15 Мамыр, 2020 Әлеумет
Көрнекі сурет
Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда қабылдаған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасындағы вакцина туралы тұстар Қазақстан қоғамында қызу талқылануда. Қамшы тілшісі мәселе бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Кодекс жобасында не делінген?
Кодексте 717 түзету бар. Соның екеуі қоғамда түрлі реакция тудырған. Атап айтқанда, жобада әу баста Қазақстанның барлық азаматын вакцина салдыруға міндеттеу, вакцина салынбаған балаларды балабақшаға қабылдамау көзделген. Алайда бұл талаптар жұмсартылып, «міндеттеу» сөзі, «құқылы» сөзіне ауыстырылды.
Кодекстің жаңа редакциясы бойынша, вакцинация – мәжбүрлі емес! Оның ерікті және міндетті түрі болады.
Ал балабақшаларға қатысты «ұжымдық иммунитет» түсінігі енгізілді. Түзетуге сәйкес, вакцина егілмеген бала мектепке дейінгі ұйымға ол жердегі ұжымдық иммунитет деңгейіне байланысты қабылданады.
Яғни топта екпе алған балалар жалпы балалардың басым көпшілігін құраса (94 пайыз), онда вакцина салдырмаған бала балабақшаға қабылданады.
Екпенің қай түрі міндетті, қай түрі ерікті түрде жасалады?
Үкімет қаулысының жобасына сай, міндетті екпелерге төмендегілер жатады:
- «А» вирусты гепатиті (В15);
- «В» вирусты гепатиті (В16);
- b типті (В96.3) гемофильдік инфекция;
- дифтерия (А36);
- жатыр мойнының қатерлі ісіктері (С53);
- көкжөтел (А37);
- қызылша (В05);
- қызамық (В06);
- құтырма
- пневмококк инфекциясы (В95.3);
- полиомиелит (А80);
- сіреспе (А33-А35);
- туберкулез (А15-А19);
- эпидемиялық паротит (В26)
Эпидемиологиялық және клиникалық белгілер бойынша ұсынылатын екпе түрлері:
- құтыру (А82);
- іш сүзегі (А01. 0);
- тұмау (J10-J11);
- кене вирустық энцефалиті (А 84);
- сібір жарасы (А22);
- туляремия (А21);
- оба (А20).
Сондай-ақ инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал асқынған жағдайда ұсынылған екпелерлі салу міндеттеледі.
Жобада екпеден бас тартқан ата-аналарды жауапқа тарту қарастырылмаған.
Сондай-ақ екпе жасалмастан бұрын, екпе алатын адам тексеріледі, профилактикалық екпе туралы ескертіледі. Екпеден бас тартқан жағдайда оның теріс салдары болуы мүмкін екені түсіндіріледі. Профилактикалық екпе теріс көрсеткіші жоқ тұлғаларға ғана жасалмақ.
Бекболат Тілеухан екпеге қарсы ма?
Депутат Бекболат Тілеухан жоба талқыға түскелі бері міндетті екпеге қарсы. Ол мәжілісте кодекс жобасын дауысқа салу сәтінде қарсы дауыс берген жалғыз депутат.
Тілеуханның сөзінше, ол вакцинацияға емес, оны міндеттеуге қарсы. «Бұл азаматтардың құқығына қол сұғу» деген ол ұстанымынан тайқымайтынын айтқан.
– Жұмсақ күш, иландыру, көндірудің орнына бас-көз жоқ заңға қондырып міндеттеу, тізеге салудың қандай реті бар, Елжан Амантайұлы (денсаулық сақтау министрі – ред). Бұл конституциядағы «Әр адам өзінің денсаулығын қорғауға құқығы бар, бірақ оны міндеттей алмаймыз» деген 28-бапқа қарсы емес пе, бас прокуратура? Осыны түсіндіріңіздерші, – деді депутат мәжілісте.
Депутатқа жауап берген денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов вакцинацияны міндетті енгізу инфекциялық аурулардың алдын алуға, азаматтардың денсаулығын сақтауға бағытталғанын айтты.
Оның сөзінше, ата-аналар балаларына екпе салдырмауының салдарынан бұрын ұмыт болған ауру түрлері қайта шыға бастаған.
Бұл сол науқастардан бөлек, өзге сырқатқа шалдыққан балаларға да әсер етіп, өлімге душар етіп жатыр. «Сондықтан үкіметтің міндеті азаматтардың денсаулығын сақтау болғандықтан кейбір вакциналар міндеттеліп отыр» деді ол.
Бас прокурор Марат Ахметжанов азаматтарды вакцинацияға міндеттеу конституцияға қайшы емес екенін мәлім етті.
– Біздің конституция жалпы және арнайы дейтін 2 баптан тұрады. Жалпы бөлім, арнайы бөлімнен бір саты жоғары тұрады. Конституцияда адам, оның өмірі мен денсаулығы басты құндылық ретінде белгіленген. 39-бап бойынша адамның өміріне, денсаулығына қауіп төнсе, басқа заңмен оның білім алуын, еңбек етуін шектеуге мүмкіндік бар. Сондықтан азаматтарды вакцинацияға міндеттеу нормасы конституцияға қайшы емес, – деді бас прокурор.
Депутат Бекболат Тілеухан осыған дейін жұмыс тобының отырысында вакцинацияның артында үлкен ақша тұрғанын айтқан.
Ол ақшаны ақтау үшін мына жерде сіздер (міндетті вакцинацияны жақтаушы депутат, дәрігерлер – ред.) актер болып отырсыздар» деген.
Сондай-ақ ол сапасыз екпелердің салдарынан мыңдаған баланың жарымжан болып қалғанын тілге тиек еткен. Соңында депутат саясат ойнағандар шаршатқанын, өз позициясында қалатынын айтып, оны өзгерту үшін араға адам салып, үгіттеуге тырыспауға шақырған.
Екпенің сапасыз екені рас па?
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «вакцинаның сапасыздығы, оны сатып алу кезінде міндеттемелердің дұрыс орындалмайтыны, дұрыс тасымалданбайтыны, екпені қабылдағаннан кейінгі болатын бала денсаулығындағы мәселелер жайындағы әңгіме – қоғамдық сананы ашық түрде манипуляциялау» деп санайды.
Министр мәліметінше, 2019 жылы 4 млн 841 мың 334 екпе жасалған. Оның ішінде 143 адамда ғана екпеден кейін температураның көтерілуі, терінің қызаруы секілді жайсыздық сезілген. Вакцинадан 2019 жылы елде бірде-бір адам көз жұмбаған. Екпеден бас тартқан 6003 дерек кездескен.
Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың айтуынша, вакцинацияның арқасында соңғы 20 жылда қызылшаның таралуы 3 мың есеге, паротит (шошқа мойын) 140 есеге, В гепатиті 40 есеге төмендеген.
Ал екпеден бас тартудың салдарынан соңғы жылдары көкжөтел дерегі 2 есеге, А гепатиті 1,6 есеге артқан.
Бас санитарлық дәрігердің сөзінше, 2017 жылы екпеден бас тарту дерегі 24 пайызға жеткен. Бұл қарқын сақталса, 2030 жылға қарай тұрғындарды екпемен қамту 80 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл дифтерия, полиомиелит, қызылша мен қызамық індеттерінің таралуына соқтырады.
«Біртановтың айтқаны жалған»
Міндетті вакцинацияға қарсы онлайн петиция авторы Марина Шаймаханова өзінің сәбиі екпе салдырғаннан кейін қайтыс болды деп санайды. Оның сөзінше нәрестесі қызылша мен қызамыққа қарсы үндістандық екпе алғаннан кейін көз жұмған. Сәбиге қойылған ресми диагноз – жүрек талмасы.
Марина Шаймаханованың сөзінше, сәби өлімі туралы қағазды алуға медицина мекемелері барынша кедергі келтірген. Ал тауарлар мен медицина қызметтерінің сапасын бақылайтын комитет нәресте өлімі екпеден емес деп мәлімдеген.
Оның айтуынша, министр Біртановтың соңғы 5-10 жылдықта екпеден өлімге соқтырған бірде-бір жағдай тіркелмеді дегені жалған. «Объективті тергеу жүргізуге тиіс мекемелер министрлікке бағынышты» дейді ол.
Марина Шаймаханова бастаған міндетті вакцинацияға қарсы онлайн петицияға бүгінде 170 мыңға жуық қол қойылған.
«Вакциянацияға қарсы петицияда 5 манипулятивтік, 6 жалған пікір бар»
Factcheck.kz сайты міндетті вакцинацияға қарсы онлайн петиция авторының келтірген уәжіне фактчек жасап, ол жерде 5 манипулятивтік, 6 жалған пікір бар екенін, конспирологиялық теориялар, фейктер, сәтсіз деректер қолданылғанын анықтады.
Сайт журналисі төмендегідей манипуляциялар мен фейктерді анықтаған:
- Бірде-бір вакцина абсолютті қауіпсіз емес – манипуляция;
- Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі іс жүзінде кез келген вакцина бойынша екпе алған бала бір ай ішінде қайтыс болуы мүмкін екенін мойындады – жалған;
- Кенияда әйелдерді жаппай стерилдеу сіреспеге қарсы вакцина үшін жасалған – жалған;
- VAERS дерегіне сай, 2006-2019 жылдары АҚШ-та адам папиллома вирусына қарсы екпеден кейін 3000 адам мүгедек болып, 480 адам қайтыс болды, 300 адамнан жатыр мойны дисплазиясы, 400 адамнан жатыр мойны обыры анықталған – жалған;
- Ұжымдық иммунитет түсінігінің сіреспе, дифтерияға қатысты мәні жоқ. Дифтерияға жағдайында сырқаттың белгілері ашық көрінбей, басқаларға жұға беруі мүмкін – Манипуляция, жалған;
- Екпе алмағандар мектепте В гепатитін жұқтыру тұрғысынан қауіп төндірмейді. В гепатиті негізінен жыныстық жолмен, қан арқылы, медициналық процедуралар кезінде стерилденбеген медициналық құралдардан жұғады – манипуляция;
- Полиомиелит (жұлын қабынуы) 1996 жылдан бері елде тіркелмеген – манипуляция;
- Балалар сырқатынан (қызылша, қызамық, паротит, көкжөтел) соң өмірлік иммунитет қалыптасады – манипуляция;
- Туберкулезге қарсы вакцина туберкулезге шалдығудан қорғай алмайды – жалған;
- Кез келген вакцинацияның адъювант есебінен улағыш әсерін болады – жалған.
Діни консерватизм
Қазақстан қоғамында вакцинацияға қарсылық соңғы он жылдан бері байқалып отыр. 2019 жылғы дерекке сай, вакцинацияға қарсы ата-аналардың 40%-ы жеке себептерді атаса, 35%-ына діни фактор әсер еткен. 6%-ы вакцинаға сенбейді. Діни көзқарастағылар көбіне бастарту себебін айтпауға тырысқан. Олар 40 пайыздан да көп болуы мүмкін. Қарсылық танытушылардың дені дәстүрлі емес ағымдағылар.
Бұл мәселе туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен дін қызметкерлері әлденеше рет пікір білдірген. Барлығының айтары бір – Ислам діні екпеге тыйым салмайды.
ҚМДБ тарапынан жарияланған сондай түсініктердің бірінде «Мысырдағы әл-Азһар Ислам университеті жанындағы ғұламалар кеңесі, Ислам Конференциясы Ұйымына қарасты Ислам фиқһ кеңесі ғұламалары, Марокко мен Сауд Арабиясы карольдігінің ғалымдар кеңесі түрлі жұқпалы аурулардан сақтану үшін вакцинациялық екпеге жүгінуге болады деп пәтуа шығарған» делінген.
Дін мамандары «вакциналық екпенің құрамында шариғат бойынша харам деп есептелетін спирт, доңыз және басқа да еті желінбейтін жануардың еті, майы, қаны және т.б. заттар болмауға тиіс» деген пікірде.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір