Көрнекі сурет
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасы мақұлданды. Осыған орай, танымал қазақстандық саясаттанушы, «Birgemiz» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров пен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Марат Шибұтов Қазақпаратқа Мемлекет басшысының парламенттік оппозиция институты бастамасы жөніндегі пікірлерімен бөлісті.
«Бұл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық сенім кеңесі аясында ұсынған саяси реформалар топтамасының бірі. Бұл топтама ауқымды әрі екіжақты мәнге ие. Біріншіден, оппозицияның деструктивті емес екендігі айтылады. Оппозиция - бұл еліміздің даму мақсаттарына қол жеткізудегі мемлекет серіктесі. Құндылық деңгейінде мұның өте үлкен мәні бар», - деді Ерлан Саиров.
Оның айтуынша, екіншіден, заңнамалық деңгейде оппозициялық қызмет пен парламенттік азшылық қызметіне кепіл бекітіледі.
«Яғни, Парламент ішінде белгілі бір артықшылыққа, сонымен қатар парламенттік азшылық өкілінің нақты бір лауазымды иеленуіне кепілдік беріледі. Бұл әлемдік тәжірибе саналады. Сондықтан Қазақстан бүгінгі күні саяси реформаларды ілгерілетуде демократияның халықаралық стандарттарына сай келеді деп айтуға болады. Қазіргі уақытта біз дәл соған қарай келе жатырмыз», - деді саясаттанушы.
Ал Марат Шибұтов парламенттік оппозиция институты жайында ұзақ уақыттан бері айтылып келе жатқандығын еске салып өтті.
«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында бұл идея жандана түсті. Біз де бұл жайында бастама көтерген едік. Алайда депутат Азат Перуашев бұл заңды әзірлеп шықты. Әрине, бұл құқықтардың мұнан да көп болғанын қалағанымызбен осының өзі де тәуір. Әрбір партия бір комитет басшылығына ие болғанын қалар едім. Бұл жерде бір төраға лауазымы мен комитеттердің 2 хатшылық лауазымы жайында ғана айтылған. Мұның өзі де жап-жақсы. Бір сессияда парламенттік тыңдауға бастамашылық жасау да дұрыс. Бұл Парламенттегі оппозициялық партияның мүмкіндіктерін айтарлықтай арттыра түсер еді. Бұл - демократияға қарай қадам», - деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасы мақұлданды.
Заң жобасының негізгі мақсаты - қолданыстағы заңнамада «парламенттік көпшілік» және «парламенттік оппозиция» ұғымдарын бекіту бойынша құқықтық негіздерді қамтамасыз ету. Мәселен, парламенттік оппозицияға қандай да бір мәселе бойынша өз ұстанымын білдіруге кепілдік беру мақсатында заң жобасында саяси партиялар фракциялары басшыларының Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдаулар мен өзге де іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілдік берілген құқығын бекіту көзделеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір