14 Мамыр, 2020 NEWS
Көрнекі сурет
Covid-19 пандемиясы бүкіл әлемнің жұмыс істеу барысына, бизнес пен тұтынушылардың өзара қарым-қатынасына, тұтынушылардың күнделікті мінез-құлқына айтарлықтай әсер етті. Адамдар басқаша өмір сүре, басқаша сатып ала және тіпті басқаша ойлай бастады. Бұл өзгеріс бизнес иелеріне көптеген қиындықтар туғызуда.
Лос-Анджелестегі My Marketing Auditors консалтингтік фирмасының бас директоры, психолог, Джесси Гарсиа «Коронавирустық пандемия бүкіл әлемде тұтынушылар мінез-құлқын үлкен өзгеріске ұшыратты. Адамдар қорқынышпен өмір сүруде, ал адамдар қорқу кезінде күнкөріс, тірі қалу режиміне көшеді », – деп баға берді [1].
Бұған, өзіңіз әлеуметтік желілерден, телеарналарда көрген Америкадағы дүкендер ішіндегі әжетхана қағаздарына болған таластар мен төбелестер дәлел. Ел арасындағы белең алған белгісіздік кезеңі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтауды талап ететін жағдай кейбір кәсіптердің қызметіне деген сұраныс көлемін төмендеуіне әсер етіп жатыр. Осы өзгерістерден қатты зардап шегіп отырған кәсіптерге мейрамханалар мен дәмханалар, іс-шаралар өткізетін орындар мен сауда дүкендерін жатқызсақ болады. Тамаққа онлайн тапсырыс беру арқылы үйге жеткізу сервисін қолдану тенденциясы қарқынды дамуда.
Жақын арада, мейрамханада тамақтану үрдісі тұтынушылар үшін аса маңызды болмайтыны анықталып отыр [2]. Mckinsey.com сайтында жүргізілген зерттеуге сәйкес, көптеген тұтынушылар азық-түліктен басқа заттарды онлайн сатып алуға көшкен [3].
Әлеуметтік желі, YouTube және фильм көруге арналған сайттар қолданысы карантин режимі аяқталған соң да азаймайтынын зерттеулер айқындайды. Халықтың адам көп жиналатын жерлерден алшақ жүруі де көптеген бизнестердің қайта іске қосылуын бәсеңдетуі мүмкін. Мәселен, кинотеатрлар мен театрлар толық жоғалып кетпесе де, адамдардың мінез-құлқының өзгеруі себепті, сандық медианың қолдануының жоғарлауы, олардың өз үлесінен айырылуына алып келеді [4]. Оған, Netflix, Disney+, Amazon Prime сынды компаниялардың дамуы дәлел [5]. Тағы бір мысал ретінде фитнес орталықтарының азаю мүмкіндігін келтірсе де болады. Осылайша, онлайн жаттығуларға көшкен тұтынушылар арқасында, Pelaton атты компания өзінің велосипедтері мен онлайн стримингпен фитнес сабақтарын сату арқылы 6 млрд доллар пайдаға ие болған. Ал бұл өз кезегінде фитнес орталықтарына деген сұранысты төмендететіні анық [4]. Осындай посткарантиндік тенденцияларды ескере келе, компаниялар таргет аудиториясына YouTube немесе басқа да әлеуметтік арналар арқылы қол жеткізудің жаңа тәсілдерін қарастыруы керек [2].
COVID-19 пандемиясы әлем халқын қалай өзгертті?
COVID-19 пандемиясы әлем тұтынушыларының мінез-құлқына әртүрлі әсер етіп жатыр.
Mckinsey.com порталының әлем бойынша тұтынушылық мінез-құлық өзгерісіне жүргізген зерттеуіне сүйенер болсақ, дүние жүзінде тұтынушылар тамақ, тұрмыстық керек-жарақтар, сондай-ақ үйдегі ойын-сауық заттарына сұранысы күрт артқан. Тұтыну тауарларын өндірушілердің пікірінше, карантин кезінде тұтынушылар үй тазалап, тамақ пісіріп, өз уақыттарын үй шаруашалығына көбірек арнай бастаған. Сонымен бірге, тұтынушылардың дене күтімі және макияж жасау секілді күтімдерге аз уақыт пен қаражат жұмсайтынын анықтаған [6]. Мұндай мәліметтерді химиялық, косметикалық өнімдер шығарушы L’Oréal, Unilever, P&G секілді алпауыттар жариялап отыр.
Unilever компаниясының қаржылық директоры Грэм Питкетлидің айтуынша, адамдар шампунь және дезодорант сияқты жеке күтім құралдарын аз қолдануда. Жалпылама есептеулер бойынша, бұл күтім құралдарын аптасына пайдалану жағдайлары қазір 11 есеге азайған. BCG ұйымының тұтынушылық әдеттердің өзгеруі туралы сауалнамасының нәтижесіне сүйенсек, АҚШ-та азаматтардың үштен бір бөлігі күнделікті тауарға ақшаны аз жұмсап, ақшаны үнемдеп жинақтауға көшкен. Азаматтардың қаражатын жинақтау көрсеткіші 29%-ға және денсаулықты жақсарту профилактикасы 23%-ға артыпты. Сонымен қатар, BCG консалтингтік компаниясы темекі тауарларын қолдану 33%-ға, люкстік (мода) тауарлар 27%-ға, саяхаттау 26%-ға және азарт ойындары 26%-ға қысқаратынын мәлімдеді.
2020 жылдың ақпан айында жарияланған вирустың Қытай тұтынушыларына әсері туралы сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 60%-ы дерлік эпидемиядан кейін емделуге көбірек ақша жұмсауға ниетті екенін мәлімдеген. Сауалнамаға қатысқандардың 38,5%-ы спорттық тауарларды сатып алуды жоспарласа, ал тек 32%-ы тамаққа көбірек ақша жұмсауға ниетті екенін айтты [7]. Яғни, бұл қытайлықтардың денсаулыққа пайдалы, иммунитетті нығайтатын дүниелерге көбірек ақша жаратуға дайын екенін көрсетеді. Солтүстіктегі көршіміз Ресейде жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес, ресейліктердің 61%-ы COVID-19 пандемиясы әсерінен өз жоспарларын өзгертуге мәжбүр болған. Әрбір үшінші азамат мәдени іс-шараларға (спектакльдер, көрмелер, концерттер) баруды тоқтатты. Респонденттердің 27%-ы шетелге болашақ сапарларды жоспарлауды кейінге қалдырды, 18%-ы басқа елдерде жоспарланған демалыстан бас тартты. Ресей азаматтарының 52%-ы коронавирус тақырыбындағы өзекті жаңалықтарды қадағаласа, 49%-ы қоғамдық орындарға баруды шектеген. Ал 36%-ы антисептиктерді пайдалана бастады [8].
Карантиннен кейін қайда қыдырамыз?
Бұл жасалған зерттеулердің барлығы посткарантиндік кезеңде тұтынушылардың мінез-құлқының өзгеріске ұшырағанын дәлелдеп отыр. Осы орайда, Rysqulov Analytics зерттеу орталығы Қазақстан азаматтарының мінез-құлқы қалай өзгергенін анықтау үшін сауалнама жүргізген болатын. Сауалнамаға еліміздің әр түкпірінен 1105 адам қатысқан. Әлеуметтік зерттеуге сәйкес, сауалнамаға жауап берген азаматтардың 71,5%-ы карантиннен кейінгі уақытта тамақтану орындары секілді жерлерге бармайтынын немесе барғысы келсе де, қорқатынын хабарлаған.
«Карантиннен кейінгі алғашқы айда адам көп жиналатын орындарға барасыз ба (кафе, парктер, ойын-сауық орталығы, т.б.)?» деген сұрақққа 38,9% респонденттер «бармаймын» деп жауап берсе, 32,6% респонденттер «барғым келеді, бірақ қорқамын» деп жауап берген.
Бұл нәтиженің өзінен тұрғындардың тұтынушылық мінез-құлқындағы өзгерістерді байқауға болады.
Сауалнаманың тағы бір өзекті яғни «Карантиннен кейін қайда демалуды жоспарлап отырсыз?» деген сұрағына респонденттердің 73,2%-ы ешқайда бармаймын деп жауап берсе, 22,7%-ы Қазақстанның ішінде демалатынын, ал 4,1%-ы шетелге баратынын айтқан болатын.
Бұл сандардың өзі COVID-19 пандемиясы ҚР азаматтарының жазғы демалыс жоспарларының өзгеріске ұшырауына әсер еткенін аңғартады.
Қазақ биыл той жасай ма?
Әрине, карантин режимі қазақстандықтардың тұтынушылық мінез-құлқына әсер еткені және болашақта да әсер ететіні сөзсіз. Алайда бұл халықтың саналы түрде вирустан қорғануы үшін өмір сүру салтын бірден 180 градусқа ауыстырады дегенді білдірмейді. Сонымен қатар, жергілікті БАҚ өкілдеріне сенетін болсақ, кей азаматтардың әлі де болса шектеулерді елемей, төтенше жағдай аяқталған күні маскаларын тастап, қоғамдық орындарда серуендеушілердің көбеюі [9], блок посттарға ағылған халықтың қарасын көріп [10] – халық өзінің бұрынғы өміріне қайтқысы келетінін байқауға болады. Алайда 11 мамырдан бастап Қазақстан бойынша төтенше жағдай алынып тасталғанымен, карантиндік режимнің жалғасуы мемлекетте әлі де той-жиындарды ұйымдастыруға рұқсат берілмеді. Еліміздің бас санитар дәрігерінің айтқанына сүйенсек, рұқсатты індеттің деңгейі 2%-дан төмен болғанда және еліміздің ішіндегі азаматтардың арасында ауру тіркелмеген жағдайда беріледі [11]. Демек, тойқұмар халқымыз жақын арада дәл бұрынғы өмір сүру салтына оралады деуге әлі ерте. Десе де, коронавирустық пандемияның әсерінен болған әлемдегі тұтынушылардың мінез-құлқындағы өзгеріс тенденциясы Қазақстан халқын айналып өтпейтіні рас. Бұл мәселе терең маркетингтік зерттеуді талап етеді.
Бизнесті өрбітем десеңіз..
Ал, Қазақстандағы кәсіпкерлерге тұтынушылардың қажеттіліктеріндегі өзгерістерді жіті қадағалағаны абзал.
Бизнестің посткарантиндік кезеңде табысты болуына компаниялардың тұтынушыларының талғамдары мен мінез-құлқындағы өзгерістерге тезірек бейімделуі оң әсер етеді. Қытай тілінен аударғанда дағдарыс деген сөздің екі мағынасы бар. Біріншісі қауіп, ал екіншісі мүмкіндік. Еліміздегі бизнес өкілдері екінші мағынаны тереңірек ұғынғаны дұрыс.
Қазіргі күні әлемнің ірі компаниялары өздерінің бизнес моделдерін қайта зерделеуде. Тұтынушыларының өзгеріске ұшыраған талғамдары мен қажеттіліктеріне жылдам бейімделе алған компаниялар нарықта бәсекелік артықшылыққа ие болады. Мысалы, 2002-2003 жылдары Қытайдың бірнеше қалаларында атипиялық пневмония эпидемиясынан сақтану мақсатында карантин енгізілген болатын. Сол уақыттары тек бизнеске ғана қызмет көрсетіп жүрген (B2B) Alibaba интернет дүкені, халықтың онлайн саудаға мұқтаждығын дереу сезініп, тұтынушыларға бағытталған (C2C) Taobao интернет дүкенін ашты [12].
Қазақстанда посткарантиндік кезеңде біраз қызметкерлер офиске бармай үйден жұмыс істеуді үйренді.
Сәйкесінше, карантин біткеннен кейін үйден істеуге болатын жұмыстарды офисте істеудің еш қисыны болмайды. Өйткені офиске қайтып келу офисті жалдау, коммуналдық төлемдер секілді компанияның шығындарын арттырады. Мейрамхана бизнесінің өкілдері өздерінің тұтынушыларын сақтап қалу үшін контактсыз жеткізу әдісін де ескерген жөн. Қорытындылай келе, бәсекеге қабілетті болуға ұмтылған әрбір компания өзгерген тұтынушы мінез-құлқына бейімделіп, өз бизнес моделдерін өзгертуді ойластыруы керек.
Rysqulov Analytics зерттеу орталығы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір