• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 04:57:04
Алматы
+12°

12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күні. Мереке күні халыққа адал қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың өмірі мен қызметі жайлы сыр шертуді жөн көрдік. Қалада еңбек етіп жатқан мейірбикелер сынды елдің түкпір-түкпірінде халыққа тәулік бойы қызмет етуге аянбай, елдің медицина саласына үлес қосып жүрген мамандар өте көп. Бүгінгі мерекеге орай Strategy2050.kz тілшісі Ақмола облысының  Мақпал ауылында мейірбике болып еңбек етіп жүрген Әлия Ғаббасқызымен әңгімелесті.

Әлия Хасенова табиғаты сұлу кербез Көкшенің баурайындағы шағын ауылда дүниеге келгенін айтады.

– Ақмола облысының Біржан сал ауданына Қарасты Қоғам ауылында 1969 жылы дүниеге келдім. Отбасымдағы сегіз баланың кенжесімін. Анам колхоз кезінде сауыншы болып жұмыс істеген 40 жыл еңбек өтілі бар еңбек ардагері еді. Ал, әкем ауылдық жұмыс комитетінің төрағасы, бригадир, кейін пошта меңгерушісі болды. Осы сынды басқару қызметінде жүріп, кейін денсаулығы сыр бере  бастады. Жүрек ауруы, кейін оған өкпесі қосылды. Сол кездегі балалық арманым дәрігер болып, әкемді емдеп шығару еді. Осы мақсат мейірбике мамандығын таңдауға негіз болды, – деді Ә.Хасенова.

алик.jpg

Ол айтқандай, орта мектепті тәмамдаған соң арманын орындау үшін қалаға оқуға аттанады.

– Көкшетау қаласындағы училищені 1989 жылы тәмамдадым. Ең алғаш жұмыс істеген орным Степняк қаласындағы балалар бөлімшесі болды. Одан кейін Бұланды, Қоғам ауылдарында да жұмыс істеп көрдім. Ал 1995 жылдан бастап тұрмыс құруыма орай Мақпал ауылында мейірбикемін, - деді Әлия Ғаббасқызы.

Мейірбике 31 жыл өмірін осы салаға арнаған. 2018 жылы жоғары санатты дәрежені Көкшетау қаласында қорғап шығады.

– Мейірбике ісінің негізгі мақсаты адам денсаулығын қорғау қажеттігін қанағаттандыруға негізделеді. Сондықтан да ел ішінде адамдарды, отбасыларды, халықты физикалық, психикалық, әлеуметтік потенциалын жүзеге асыруға үйретуге тырысамын. Өйткені мейірбике ісінің негізгі философиясы өмірді, адамның құқығы мен абыройын сыйлау, жеке тұлға ретінде қарастыру болып табылады, - дейді ол.

Мейірбике бір салада ұзақ жылдар бойы қызмет етудің сыры отбасы мүшелерінің қолдау көрсеткенінде деп есептейді.

– Жолдасым екеуміз екі бала тәрбиелеп өсірдік. Ұлым Алмас бен қызым Әсел бой жетті. Қызым бір жыл бұрын тұрмыс құрған. Өзім де әже болуға дайындалып жүрмін. Ұрпағым ешкімнің ала жібін аттамайтын, адал жандар болып қалыптасатынына кәміл сенемін, - дейді ол. 

тат.jpg

Мейірбикенің айтуынша, аяқасты жұмысқа шақырған кездері бір отбасы болып жұмыла әрекет жасайды.

алия.jpg

– Жұмыс кейде қауырт болады. Күн-түн демей жұмысқа шақыртып қалатын кездер де баршылық. Жолдасым шағын мал шаруашылығымен айналысады. Ол үй жануарларын баптаған соң, олардың жағдайын жасаған соң, менің де жұмысыма түсінушілікпен қарайды. Шақыртып қалса, «тездет», «жылдам жет» деп айтып отырады. Ұлым үйде болса, көлігін әзірлеп, сақадай сайланады. Отбасымның қолдауы жақсы, - деді ол.

алм.jpg

 Маманның айтуынша, мейірбике – денсаулық сақтау саласының негізгі қозғалтқыш күші. Ол көп жылдар бойы қажырлы еңбектің қайыры болады деп есептейді.

али.jpg

– Тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің тиімділігі көп жағдайда мейірбике жұмысына тікелей байланысты. Өз ауылымда атқарып жүрген еңбегімді бағалап, 2019 жылы Аудан әкімі алғыс хатпен мараппаттады. 2016 жылы Бас дәрігердің грамотасына ие болғам, - деді Ә.Хасенова.

алк.jpg

Сонымен қатар, мейірбике ТЖ мен карантин кезінде ауылда атқарылған шараларға тоқтап өтті.

– Коронавирус өте қауіпті індет. Ауылдық деңгейде біраз жұмыстар атқарып жатырмыз. Тұрғындарға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. 2-3 адам карантиндік жағдайда үйлерінде отырды. 14 күн бойы сол тұрғындардың денсаулықтарын қадағаладым. Ыстықтарын өлшеп, ешқайда шықпауға жағдай жасап, жәрдемдестік, - деді Ә.Ғаббасқызы.

Мейірбике халыққа қызмет еткен сайын мейірлене түсетінін жеткізді.

Халықаралық деңгейде тойланатын мейірбикелер күнінің тарихына тоқтап өтсек. 1971 жылы Дүниежүзілік Медбикелер Кеңесінің ұйғарымымен бастау алып, содан бері Медбикелер күні деп аталып келе жатқан осы күнді ресми мереке ретінде атап өту бүгінде дәстүрге айналып отыр.

12 мамыр – медбике ісінің негізін салушы, ағылшын медбикесі Флоренс Найтингейлдің туған күні. Флоренс Найтингейл Қырым соғысы кезінде (1853-1856) тұңғыш болып мейірбикелер қызметін ұйымдастырған.

Сондықтан Халықаралық Мейірбикелер кеңесі осы даңқты әйелді мәңгілік есте қалдыру мақсатында 12 мамырды Халықаралық мейірбикелер күні деп қабылдап, сол жылдан бері осы күн денсаулық сақтау саласында ерекше мереке ретінде тойланып келеді.

флор.jpg

Әлемнің 141 елінен мейірбикелер жиналып «Халықаралық Медбикелер Кеңесі» деп аталатын қоғамдық ұйым құрғаннан кейін 12 мамыр - Дүниежүзілік мейрам мәртебесіне ие болды. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін біздің елімізде де 12 мамыр - мейірбикелер күні болып ресми түрде тіркелді.

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір