап беретін онлайн сұхбат арқылы оқырманымен жүздесіп, олардың ыстық ықыласына бөленіп, эфирдің тартымдылығын арттыра түскенін ерекше атап өткен жөн.
Адамгершілік биік ұғымдарды насихаттаушы, рухани тазалыққа үндеуші Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры әрқашан көрермендеріне сапалы қызмет, салмақты қойылымдар, жаңаша мүмкіндіктер ұсынуға әркез дайын. Алдағы уақытта театр ұжымы барша халыққа қолжетімді танымдық, қоғамдық маңызды ірі жобалар қатарын көбейтуді қолға алуда.
Карантин уақытында театрмен бірге жаңа шыңдарды бағындырыңыз, қадірлі оқырман!

Мадина ТӨЛЕ

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Қуыршақ театры

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір