28 Сәуір, 2020 NEWS
Көрнекі сурет
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тауар сүйемелдеу жүйесін құру мәселелері қаралды, деп жазады primeminister.kz.
Қазақстан ұлттық тауар өткізу желісі – көтерме-тарату орталықтары кешенін (КТО) құру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бағаны бақылаудың жаңа деңгейіне өтпек. Осыған ұқсас жүйелер дамыған елдерде сәтті жұмыс істеп тұр, Франция, Испания және басқа да мемлекеттердің тәжірибесі егжей-тегжейлі зерделенді.
Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру жобасы 2022 жылға дейін үш кезеңде іске асырылады және 24-тен аса көтерме-тарату орталығы салынады. Бұл шамамен 4,8 млн тонна агроөнімді сақтауға, өңдеу мен таратуға мүмкіндік береді. Жасалып жатқан инфрақұрылым жиналған жеміс-көкөніс өнімдерінің толық сақталуын қамтамасыз етуге және шығынды азайтуға жол ашады. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді өз өндірісін ұлғайтуға ынталандырады. Бүгінгі таңда жеміс-көкөніс қоймаларының тапшылығы 70%-ды құрайды.
Биыл Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында 5 көтерме-тарату орталығы іске қосылады, бұл қосымша 600 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сақтауға мүмкіндік береді.
Үкімет басшысы барлық өңірлерде дамыған көтерме-тарату орталықтары желісінің болуы маусымаралық кезеңдегі азық-түлік тапшылығы мәселесін де шешетінін, нарықта өнім жеткілікті болса, оның бағасы да өспейтінін атап өтті. Сонымен қатар, нақты құрылған тауарды өткізу желісі қажетсіз делдалдарды шектей отырып, цифрлық технологияларды енгізу арқылы әрбір кезеңде қосылатын бағаны бақылауға жол ашады.
– Көтерме-тарату орталықтарын іске қосқанда бірінші кезеңнің өзінде баға белгілеудің ашықтығы мен жаңа тиімді сауда механизмдерінің арқасында біз аграрлық өнім бағасы 25%-ға дейін төмендейді деп болжап отырмыз, – деді А. Мамин.
Өңірлердің әкімдіктеріне көтерме-тарату орталықтарына жер учаскелерін бөліп, оларға қажетті инфрақұрылымды жүргізу, сондай-ақ жаңа өндірістерді құруға жеке секторды тарту мен кеңейту мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір